Елорданы дамыту мен ­көркейту – елдік міндет

0 23

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Астана» концерт залы ғимаратында халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Кездесу алдында фойеде қала әкімі орынбасарларының, қалалық басқармалар мен қызметтер басшыларының халықты қабылдау және кеңес беру жөніндегі хатшылық жұмысы ұйым­дастырылды.Әкім баяндамасын есептік кездесуге жиналған халыққа «бірлігі мықты, ынтымағы жарасқан ел болып, Нұр-Сұлтан қаласын әрі қарай бірге дамыта бере­йік» деген тілекпен бастады. «Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер жыл сайын халықтың алдында есеп береді, осындай есеп беруді біз қаламыздың төрт ауданында өткіздік, аудан әкімдері халық қойған сұрақтарға жауап берді. Сол барлық қойылған сұрақтарды біздің жұмыс кес­темізге бекіттік. Төрт ауданның қорытынды кездесулеріне мен өзім де қатыстым. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынды, сол тұжырымдамаға сәйкес біз жүйелі түрде өздеріңізбен кездесіп отырамыз» деген шаһар басшысы бұдан әрі елорда халқы үшін арнайы ашылған «Жанұя» орталығының тиімділігі туралы айтып өтті. Орталық ашылғалы он мыңнан астам адам өздерінің сұрақтарын қойған. Орталық өткен жұмадағы сенбіде 681 адамды қабылдаған.«Жаңа астана – ежелгі қазақ жерінің төрі» деп атап өткен қаламыздың Бас архитекторы, Елбасымыз – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың елорданы Сарыарқаға көшіру туралы тарихи шешімінің уақыт өткен сайын құны артып келеді. Ел ретінде тұтас­тығымызды нығайтып, біртұтас ел болдық, шаһарымыз шағын ғана Ақмоладан миллионнан астам халқы бар әлемдік дәрежедегі Нұр-Сұлтан қаласына айналды. Қала үлкейген сайын өзіндік мәселелер де туындайды. «Қала деген – қамалдар емес, адамдар» деген сөз бар» деген әкім бір кезде 400 мың болған тұрғындар санының 1 млн 200 мыңға жеткенін келтірді. Егер сол кезде 4,5 мың бала дүниеге келетін болса, елордада бүгінде жылына 25 мыңнан астам сәби дүние есігін ашады. Оған қоса ішкі миграция бар, яғни жыл са­йын 50 мыңнан астам адам қосылып отыр. Сонымен бірге елорданың жер көлемі 2000 жылы 300 мың шаршы метр шақырымды құраған болса, қазіргі уақытта үш есеге жуық кеңейген, яғни көлемі де, көшелер саны да көбейді, ол жерге инженерлік желілер, жолдар салынуы керек. Бұрын Нұр-Сұлтан қаласын шенеуніктер қаласы атаған болса, қазір бизнестің қаласына айналғандықтан бизнес нысандары көбейді, экономиканы көтеру үшін мемлекет орта және шағын бизнесті дамытуға айрықша назар аударып отыр. Кірістің 54 пайызы – бизнесмендер үлесінде.

Жаңа мектептер салынады

Халық саны көбейген сайын бала саны да көбейіп, мектептерді көбірек ашу қажеттілігі туып тұр. Мектеп мәселесі туралы әкім былай деді: «Бізде сегіз мектеп үш ауысымды, 14 мектеп шамадан тыс, яғни бала саны көп, ол деген сөз бірінші білімнің сапасына әсер етеді, мұғалімдерге – салмақ. Өткен жылы біз алты мектеп аштық. Ол жерде бес мың бала қамтылды. Ол 3 бірдей үш ауысымды мектеп мәселесін шешті, 14-і толып тұр. Не істеу керек? Сондықтан біз биыл өткен жылдан екі есе көп мектеп саламыз. Өткен жылы құрылысы басталған мектептер биыл аяқталады. 10 мың орындық мектептің құрылысын аяқтаймыз. Ол да едәуір жеңілдетеді, бірақ әлі де жеткіліксіз. Сондықтан біз кешенді даму жоспарымызға 50 мектеп салу жоспарын енгіздік. Бірақ тек бюджетке қарап отыра бермей, жеке инвестицияларды да тартудамыз. Нұр-Сұлтан қаласында жеке инвестицияға жағдай жасалған. Жеке инвесторлар есебінен 24 мектеп салу ұсынысын қолдап отырмыз. «Кім мектеп салмайтын болса, сол амалсыз түрме салуға мәжбүр болады» деген сөз маңызын жоғалтқан жоқ. Мемлекет білім саласына аса мән беріп отыр». Әкімнің айтуынша, елордада мұғалім санының жетіспеушілігі бар. 250 маман жетіспейді. Әкім сол үшін мұғалімдерге жағдай жасалу керектігін айтты.Инвесторлар үлесі үлкен

