Елорданың айнасы

0 34

«Astana aqshamy» және «Вечерняя Астана» газеттері отыз жылдық белесін бағындырды. Бұл бір қарағанда қас-қағым сәт секілді! Алайда тарих таразысына салсақ, отыз жылда екі басылымда төр қаланың жылнамасы жазылды. Сонау КСРО заманынан бері шыға бастаған басылым бас қаланың айнасына айналды. Бас шаһар болғанға дейінгі, елордаға айналғаннан кейінгі тарих 30 жылдық жылнамада тасқа басылды. Бұрынғы Астананың, бүгінгі Нұр-Сұлтанның тарихы – тәуелсіз Қазақстанның тарихы. Күн сайын көркейген жас елордамыздың кешегісі мен бүгінін білгісі келген оқырман осы екі газеттің беттерінен оқи алады.

Отыз жылдық мерейтойдың қарсаңында журналистер газеттің сарғайған парақтарын ашып, әр жылдары жазылған дүниелерге (мақала, сұхбат, репортаж, суреттеме, очерк, көсемсөз және т.б.) бір мәрте көз жүгіртті. Газеттердің әрбір нөмірінде қоғамдағы ең көкейтесті, күрделі, өткір мәселелер көтеріліп, оқырмандардың көңілінен шығып отырған. Сонау 90-шы жылдардан тәуелсіздігіміз нығая түскен бүгінгі күнге дейін бас қалада өткен небір айшықты, маңызды оқиғаларға куә болып, солардың барлығын патша көңілді оқырманға дер кезінде жеткізіп отырыппыз. Бұл – үлкен жетістік, ерен еңбек! Демек қос басылым – елорданың айнасы деуге болады.
Мәселен, 30 жылда «Astana aqshamy»-ның атауы бірнеше рет өзгерді. Бас редакторлар да ауысып отырды. Алайда газеттің басты ұстанымы, ақиқатты ту еткен бағдары өзгерген жоқ. Керісінше, бас қалаға айналғаннан кейін журналистердің жауапкершілігі артып, мәртебесі биіктеді. Бұрынғы бірнеше мыңдаған тұрғыны бар қаладан алып мегаполиске айналған шаһардың шамшырағы болып қалыптас­ты. Ең бастысы, басылымдар өзіне адал, сенімді, тұрақты оқырмандарымен бірге жасап келеді.
Астаналық мәртебесіне сай ақшамдықтар көтермейтін, біздің журналистердің қаламына тыс қалатын тақырып та, мәселе де жоқ. Бас қаланың экономикасы, әлеуметтік және қоғамдық өміріндегі айтулы оқиғалар, өзекті проблемалар ешқашан газеттердің бетінен түскен емес. Өйткені бұл – бүгінгі күннің шындығы. Біздің журналистер сол шындықты ар-иманына сүйеніп, батыл жазуды өзінің қасиетті борышы деп санайды.
«Қай елдің баспасөзі мықты, сол елдің болашағы жарқын» деп Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлы айтқандай, бас қаланың басылымы өркендеген сайын, тәуелсіздігіміз де жарқын болары сөзсіз. Ең бастысы, ойлы оқырмандарымызға бізбен бірге жасай беріңіздер демекпін!

Жарқын ЖҰМАДІЛОВ,
«ELORDA AQPARAT»
ЖШС директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × three =