Елорданың әлеуметтік-экономикалық ендіктері

0 94

Өнеркәсіп өнімі артты

Астана қаласының өнеркәсіп секторының көпшілігін өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны салқындату кәсіпорындары құрайды. 2013 жылдың қаңтар-сәуір айларында аталмыш кәсіпорындар 89 574,4 млн теңгенің өнімін өндірген. Осылайша нақты индекс көлемі 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 135,1%-ды құрады. Өнеркәсіп саласын дамытуды көздейтін түрлі бағдарламалар да өз нәтижесін беруде. Олай дейтін себебіміз – шығарылатын өнім көлемінің артуы өнеркәсіптің көптеген салаларында байқалады. Мәселен, металлургия өнеркәсібінде – 2,1 %-ға немесе 311,3 млн теңге; тері және оған жататын өнімдер өндірісінде –3,2 млн теңге; қағаз және қағаз өнімдері өндірісінде – 213,2 млн теңге; жиһаз жасау өндірісінде – 315,1 млн теңге; тоқыма бұйымдар өндірісінде – 52,6 млн теңгеге артқан. Ерекше атап өтер жайт, өнеркәсіптің өңдеу секторында машина жасау үлкен үлеске ие. Осы саланың кәсіпорындары төрт айдың ішінде 44 575 млн теңгенің өнімін өндіріп, елорда өнеркәсібінің жандануына серпін беруде.

Жүзеге асқан жобалар

Елімізде қолға алынған 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру аясында, өңірлік Индустрияландыру картасы бойынша құны 71,8 млрд теңге болатын 10 жоба іске асырылды. Шамамен 2 000 жұмыс орны құрылып, жұмыссыздар қатары сәл де болса кеміді. 

Қазіргі таңда елордада 4 мыңнан астам жұмыс орны бар. Индустриялық парк аумағында жалпы инвестиция көлемі 47 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бас-аяғы 49,8 млрд теңге игерілді.

Астана қаласының әкімдігі шығарылатын өнімнің сапасын арттыру мақсатында өнеркәсіп кәсіпорындарына ИСО, ОНSAS, SА, ХАССП сериялы халықаралық сапа стандарттарын енгізуді қолға алды. Нәтижесінде 575 кәсіпорын мен ұйым аталмыш стандартқа қол жеткізді. Жергілікті тауар өндірушілердің өнімін өткізуде халықаралық ынтымақтастықтың орны бөлек. Әкімдік осыған байланысты түрлі іс-шаралар, бизнес-форумдар, көрмелер, «дөңгелек үстелдер», тұсаукесерлер мен кездесулер ұйымдастыруға ықпал етіп, кәсіпкерлерге қолдан келгенше көмек қолын созып келеді.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында мамыр айынан бері 35 жоба мақұлданды.

Игілігі мол инновация

Елордада инновацияларды дамытуда «Smart Astana» жобасының мүмкіндігі шексіз. Шаһар тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, мемлекет ұсынатын қызметтерді жетілдіру, сондай-ақ қалалық желілерді бірыңғай жоғары технологиялық платформаға оңтайландыруда «ақылды қаланың» алғышарттары өз жемісін беруде.

Ақылды қаланың алғышарты алты сипаттан тұрады: ақылды экономика, ұялы байланысқа қолжетімділік, ақылды қоршаған орта, ақылды әкімдік, ақылды тұрғын үй ортасы, ақылды тұрғындар.

Тұжырымдама аясында «Астана Inno­va­tions» акционерлік қоғамы тех­но­­логиялық биз­­нес инкубациялау, тех­но­ло­­гия­­лық аудит, тех­­нологиялар трансферті бо­­йынша ин­­но­­ва­­циялық жобаларды қолға алды. Сонымен қатар, «Астана қаласының ке­­шенді тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі» пи­­лоттық жобасын іске асыру жөніндегі да­­йын­­дық іс-шаралары жүргізілуде.

Қысқасы, 2030 жылға дейін коммуналдық төлемдер, дүкендегі есеп айырысу, үйдің есігін ашып-жабу, оқушының мектепке кіріп-шығуы, жедел медициналық жәрдем көмегі, бәрі-бәрі түгелдей электронды түрде басқарылатын болады.

Көлігі көп қала

Астана тұрғындарының саны жыл санап артуда. Халыққа күнделікті 53 қалалық бағдар бойынша 770 көлік қызмет етеді. Оның 700-ден астамы – сыйымдылығы үлкен автобустар. Қалалық бағыт желісінің ұзақтығы 2437 км құрайды екен.

