ЕЛОРДАНЫ КІМ ТАЗАЛАЙДЫ?

0 91

«Сырт көз – сыншы» дегендей, кез келген бейтаныс елдімекенге немесе қалаға жолыңыз түсіп ат ізін салсаңыз, алдымен сол жердің тазалығына назар саларыңыз сөзсіз. Демек, қала немесе елдімекендер мен оны мекен етушілердің бет беделі белгілі бір мөлшерде тазалық саласы мамандарының жұмысына да байланысты болмақ.

Санитарлық  саладағы кәсіпорын
Астанаға кімдер келіп, кімдер кетпейді қазір. Алты құрлықтың түкпір-түкпірінен түрлі мақсатта сан мыңдаған жолаушы әр сәт алып-ұшып жетеді мұнда. Астанада тазалық саласының мамандары да елорданың есіміне сызат түсірмес үшін тынбай еңбек етеді. Осы тұрғыда қала көшелерінің тазалығын сақтау бағытында ауқымды жұмыс атқаратын ұйым «Астана тазалық» ЖШС қаламызға арқау болмақ.

Бұл кәсіпорын бүгінде 1400-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. «Астана тазалық» ЖШС бас директорының санитарлық тазалау жөніндегі орынбасары Марат Сүлейменов­тің дерегіне сүйенсек, аталмыш кәсіпорын құрылымында 431 техникадан тұратын арнайы парк бар екен.

– Сапалы жинауды қамтамасыз ету үшін жыл сайын техника паркі жаңартылып отырады. Мәселен, 2016-2017 жылдары заманауи қондырғымен жабдықталған 38 арнайы техника сатып алынды. Жалпы, кәсіп­орынға бекітілген учаскелер бойынша көшелерді қолмен және механикамен жинау, тасқынсуға қарсы шаралар және кәріз желілерін тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі, – дейді М.Сүлейменов. Қала бойынша көшелерді механикалық жинауда 7 741 824 шаршы метр аумақ (ұзындығы 431 517 метрді құрайды), ал қолмен жинауда 4 244 339 шаршы метр аумақ қамтылады екен.

Еселі еңбектің өтеуі
«Астана тазалықтың» қаладағы Есіл, Алматы және Сарыарқа аудандарының әрқайсысының бірнеше бұрышында базалық өндірістері мен бокстері орналасқан. Бұл базаларда жұмысшылардың көшелерді тазалауға арналған құрал-жабдықтары мен басқа да керек-жарақтары қойылады. Сонымен қатар тұрғын үйлердің жертөлелерінде орналасқан мұндай базаларда тазалықшылардың өздеріне белгіленген уақыт бойынша 1-2 сағат дамылдап, ауқаттануға да барлық жағдай қарастырылыпты. Сол жағалаудағы осындай базалардың бірінде «Астана тазалық» ЖШС-тің Есіл ауданы бойынша санитарлық тазалау жөніндегі атқарушы директоры Төлеген Оразбаевпен және учаске бастықтарымен бас қосып, аталмыш ауданның тазалығы жайлы сұқбаттастық.

Мамандардың айтуынша, енді ғана шымылдық түріп жатқан «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесі өз мәресіне жеткенше, яғни қыркүйек айына дейін «Астана тазалық» ЖШС-нің жол жұмысшылары күшейтілген режимде тәулік бойы үш ауысым бойынша жұмыс істейді екен. Алғашқы ауысымның жұмысы таңғы сағат 6.00-де басталса, екінші ауысым жұмысшылары түс кезінде іске кіріседі. Ал кешкі сағат 22.00-де жұмысты бастайтын үшінші ауысым тәулікті қорытындылайды. Қыркүйек айында әп-сап басылған соң тазалықшылар қайтадан бұрынғы режимге көшеді.