Елордада қазіргі уақытта 3-6 жасқа дейінгі баланың 98,4 па­йызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етілген. 94 мемлекеттік балабақша, 237 жеке балабақша бар. Әкімнің сөзіне қарағанда, қазір бизнесті дамытуға мүмкіндік жасалған соң кәсіпкерлер жақсы жұмыс атқаруда, жеке балабақшалар талапқа сай. «Әр балаға мемлекеттен 28 мың теңгеден субсидия беріп отырмыз. Мұның мемлекетке де, кәсіпкерге де, ата-анаға да пайдасы бар. Слайдты қарасаңыз, егер сол 237 балабақшаны салу қажет болатын болса, мысалы 80 нысан дейік, онда бюджеттен 96 млрд теңге қажет болар еді. Біз оны үнемдедік. Мемлекет он еседен артық үнемдеп отыр, сонымен бірге бизнеске қолайлы жағдай жасап отыр» деді А.Көлгінов бұл турасында.

Өмір сүру жасы ұзарған

Қала әкімі А.Көлгіновтің айтуынша, елорданың медициналық-әлеуметтік, демографиялық ахуалы жағымды. Соңғы он жылда өмір сүру ұзақтығы он жылға көтерілген. Мысалы, 2000 жылдардың басында өмір сүру ұзақтығы 65 жас болса, қазір 76,2 жас. Бұл денсаулық сақтау саласы қызметінің сапасы көтерілгенін көрсетеді. Азаматтар үшін олардың үйлеріне жақын жерде емханалар ашу жоспары кезекпен жүзеге асуда, өткен жылы 12 нысан берілген. Былтырға дейін қалалық жедел жәрдем стансасына тиесілі 84 автомобильдің 63 пайызы, яғни жартысынан астамы ескі болған болса, 2019 жылы 52 жаңа жедел жәрдем көлігі сатып алынған. Бұл әкім баяндамасында келтірілген 63 пайыз ескі көліктің көрсеткіші 26 пайызға дейін төмендегенін көрсетеді. Соның арқасында жедел жәрдем қызметінің шақыртылған жерге жету уақыты да 12 минутқа дейін азайған. Сонымен бірге жедел жәрдем мамандары қала басшылығына өздерінің қыз­меттеріне үй жанындағы шлаг­баумдар, домофондар, карточкалы лифттер кедергі туғызатынын жеткізген екен. Қала әкімі алдағы уақытта бұл мәселелердің реттелетінін айтты.
– Бүгінгі таңда елордада 26,7 мың ерекше жан тұрады. Оның 5,5 мыңы – балалар. Олардың уақытылы ем-домын алып, оңалту шараларын қабылдауы үшін біз 2020 жылы 2 оңалту орталығын салуды жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімі. Жаңа орталықтардың бірі №2 аурухананың жанында, екіншісі әуежайға барар жолда орналасады. Сондай-ақ қала әкімі апатты жағдайда тұрған орталық теміржол ауруханасы жайын да қозғай кетті. Бұл жайында «Оның қасындағы әскери емханаға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жыл басында осы аурухананы сонда көшірдік. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін инвесторларды тарта отырып, мемлекеттік-жеке серіктестік бойынша Сарыарқа ауданында көпсалалы жаңа аурухана салмақпыз» деді.«Қолжетімді баспана» саны 3 есе көбейеді