Бас қалада 21 мамандандырылған таксомотор компаниясы бар. «Сарыарқа», «Аруна», «Жебе», «Медео», «Аққу», «Целиноград», «Астана Компани КЗ», «Триумф», «Экипаж», «Марсель», «Апельсин» компаниялары қала тұрғындары мен қонақтарының сенімінен шығуда.

2013 жылдың қаңтар-сәуір айларының өзінде жүк тасымалының көлемі 12,5 пайызға артқан. Автомобиль көлігімен 621,3 млн жолаушы тасымалданса, әуе көлігімен 0,4 мың адам тасымалданған.

Кіріс көбейді, табыс артты

Қаланың байланыс кәсіпорындары 46 833,7 млн теңгенің қызметін көрсеткен. Бұл 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,3%-ға жоғары. Әсіресе, интернет байланысы мен халықаралық байланыс түрінен келетін кіріс жыл санап артуда.

Елорда табысын айтқанда, қала қоржынын айналып өту мүмкін емес. 2013 жылдың 1 мамырында Астана қаласының бюджеті 258 700,9 млн теңгені құрады. Бұл бекітілген бюджеттен 6,4 пайызға өскенін көрсетеді. Бюджеттің жалпы құрылымында Астана қаласының объектілерін дамытуға 122 039,1 млн. теңге жұмсалған.

Ілкімді инвестиция

Елорда инвестициясымен ерекшеленеді. Астана қаласының негізгі капиталына төрт айдың ішінде 106 927,2 млн теңге инвестиция салынған.

Негізінен құрылыс ғимараттарын салуға және күрделі жөндеу жұмыстарына инвестиция көптеп тартылады. Олардың үлесіне 56,8% немесе 60 701,6 млн теңгеден келеді.

Астанада қала құрылысы тоқтаған емес. Тұрғын үй құрылысын дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде биыл жалпы ауданы 163 мың шаршы метр 2697 пәтердің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Жалпы тұрғын үй құрылысына 16 538,2 млн теңге бөлінген.

Жұмыспен қамту жалғасуда

Елорданы дамытудың әртүрлі жобаларын іске асыру қосымша жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. 2013 жылдың есепті кезеңінде 5958 жаңа жұмыс орны құрылды. Әйтсе де, жұмыс іздеушілер қатары әлі де көп. Мәселен, қаңтар-сәуір айларында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына 4396 адам жұмыс іздеп өтініш білдірген. Жүгінген азаматтардың басым бөлігін әйелдер құрайды. 14-29 жас аралығындағы жастар – 51,8%. Қала бойынша төрт айдың ішінде барлығы 573 адам жұмыспен қамтамасыз етілген. 2012 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 175 адамға артқанын байқауға болады.
Еңбек нарығын реттеуге бағытталған шаралар жоспар бойынша жүзеге асуда. Мәселен, ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту, әлеуметтік жұмыс орындарын ашу, «Жастар тәжірибесі» сияқты қосымша іс-шаралар жұмыссыздық деңгейін 5,6%-ға төмендетті.

Әлеуметтік сала әлеуеті

Бүгінде Астана қаласында 268 білім беру мекемесі бар, яғни, 82 мектеп, 128 мектепке дейінгі мекеме, 35 кәсіптік колледж, 13 қосымша оқыту орындары бар.
Оқушылардың тәлімі мен тәрбиесіне жауапты он мыңнан астам ұстаз тынымсыз тер төгіп келеді. Әрбір баланың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасап, жеке қабілетін шыңдауға мүмкіндік беру керек десек, қала әкімдігі бұл ретте елордалық шәкірттердің қажеттілігін қамтамасыз етумен қатар оқу сапасын жақсартуда нәтижелі жұмыс жасап келеді. Нақты мысал, білім беру саласын қаржыландыру жылдан жылға ұлғайып, материалдық-техникалық база жетілдіріліп келеді.

Балаларға мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің негізгі нысаны – балабақша. Қалада 128 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде 75-і мемлекеттік балабақша, 52-сі мемлекеттік емес және 1-еуі ведомстволық. Мектепке дейінгі білім алатын балалардың жалпы құрамы – 2 жастан 6 жасқа дейін.

Ал, міндетті ақысыз мектепалды даярлықтан 5-6 жас шамасындағы балалардың 86,2%-ы өтеді екен.