Ал қолмен жинау учаскесінің бастығы Дархан Мұсабеков өздеріне тиесілі жұмыс жайлы кеңінен әңгімелеп берді. Таңғы сағат 6.00-де кісі қарасы қалыңдамай тұрып, әрі қоғамдық көліктердің қозғалысына бөгет болмас үшін қолмен жинау бригадалары алдымен аялдамалар маңайын тап-тұйнақтай етіп тазалап шығады. Аталмыш ауданның қолмен жинау учаскесінің жұмысшылары 8 бригададан тұрса, әр бригадада бір-бір бригадир мен бір-бір шебер және 6-7 жұмысшы жұмылдырылады. Механикалық жинау учаскесінің бастығы – Бауыр­жан Мұратов.

Бұл учаскенің жұмысы негізінен техникаларға жүктелетіндіктен, қолмен жинау учаскесіне қарағанда жұмысшылары аз. Есесіне автогрейдер, сыпырып-жинағыш мәшине, К-713, К-816 тракторлары, шаңсорғыштар сияқты 90 техника бірлігі қарастырылған. Техникалармен атқарылатын шаруалардың басы-қасына 4 шебер мен 10 бригадиржұмылдырылған. Жиналған қоқыс қалдықтары осы учаскенің атқаруымен жүк көліктеріне тиеліп, қала сыртындағы қоқыс тастайтын полигонға жөнелтіледі.  Жалпы, «Астана тазалық» ЖШС жұмысшылары кәсіп­орын тарапынан арнайы тігілген бірдей формамен қамтамасыз етіледі.

Тазалық әр үйдің  ауласынан басталады

Учаске бастықтарының айтуынша, жұмыс барысындағы ауыртпалықтар жылдың әр мезгілінде әрқалай болатын көрінеді. Мысалы, жазғы уақытта Астанаға алыс-жақыннан ат арытып келушілердің саны арта түсетіні белгілі. Алайда бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты келушілердің ішкі мәдениетінің де бір-біріне ұқсамайтыны анық. Олардың ішінен тазалыққа жаны қас жандарды да кезіктіруге болады. Қоқысты оңды-солды лақтырып, жан-жағын ластап жүретіндер белгілі бір мөлшерде тазалықшылардың жұмысын көбейтері сөзсіз. Алайда көктемдегі лайсаң су, кәріз жүйелерінің тазалығы жұмысшыларды біраз әбігерге салса, күздің күндері жерге түскен сарғайған ағаш жапырақтарын күнделікті сыпырып-сиыру жазға қарағанда жұмыстың көбейгенін көрсетеді. Ал қыс­тың жөні тіптен бөлек. Басқа мезгілдерге қарағанда қақаған қыстағы тазалық жұмыстары екі есе күш жұмсауды талап ететін көрінеді.

Мамандардың айтуынша, жұмысшылардың жалақысы көктем, жаз және күз айларында орта есеппен 70 мың теңгені құраса, қыста 90-100 мың теңгеге дейін көтеріледі екен. Ал жұмысшылардың басым көпшілігі 35-50 жас аралығындағы азаматтар көрінеді. Оның өзінде де жұмысшылар қатарында астаналықтар саны тым аз сияқты. Алайда Астана қаласына жақын орналасқан Ақмола және Қарағанды облыстарына қарасты ауылдардан күнделікті келіп істейтін жұмысшыларды тасымалдау үшін кәсіпорын арнайы автобустар бөлген. Айта кету керек, жұмысшылар үшін барыс-келіс жолақы тегін. Ал автобус жүргізушілері жұмысшыларды таңғы сағат 6.00-де жұмысқа кешіктірмей жеткізу үшін түнгі сағат 3-4-терде атқа қонады екен.

Еңселі елорда көшелерінің жарқырап таза тұруына елеу­лі үлес қосып жүрген кәсіп­орынның алда да жұмысы жемісті, еңбек ұжымының табысы келісті болып, халықтың сеніміне селкеу түсірмей, жетістіктері еселеніп, атқарып жатқан істері лайым елене берсін демекпіз.

Нұрдәулет Кәкішев

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × three =