Бүгінгі таңда елордалық 48 мың азамат «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша кезекте тұр. Оның ішінде көпбалалы, жалғызбасты аналар, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар, ерекше қажеттілікті талап ететін балалар тәрбиелеп отырған отбасылар бар. Одан бөлек, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 214 мың елордалық салымшы өз есепшотын ашқан. «Олардың ішіндегі 59 мың адам былтыр небәрі бір жылдың ішінде салымшылар қатарына қосылған. Баспанаға деген үлкен сұранысты ескере келе, былтыр мемлекет тарапынан 2900 пәтер пайдалануға берілді. Оның 1050-і жұмыс істейтін жастарға арналды» деген Алтай Көлгінов Президенттің тапсырмасына сәйкес биыл ел игілігіне берілетін пәтерлер санының 3 есе көбе­йетінін атап өтті. Сондай-ақ әкім қаладағы апаттық жағдайдағы үйлерге тоқталып өтті. «Жеті жыл бұрын апаттық жағдайдағы үйлердің мәселесін реттеу бағдарламасы қолға алынған. Осы уақыт аралығында 200-ден астам үйдің мәселесі шешілді. Мысалы, былтыр Байқоңыр ауданындағы 39-разъезд тұрғындарының мәселесін тыңдадым. Олардың айтуынша, тұрғындар қауіпті аймақта тұрып жатыр, яғни айналасында мұнай терминалдары көп орналасқан. Қазір бұл тұрғындар жаңа орынға көшірілді. Енді апатты жағдайда тұрған 135 үйдің мәселесін шешу керек» деді Алтай Көлгінов. Сонымен бірге үлескерлер мәселесінің ең өзекті жайт екеніне тоқталды.

Жаңа көпірлер кептелісті кемітеді

Нұр-Сұлтан қаласында Алматы мен Есіл аудандарын байланыстыратын көпір салынады. Әкімнің айтуынша, қазіргі кезде елордада 400 мыңнан астам көлік бар екен. Көбінесе Қабанбай, Мәңгілік ел көшелері мен қаланың ескі бөлігінде, Салтанат сарайы, Keruen City ғимараттары маңында және Тұран даңғылында үнемі жол кептелісі болады. Қала басшысы осыны ескеріп, жол кептелісін тудырмас үшін жолдарды кеңейтіп, қосымша жағдай жасау мақсатында екі көпірдің құрылыс жұмыстары басталғанын, енді Тә­уелсіздік даңғылында үшінші көпір құры­лысы басталатынын айтты. Ол Алматы мен Есіл аудандарын байланыстыратын болады. «Қабанбай батыр даңғылының жолы сегіз жолақты болады, кей жерлері 6 жолаққа дейін кеңейтіледі. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін бір жыл жеткіліксіз, сол себепті екі жылға созылады» дейді Алтай Көлгінов сонымен бірге қаладағы кәріз жүйесіне қатысты мәсе­лелерге де тоқталды. Жыл сайын Б.Момышұлы, Иманов-Иманбаева кө­­шелерін су басып қалады. Осындай проблемасы бар учаскелерде жұмыс басталған. Бұдан бөлек, су басып қалу қаупі бар 30 жерде жұмыс істеу үшін құжаттар дайындалуда. Бұдан әрі әкім 125 км электр тарату желісінің, 7 км-ден астам су құбыры желісінің, 14 км канализациялық желі, 955 құдықтың иесіз екендігі анықталғанын айтты. «Транформаторлық подстансаларда 200 трансформатор бар, оларға біреу иелік ету керек қой. Біз қазіргі уақытта оның бәрін балансқа беру жұмысына кірістік, 30 пайызы берілді, қалғаны сот шешімі, құжаттама арқылы іске аспақ».Газдандыру елорда экологиясына оң әсер етпек