Денсаулық – басты байлық

Тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын арттыру, балалар өлімін азайту – «Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарының» басым бағытының бірі.

Елордалықтардың ауруға шалдығу деңгейі мен қатерлі дерттен көз жұму көрсеткіші соңғы жылдары біршама төмендеп келеді.

Туу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 25,45 пайызға өсті. Ана өлімі 7,8%-ға, туберкулезбен ауыру – 11,3%-ға төмендеген.

Елордада күніне шамамен 60-қа жуық сәби дүние есігін ашады. 2013 жылдың алғашқы екі айында Астанада 2868 әйел босанған. Мұндай көрсеткішті бағындыруымыздың бір себебі әйелдердің жоғары мамандандырылған медициналық көмекке деген қолжетімділігінің арқасы болса керек. Жүкті әйелдер жергілікті бюджет есебінен тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Мәселен, II, III дәрежелі темір тапшылығы анемиясына шалдыққан аяғы ауыр келіншектерге қажетті дәрі-дәрмек тегін беріледі. Учаскелік гинекологта есепте тұратын жүкті әйелдер үшін Астана емханаларында антенатальды-биохимиялық скрининг, скринингтік ультрадыбысты зерттеу, мамандардың кеңесі, жыныс жолдары ауруларының диагностикасы тегін жасалады.

Сонымен қатар, медициналық туризмді дамыту үшін елорданың «Astana Medical Park» клиникасы базасында арнайы жоба әзірленді. Мақсаты – қазақстандық және шетелдік азаматтарға жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету. Қазіргі таңда Астананың медициналық мекемелері үдемелі кардиология, аритмология және кардиохирургия, шағын инвазивтік эндобейнехирургия, check-up бағдарламасы, қауіпсіз босану, неонаталдық технология, тағы басқа да салаларда жоғары технологиялық қызмет циклін толық көрсету мүмкіндігіне қол жеткізген. Бұл жобаға Астана қаласының №1 және №2 қалалық ауруханасы, Ұлттық ғылыми медициналық орталығы, Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты, сонымен қатар Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы қатысады. Мамандардың айтуынша, аталған мекемелерде көрсетілетін медициналық қызметтердің бағасы салыс-тырмалы түрде арзан, ал технологиялық жабдықталуы мен дәрігерлердің біліктілігі тұрғысынан көш ілгері болады.

Мәдениет мәйегі

Кез келген халықтың өзіндік болмысын даралайтын басты белгі – ұлттық мәдениет. Қалада халықтың интеллектуалдық және рухани өмірін байытатын мұражайлар мен кітапханалар, концерт залдары мен театр-лар, түрлі деңгейдегі фестивальдар мен конгрестер өтетін жаңа үлгідегі ойын-сауық орталықтары жетерлік.

Астанада 24 кітапхана, 7 театр, 7 мұражай, 6 кинотеатр, 7 мәдени-демалыс орталығы, 17 қазыналық кәсіпорын, 50-ге жуық сәулет ескерткіші, сондай-ақ цирк, мемлекеттік филармония, кинопрокат ұйымы, саз студиясы жұмыс істейді. Көпшілік жиі баратын мұражайлар мен кітапхана қызметіне ерекше инновациялық технологиялар енгізу – заман талабы тудырған жетістік. Елордамызда мұражай қорлары сандық үлгіге көшсе, кітапханада оқырмандарға қызмет көрсету автоматтандырылған жүйеге ауысты. Мұндағы іс-шаралардың барлығы on-line режимінде өтетіндіктен, мемлекеттік органдарды, студенттерді, республиканың барлық жастарын тартуға мүмкіндік көп.

Ағымдағы жылдың сәуір айында қала мұражайлары 13 көрме, 221 экскурсия, 15 лекция ұйымдастырған. Бұл іс-шараларды барлығы 13449 адам тамашалаған.
Астана театрларында 70-тен астам қойылымдар көрсетілген. Мемлекеттік филармонияның концертін 124 216 адам тамашаласа, театр қойылымдарын 10 мыңға жуық астаналық көрген. Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Қазақстан» орталық концерт залы, Жастар сарайында айтулы концерттер, халықаралық фестивальдар, конкурстар мен ресми салтанатты жиындар ұйымдастырылса, Мәдениет басқармасына қарасты мұражайлар мен демалыс кешендері халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсетіп келеді.

Дайындаған
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − nineteen =