«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елорданың еңбек нарығы нені көздейді?

0 22

Осы жылдың 1 тамызына елорда тұрғындарының саны 1 млн 109 мың 575 адамды құрады. Соның ішінде 566,3 мың адам экономикалық белсенді болып саналса, нақты жұмыс істейтін адамдардың саны – 540,8 мың. Жұмыссыздық деңгейі – 4,5 пайыз. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысында бұл туралы айтқан қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина еңбек нарығында қалыптасқан жағдаймен таныстырып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

ПОРТАЛДА 7 МЫҢНАН АСА БОС ЖҰМЫС ОРНЫ БАР

Оның айтуынша, неғұрлым көп адамды жұмысқа тұрғызу және жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында шаһарда бірқатар шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, enbek.kz порталына бос жұмыс орындары жарияланды. Қазіргі кезде онда 841 жұмыс берушіден 7 мың 386 бос орын бар. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен 9 мың адам қамтылды.
Жалпы биылғы тоғыз айдың қорытындысында Жұмыспен қамту орталығына 16 мың 338 адам жұмыс іздеп келген. Соның 8 мың 924-і немесе 54,6 пайызына нақты көмек берілді. Яғни, олар тұрақты жұмыс орындарына тұрғызылып, қоғамдық жұмысқа, Жастар практикасына, қысқамерзімдік курс­тарға жіберілді. Солардың арасында жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыруға грант алған адамдар да бар.
«Биыл қысқамерзімдік курс­тарға жіберілетін адамдар саны көбейтіліп, тиісті жоспардан асыра орындалды. Бастапқыда 770 адамды жіберуді ойласақ, қазір бұл көрсеткіш 1150 адамға жетті. Оқыту 51 мамандық бойынша 31 оқу орталығында жүргізіліп жатыр. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға грант алатын азаматтардың саны 900 болды. Қазіргі күнге 49 грант берілді. 376 бизнес жоба мақұлданды. Грант осы қазан айында беріледі» деді С.Нұрғожина.

ЖАҢА БИЗНЕС ИДЕЯЛАРҒА ГРАНТ БЕРІЛЕДІ

Қоғамдық жұмысқа 2049 адам, соның ішінде 451 жас азамат жіберілді. Олардың жалақысы да өсіріліп, екі айда 85 мың теңге қолдарына тиді. Жыл басынан бері «Жастар» сарайында алты рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен Жұмыспен қамту орталығында 14 шағын жәрмеңке ұйымдастырылды. Бүгінгі күнге 16298 тұрақты жаңа жұмыс орны құрылды. Соның ішінде мемлекеттік бағдарламалар бойынша 1062 орын, шағын бизнес саласында 15 мыңнан астам орын ашылды.
«Бұл жұмыс жалғасып жатыр. 1 желтоқсанға дейін 19 мың жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Қазір кәсіпкерлер палатасы мен Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасымен бірге мониторинг жүргізіп жатырмыз» деді басқарма басшысы.
Қалада 8 мобильді жұмыспен қамту орталығын ашу бойынша қанатқақты жоба басталды. Бұл орталықтар сапаржай, «Эталон» базары, «Встреча» аялдамасы, «Азия парк», «Промышленный» тұрғын алабы аумағында ашылды. Бүгінгі таңда осы орталықтарға 383 адамнан өтініштер келіп түскен. Соның 203-і жұмыстарын жалақысы көптеу жерге ауыстыру мақсатында жүгінген. Өтініш берген 10 адам қысқамерзімдік курстарға жіберілді.
Мүмкіндігі шектеулі 539 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Соның 217-і тұрақты жұмысқа тұрғызылды. Анимация мен видеографика, электр және газбен дәнекерлеуші, тігінші мамандықтарын игеруге 32 азамат жіберілді. Мүмкіндігі шектеулі екі адам жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға 100 АЕК көлемінде грант алды. Жыл басынан бері пробация қызметі есебінде тұрған 41 адам, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан 29 адам, барлығы 70 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылған.