– Желсіз күндері қаланы қою түтін басады. Осындай көрініс былтыр да болған, биыл да байқалады. Бұл адамның денсаулығына зиян келтіреді. Қала тұрғындарының саны жыл өткен сайын арта түсетінін ескерсек, бұл мәселе тереңдей береді. Оған бірнеше фактор себеп болып отыр. Атап айтсақ, ЖЭС-1, ЖЭС-2 жылына 3,8 млн тонна көмірді жағады. Одан бөлек, қаладағы жеке секторлар жыл сайын 500 мың тонна көмір тұтынады. Бұдан атмосфераға қаншалықты зиян келіп жатқанын есептей беріңіз. Сонымен қатар геометриялық прогрессия бойынша саны артып келе жатқан автомобильдерден шығатын улы газдарды қосыңыз. Көліктер жылына 92 мың тонна ластандырушы газ шығарады екен, – деген Алтай Көлгінов газдандыруға көшкеннен кейін елорда ауасының ластану индексі 25 пайызға төмендейтінін айтты.
«Бірінші кезекте газбен қамтамасыз ету автоматтандырылған газ таратушы стансалар есебінен ЖЭС-1, ЖЭС-2, ЖЭС-3-ке жүргізіледі. Одан соң «Көктал-1», «Көктал-2» тұрғын алаптарына газ таратушы желілер қондырылады. Бұдан кейінгі кезекте желілер «Оңтүстік-Шығыс» және «Теміржолшылар» тұрғын алаптарына дейін орнатылады. Көптеген азаматтар газ бағасы туралы сұрақ қояды. Қазір есептеу жұмыс­тары жүріп жатыр» деді елорда басшысы.

Қалалық кеңістікті дамыту

Әкімнің айтуынша, бұл салада үлкен қалалар тәжірибесі басшылыққа алынады. Адамдар бәрі бірдей бір жерге жинала бермеуі керек. Ол кептелістер мен ыңғайсыздықтар тудырады. Сондықтан қалада скверлер, саябақтар, демалыс орындары көбірек болғаны жөн. Сол себепті ендігі жерде өзі тұратын аумақта спорт кешені ме, болмаса демалыс орнын салу керек пе, не керегін тұрғындардың өзі шешетін болады. Алдағы үш жылда 100 шақырымнан астам веложолдар салынады, олар шағын аудандарды қосады. «Мысалы, Қосшы жақты ипподромға қосатын тамаша веложол салынды, Ильинка мен Үркерді қосатын жерде өзім жүріп, көріп шықтым, өте тамаша жер, денсаулыққа да пайдалы. Бұл – абаттандыру жобасының бір түрі» деген әкім сонымен бірге бұқаралық спортты дамыту жұмыстарына да тоқталды. «Астана Марафонға» бір жылдың ішінде бір мыңнан астам адам қосылған.
Әкім сонымен бірге елорда халқын бағасы қымбат емес азық-түлікпен қамтамасыз етуде жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Елорда болғаннан кейін сұраныс көп, баға бірден көтерілмес үшін инвесторлармен бірігіп арнайы сауда орталықтарын салып, Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарының әкімдерімен келісімшарт жасадық, тиісті азық-түлік әкелудеміз» деді.

Мүгедек азаматтар мәселесі – назарда

– Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес елордада қолданыс­тағы ипподром базасында ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалтуға арналған ат спорты кешенінің құрылысы басталды. Кешен жабық манежден, сейіл және жаттығу алаңдарынан тұрады. Жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктес­тік аясында жүзеге асырылады. Балалармен арнайы оқытылған нұсқау­шылар шұғылданады. Сабақ үшін тек жуас аттар алынады, – деген әкім Алтай Көлгінов ипподром базасының үш бағыт бойынша дамытылатынын атап өтті. Олар: иппотерапия, ұлттық және классикалық спорт түрлерін өткізу және оларға дайындау, сондай-ақ турис­тік бағыт. Сонымен бірге ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін инватаксилер саны көбейді, әкім қосымша инватакси алуға көмек берген инвесторларға алғыс білдірді.Қоғамдық қауіпсіздік

– Біздің қаламыз қауіпсіз қала болуға тиіс, цифрландыру бұған оң ықпал етуде. Бейнебақылау камераларының көмегімен жол апатынан қайтыс болу оқиғалары 40 пайызға азайды. ЖКО екі есеге азайды. «Смарт-сити» тұжырымдамасы аясында «қауіпсіз аула», «қауіпсіз мектеп» бағдарламасын одан әрі жалғастырамыз. Медицина, білім, қауіпсіздік жүйесіне қатысты
80-нен астам қызмет түрін автоматтандыруды қолға алдық, – деді қала әкімі.
Қала әкімі сонымен бірге биылғы жылдың мәдени-рухани ерекшелігін атап өтуді де ұмытпады. «Биыл – ерекше жыл. Мәдениетімізді, тарихымызды ұмытпауымыз қажет. Ұлы Жеңіске 75 жыл, ардагерлерімізді ардақтауымыз керек. Сондықтан біз көптеген іс-шаралар жоспарладық. Биыл Абайдың мерейтойына орай 150 іс-шара атқарамыз. Бұл, Президентіміз айтқандай, «той тойлау емес, ой толғау», жастарға көрсету. Әл-Фарабидің мерейтойына байланысты 50 іс-шара өтеді, Оқушылар сарайына әл-Фараби есімі берілді. Абай әлемі орталығы салынады. Елбасының «Тәуелсіздікті алу қиын, оны сақтап қалу одан да қиын» деген сөзі бар. Біз осы күнімізге ауызбіршілік пен ынтымақтың арқасында жеттік, біздің мемлекеттің іргетасының өзі бірліктен, қоғамдық келісім арқылы қаланған» деп баяндамасын аяқтады Алтай Көлгінов.

