ЕЛОРДАНЫҢ ЕРТЕҢІ: ЕКІ МИЛЛИОН ТҰРҒЫН

0 72

Астанада үш ай бойы дүрілдеген «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі елорда экономикасына оң ықпалын тигізді. Кеше қалалық мәслихаттың кезекті сессиясына қатысып, бас қаланың сегіз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы туралы есеп берген Астана әкімі Әсет Исекешев мұны өз сөзінде атап өтті. Бұған қоса, қала басшысы маңызды салалардағы ағымдағы жұмыстар, елорданы дамытудың алдағы жоспарлары жөнінде мәлімдеді.

– Биыл елорда үшін ерекше жыл болды. Әсіресе, жақында аяқталған «ЭКСПО-2017» көрмесін тарихи оқиға деуге болады. Елбасымыз
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «ЭКСПО» үлкен табыспен аяқталғанын айтты. Көрменің құрылысынан бастап аяқталғанына дейін 1400-ден астам кәсіпорын қала жұртшылығы мен Астана қонақтарына қызмет көрсетті.
«ЭКСПО-ның» арқасында Астанадағы қызмет көрсету саласы жаңа деңгейге көтерілді. Туристік сектор жандана түсіп, жаңа нысандар салынды, қаланың инфрақұрылымы дамыды. Мысалы, 11 көше ашылып, 44 шақырым жол жөнделді. 50 шақырым жылу жүйесі, 25,5 мың шақырым электр желілері тартылды. Үш энергия нысаны іске қосылды, – деді Астана әкімі.
Қала басшысы индустрияландыру, құрылыс, шағын және орта бизнесті дамыту салаларында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалғанын айтып, соны нақты мысалдармен әдіптеді. Мәселен, өнеркәсіптегі өндіріс 7,5 пайызға артып, оның көлемі 336,6 млрд теңгеге жетті. Бұған, негізінен, Индустрияландыру картасына енген жобалар мен машина жасау және металлургия салалары жақсы әсерін тигізді. Бұған қоса, негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 1,5 пайызға артып, 505,1 млрд теңгені құрады.
– Биыл Индустриалды парк аумағында 9 жаңа жоба іске қосылады. Олардың үшеуі жұмыс істеп жатыр, ал қалған алтауы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Негізгі екпінді жеке және шетелдік инвесторларды тартуға қойып отырмыз. Бүгінгі таңда инвестиция көлемі 3 млрд долларды құрайтын 60 жоба бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Олардың 26-сы – шетелдік инвесторлар мен Жапония, АҚШ, Түркия, Еуропа елдеріндегі трансұлттық корпорациялар. Бұл жобалар тек өнеркәсіпті ғана емес, девелопмент, білім беру, денсаулық сақтау және ақпараттық технологиялар салаларын қамтиды, – деді Әсет Исекешев.

Құрылыс саласына тоқтал­ған Астана әкімі 8 айда қалада 1 мил­лион 862 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 18 мыңға жуық пәтер пайдала­нуға берілгенін, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға артық екенін жеткізді. Оның сөзінше, жыл аяғына дейін тағы 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй тапсырылмақ. Мұның 90 пайызы жеке инвестициялар есебінен, қаланың инфрақұрылымдық қолдауымен салынбақ.
Ал «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында биыл 137 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Жалпы ауданы 240 мың шаршы метрді құрайтын 10 көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы жалғасуда, жыл аяғына дейін 1265 пәтер тапсырылады. Негізінен, әкімдік алдағы үш жылда жылына 2 млн шаршы метрден кем емес тұрғын үйді пайдалануға беру межесін қойып отыр.
– Астанада ескірген және апатты тұрғын үйлерді сүру бойынша ТМД-дағы қанат­қақты жобаның бірінші кезеңі аяқталып келеді. Қазірге дейін 228 ескірген көп пәтерлі тұрғын үй сүріліп, оның орнына жеті жарым мыңнан астам пәтер салынды. Келесі жылдың қаңтарында екінші кезең басталып, 150 көп пәтерлі ескірген үй сүріліп, жалпы ауданы 600 мың шаршы метрді алатын 8500
пәтер пайдалануға беріледі, – деді қала басшысы.
Астана әкімінің айтуынша, кәсіпкерлік салада да едәуір өсім бар. Бұған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы оң әсерін тигізді. Мәселен, жыл басынан бері бұл бағдарлама аясында 15 млрд теңгеге жуық сомаға 110 жоба мақұлданды. Кәсіпкерліктің динамикалық дамуы бюджетке салық түсімін де ұлғайтып, бюджет 210 млрд-қа жуық теңгеге толықты. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесте өндірілген өнім көлемі 55,8 пайызға өсіп, 800 млрд-қа жуық теңгеге көбейді.
Инфрақұрылымды дамыту туралы айтқан Әсет Исекешев барлық жұмыстар жоспар бойынша атқарылып отыр­ғанын жеткізді. Оған 4-інші қосылымдағы жылу магис­тралі, су құбыры, тазартқыш құрылғылар, нөсер суларын жинайтын кәріз, т.б. желілер кіреді.
– Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін қала әкімдігі Азия даму банкімен «Астана қаласының су ресурстарын интеграциялық басқару» жобасының мастер-жоспарын әзірлеу бойынша келісімге келді. Оған халықаралық сарапшылар
тартылып, елорданы сумен қамту, суды үнемдеу, тазарт­қыш құрылғылары және суды үнемдеу технологиясы мәселелерін қарайды. Шығарған қорытындыға сәйкес, интеграциялық негіздегі сумен қамту бағдарламасын ұсынамыз, – деді Астана әкімі.
Қала құрылысының өсу қар­қынымен бірге жол инфра­құрылымына үлкен салмақ түскені жасырын емес. Әсет Исекешев бұл мәселені шешу үшін қолға алынған жұмыстармен таныстырды. Оның сөзінше, «Кіші айналма жол» жобасы бойынша алдағы қазан айының аяғына дейін Сарайшық көшесіндегі Тұран даңғылы-Ш.Бейсекова көшесі аралығындағы жол мен Абылай хан даңғылы-
Р.Қошқарбаев көшесі қиылысындағы жол айрығы ашылады.
«Қаланың шеткері аймақтарын дамыту» тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде биыл асфальт төселмеген 54 жол бойынша жұмыс аяқталып, бұл аумақтар жарықтандырылады. Келесі жылы да осыдан кем емес көлемде жұмыстар атқарылып, 3-4 жылда мәселені шешу жоспарланып отыр.