ҚАЛАҒА 170 ПЕДАГОГ МАМАН КЕРЕК

Қалаға қазір 170 педагог маман жетіспейді. Соның ішінде балабақша тәрбиешілері, бастауыш сынып мұғалімдері, орыс тілі мен әдебиеті, математика ұстаздары, ағылшын тілінде пәндерді оқытатын мамандар қажет. Бұл туралы мәлімдеген Білім басқармасы басшысының орынбасары Жанна Құлышпаева осы жағдай оқу үдерісіне ешқандай әсерін тигізбей отырғанын айтты.
«Екі жыл қатарынан басқарма қызметкерлері мен мектеп директорлары тиісті педагог мамандарды елордаға жұмысқа тарту мақсатында аймақтарға барды. Былтыр қалаға аса қажет 340 білім саласы қызметкерін даярлау үшін қаржы бөлінді. Соған сәйкес 2022 осы салаға келетін жаңа кадрларды күтіп отырмыз. Осы жылы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен көпбалалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балаларды оқытуға 165 грант бөлінген еді. Онда да педагогикалық мамандықтар бар. Колледждер де мұғалімдерді даярлайды. Мұнда биыл мемлекеттік тапсырыс 4602 орынға орналас­тырылса, соның 800-і – педагогикалық мамандықтар» деді ол.
Оның айтуынша, педагог мамандарды ұстау үшін де жағдайлар жасалып жатыр. Мәселен, биыл жас мамандарға арналған 350 орындық жатақхана ашылды. 242 педагогке тұрғын үй сертификаттары берілді. Бұған қоса, қалаға өте қажет мамандар бойынша сараптама жүргізіледі. Соған сәйкес колледждерде жаңа мамандықтар ашылып жатыр.
Осы орайда қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Мирас Шекенов болашақты да болжай біліп, алда елордаға керек болатын мамандарды даярлауға назар аударды. Оның пікірінше, қалаға жақын жылдары газ келетіндіктен қазірден газбен жұмыс істейтін мамандарды даярлауды қолға алу керек.
Оған жауап берген Ж.Құлышпаева биыл қаланың политехникалық колледжінде 9 және 11 сыныптар базасында газ мамандарын оқыту басталғанын, екі топқа 25 баладан қабылданғанын, оқу мерзімі 1 жыл, 9 айды құрайтынын жеткізді.

«ӘБУ-ДАБИ ПЛАЗА» ҚАШАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ?

Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, қала кәсіпорындарында 5,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бұл мәліметті ұсынған аталмыш басқарма басшысының орынбасары Жанар Бескемпірова осы мекеме халықты жұмыспен қамту мақсатында атқарып отырған шараларды баяндады.
«Көше саудасы: 1000 орын» бағ­дарламасы бойынша қазіргі таңда 410-нан астам сауда нысандары орнатылып, 1700-ден аса жұмыс орны құрылды. Өткен қыркүйек айында Алаш тас жолында автөкөлік сататын «Керуен» базары ашылды. Онда 90 сауда орны бар. Қазірге кезде базарда 200-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік ашылып отыр. Келесі жылы бұл базарда сау­да орындары 250-ге жеткізілмек. Яғни құрылыстың екінші кезегі жүргізіледі. Жалпы ал­ғанда, мұнда 750 жұмыс орнын құру жоспарланды» деді Ж.Бескемпірова.
Жыл соңына дейін шаһарда төрт инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Инвес­тиция көлемі – 14,2 млрд теңге. Бұл өз кезегінде 325-тен астам жұ­мыс орнын құруға мүмкіндік бермек.
«Осы жылдың соңында «Әбу-Даби Плаза» көпфункционалды тұрғын үй кешенінің екінші блогы құрылысын аяқтау жоспарлануда. Бұл – екі қабатты сауда орталығы мен он төрт қабатты қонақ үй. Жоба 1 мың тұрақты жұмыс орнын құру әлеуетіне ие. Жалпы кешенді 2020 жылдың мамырында пайдалануға беру жоспарланып отыр» деді басқарма басшысының орынбасары.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды