ЕЛОРДАНЫ КӨРКЕЙТІП ЖҮР ЕҢБЕГІМЕН

0 78

ERA_8191

Былтыр күзде ҚР Президентінің Жарлығымен қыркүйектің соңғы жексенбісі Еңбек күні мерекесі болып бекітілді. Мерекенің алғашқы мәрте аталып өтілетін шағы жақындап қалды. Соның қарсаңында газетімізде әртүрлі салада жүрген еңбеккерлер жайында мақалалар топтамасын жариялауды ұйғардық. Жан-жағымызға көз тастап, барлай қарасақ, ондай адамдар аз емес. Олардың арасында елорданың көркеюіне үлес қосып жүрген «Астана Көгалдандару құрылысы» акционерлік қоғамының жұмыскерлері де бар.

Сулы-нулы желек жолы аумағы таяу күндері бұрынғысынан құлпыра түспек. Қазір мұнда газон төселетін орындар дайындалуда. Бұл жұмысты атқарып отырған бір топ адамның жанына барып, әңгімелескенде соны білдік. Бірі күрекпен артық топырақты бір жерге үйіп, зембілдерге салуда. Қалғандары соны жақын жерде тұрған «КамАЗ» автокөлігіне дейін апарып, жүк артқышына төгуде. Жұмыстарын аздаған уақытқа тоқтатып, таныстық. Арасында бір ғана азамат астаналық болып шықты, өзгелері еліміздің әр түкпірінен келіп, нәпақа айырып жүргендер екен.

Екі қолға бір күрек іздеп жүрген адам Астанадан жұмыс табады. Жұмыс­керлермен әңгімелесу барысында соған көз жеткіздік. Мәселен, Базар­бай Кенжебек есімді елуді орталап қалған азамат елордаға биылғы ақпан айында Шымкент өңірінен келіп, «Астана Көгалдандыру құрылысына» жұмысқа орналасыпты. Осындағы ұл-келіндерімен пәтер жалдап тұрады. Отбасы Ордабасы ауданының Шұбар­су ауылында қалыпты. «Бұрын дихан­шы­лықпен айналыстым. Бірақ, ол – бей­неті өте көп іс. Басқа жұмысты табу қиын ауылдан. Тапқанның өзінде айлығы мардымсыз болады. Отбасымды асырауға жететін нәпақа табайын деп, осында келдім. Жеті ай болды осы жұ­мыс­қа орналасқаныма. Содан бері ауылға барған жоқпын» деген ол отбасына сағы­нышын да, істеп жүрген жұмысының оңай еместігін де білдіргендей болды.

Астана Қарағанды облысымен шекараласып жатқаны көпке аян. Осы облысқа қарасты Нұра ауданының орталығы Киевка селосы елордаға таяқ тастам жерде. Онда және маңайындағы ауылдарда тұратындар елордаға қатынап жұмыс істейді. «Астана Көгалдандыру құрылысы» оған арнайы көлік бөлген. «Автобус бізді таңертең аудан орталығынан алып кетіп, кешке жеткізіп салады» дейді Киевка тұрғыны Жанат Әжіков. Бұдан бұрын жеке көлігімен адам тасып, отбасын асырап жүрген ол да елорданы көгалдандырумен айналасатын кәсіпорынға өткен ақпанда жұмысқа тұрыпты. Онымен бірге Киевкадан жеті баланың әкесі Еркеш Ынтықаев пен сөйлеген сөзі мен қимылынан қағылездігі байқалған Сағынтай Жармағамбетов те жұмысқа келіп жүр. Олардың бірі – Қарой, екіншісі – Заречный ауылдарынан. «Ауылда шаруа қожалықтарынан өзге жұмыс жоқ. Дұрыс төлемейді олар. Ал, мұнда жалақыны уақытында аламыз. Қолымызға тиетін ақша да жаман емес» деді Сағынтай ағамыз.

Біз әңгімелескен жұмыскерлердің ең жасы – жиырма бір жастағы Оразақ Жукуев. Ол Астананың көлік және коммуникация колледжін аяқтап, бағдарламашы-техник мамандығын алып шығыпты. Бізді оның кейбір жастар секілді селтеңбай жүріске салынбағаны, жауапкершілікті жастай сезінгені сүйсіндірді.

«Астана Көгалдандыру құрылысының» жұмыскерлері таңғы жетіден кешкі жетіге дейін 12 сағат жұмыс істейді екен. Оларды елорда қаһармандары деп атасақ, асырып айтқанымыз емес деп ойлаймыз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × three =