©2020 Астана Ақшамы
ЕЛОРДАНЫҢ КӨРКІ – ТАЗАЛЫҒЫНДА
Астанадағы коммуналдық қызметтер 23 сәуірге белгіленген жалпықалалық сенбілікке дайындалу үстінде.
Қазіргі кезде аудандарда ағаштар мен көшеттер отырғызатын орындар әзірленіп, гүлзарларды, көшелер мен гүлбақтарды тазалау, топырақ пен құм шығару жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қаланы санитарлық тазарту және жерлерді гүл отырғызуға даярлау қолға алынды.
– Сенбілік барысында 2200-ге жуық ірі ағаш, соның ішінде, қарағай, шырша, қайың егіледі. Бұдан басқа, үш ауданда терек, тал, мойыл, шегіршін, шетен және долананың 13900 көшеті отырғызылады, – деді «Астана Көгалдандыру» АҚ төрағасының орынбасары Бибігүл Бектемісова.
Елордадағы «Арай» саябағында, Орынбор, Ақыртас, Ғабдуллин, Уәлиханов көшелерінде, Тілендиев даңғылында жаппай ағаш отырғызылады. Көгалдандыру нысандарына инерттік материалдар, яғни, құнарлы жер, топырақ, қара топырақ қажетті мөлшерде әкелінеді.
Биыл қаланы жинау мен көгалдандыру жұмыстарында шағын механикаландырылған машиналар пайдаланылатын болады. Оның басты басымдықтарының бірі – ықшамдылық пен салмағының жеңіл болуында. Бұл кеспе тастар мен жолдың жиектерін байқап тазалауға мүмкіндік береді.
Айта кетерлігі, осы жылы бір жылдық гүлдердің орнына көп жылдық гүлдерді отырғызу көзделген. Жалпы ауданы 7 мың шаршы метрді құрайтын жерге 25 мың түп француз раушангүлі егіледі. Ал Астана бойынша биыл 162288 шаршы метрлік жерге гүл өсіріледі.
Айтпақшы, жалпықалалық сенбілік басталардан бір апта бұрын елордадағы ғимараттар мен қоршаулардың сыртына тұрғындарды тазалық пен тәртіпке шақыратын символдар ілінеді. Қызыл және жасыл түсті «смайлдардың» өз ерекшеліктері бар. Мәселен, сауда нүктелері немесе мекеме қасбеті лас болса, ол жерге «Мені тазалашы!» деген мәтін жазылған қызыл «смайл» орнатылады. Ал сенбілікке қатысушылардың киіміне, құрал-жабдықтарға, арнайы техникаға #SmileofAstana деген хэштег жазылған қызыл белгі жапсырылады.
Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, жекеменшік және мемлекеттік кәсіпорындардың жұмысшылары, танымал әртістер, музыканттар және спортшылар да атсалысады.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