Былтыр Астана халқының саны 1 миллион адамға жетті. Астана әкімі оның сырын түсіндіріп берді. Қала басшысының сөзінше, оған дейін халық елордада тіркеуге тұруға асықпаған. Үкімет бекіткен тіркеу моделі нақты санды анықтауға мүмкіндік беретін болып отыр.
– Қазіргі таңда Астанада тұрақты тіркеуде 1 млн 010 мың адам тұр. 205 мың адам уа­қытша тіркелді. Қалада тұрақ­ты тұрып жатқан адам­дар­дың саны кем дегенде 1 млн 100 мың-1 млн 150 мың адам деп айтуға болады. Бұл жағ­дай мек­тептерге, ауруханаларға, қоғам­дық көлікке, тағы басқа салаларға үлкен салмақ түсіруде. Сондықтан Елбасының тапсырмасына сәйкес Лондон, Дубай, Абу-Даби, Сингапур секілді әлемнің жетекші қалаларында қолданылатын мастер-жоспарды қолданысқа енгізудеміз. Осы жоспарды қолға алған ТМД-дағы алғашқы елміз. Бұл жоспарда халықаралық стандарттар ескеріліп, 2 млн тұрғын қамтылады. Яғни, осыншама тұрғынға арналған қала жобасын жасаймыз, – деді Әсет Исекешев.
Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау жағда­йына тоқталған қала басшысы есептік кезеңде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2020» бағдарламасын қосқанда 5 мыңға жуық адам жұмысқа тұрғанын жеткізді. Қазіргі таңда жұмысшы жастар мен қалаға келіп жатқан жастарды оқытып, жұмыс орындарын құру үшін бағдарламаға түзету енгізілуде. Бүгінгі таңда Астанада 8 мыңнан астам бос жұмыс орны бар екенін айта кету керек.
Бұған қоса, Әсет Исекешев мемлекеттік қолдау шараларымен 14300 адам қамтылғанын айтып, «Астана – рухы мықты жандар» атты мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау­дың 2017-2018 жылға арналған бағдарламасы шеңберіндегі ­жұмыстарға тоқталды.
Сондай-ақ, астаналықтардың өмір сүру сапасы мен өмір сүру ұзақтығы жалпы өлім-жітімнің көрсеткіші төмендеуінің есебінен ұлғайып келе жатқанын айтты. Астана әкімінің сөзінше, жүрек талмасы, инсульт сияқты аурулардан қайтыс болу жағдайлары да төмендеді.
Астанада 2016-2017 оқу жы­лын­­да мектеп оқушылары­ның саны 130 мың болса, 2017-2018 оқу жылында 143 мыңға жетіп отыр. Сондықтан мектептерге оқушылардың сыймай жатқаны осы айдың басынан айтылуда.
– Мектептердегі оқушылардың тығыздығы мәселесін шешу үшін 2600 орынға арнал­ған мектептерге жапсарлас 5 ғимарат құрылысын аяқтадық. 11 мың орынға арналған 10 мектеп пен 2 жапсарлас ғимараттың құрылысы жалғасуда. Жалпы, мәселені түбегейлі шешу үшін 25 мың орындық 16 мектеп пен 10 жапсарлас ғимараттың жобасы мен қаржысын қарастырдық, – деді Астана әкімі.
Әсет Исекешевтің баяндамасынан кейін қалалық мәслихат депутаттары шаһар басшысына бірқатар сұрақтар қойып, қаланы дамыту мәселесі бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Сондай-ақ, кезекті сессия ­ба­ры­сында елордаға инвес­тиция­лар тарту стратегия­сын қалып­­тастыру және өңірлік инвес­тиция­лық саясатты жүзеге асыру сияқты бірнеше мәселе қаралды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + ten =