ӘЛЕУМЕТ САУАЛЫ – ӘКІМ ЖАУАБЫ

Қала әкімі Алтай Көлгіновтің халыққа есеп беруінен кейін жұртшылық тарапынан оған көптеген сауалдар қойылды. Сұрақтар кездесу өткен «Астана» концерт залынан ғана емес, тікелей трансляция арқылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінен де жолданды. Тұрғын үймен қамту, білім, денсаулық сақтау секілді әлеуметтік мәселелерден бастап, шаһар шаруашылығы, руханият мәселелеріне дейінгі сұрақтарға қала басшысы екі сағат тік тұрып жауап берді. Солардың арасынан көпке ортақ маңызды сауалдарды іріктеп алып ұсынғанды жөн көрдік.

Жастарға пәтер беру бағдарламасы жалғасады

Жангелді ТӘКЕН:

– Өткен Жастар жылы жұмыс істейтін жастардың көпшілігі сатып алу құқығынсыз баспанаға ие болды. Менің таныстарым да пәтер алды. Олар үшін өте қуаныштымын. Бұл билік тарапынан жастарды үлкен қолдау деп санаймын. Менің білгім келетіні, осы тұрғын үй бағдарламасы биыл жалғаса ма?

– Бұл – өте өзекті сұрақ. Президенттің тапсыр­масымен желтоқсан айында жұмыс істейтін жастарға 1050 пәтер бердік. Бұл бағдарлама үш жылға жоспарланған. Яғни биыл да, келесі жылы да жалғасады. Біз өте үлкен сұранысты көріп отырмыз. Былтыр мың пәтерге алты мың адам құжат тапсырды. Тұрғын үйлерді бюджет есебінен ғана салмаймыз. Сұраныстың барын көріп, инвесторлар да қызығушылық танытып, бұл бағдарламаға қатысуға ниеттері барын жеткізді. Біз қолдарынан қағып отырған жоқпыз. Өйт­кені сұраныс алты есеге артып отыр. Осы жылы одан да көп болуы мүмкін. Сондықтан бағдарламаны жалғастырамыз.

«Бюджетке қатысу» жобасы барлық ауданда жүреді

Айгүл ҚАЛАБАЕВА:

– Мен Сәкен Сейфуллин, 40 мекенжайында орналасқан «Дара-2017» үй-жай (пәтерлер) меншік иелері кооперативінің төрайымымын. Өткен жылы Сарыарқа ауданында «Бюджетке қатысу» жобасы жүзеге асырылды. Байқоңыр ауданына да бұл жобаны енгізсеңіздер деген өтінішіміз бар. Осы жоба тұрғындардың өз аулаларын абаттандыруға қатысуымен ерекшеленіп отыр. Бұл өте тамаша, себебі аулаларда қандай құралдар болу керектігін өздері таңдайды. Жоба әкімдік жұмысының да ашықтығын қамтамасыз етеді. Яғни бюджет қаржысы қайда кетіп жатқаны анық көрінеді.

– Бұл мәселеге қызығушылық танытқаныңыз мені қуантып отыр. Сізді қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағдарламасына қатысуға шақырамын. Президенттің тапсырмасымен «Бюджетке қатысу» жобасы биыл қаланың барлық аудандарында жүзеге асырылады. Былтыр оған 100 миллион теңге бөлінсе, биыл қаржыландыру алты есеге артты, яғни 600 миллион теңге болмақ. Аудан әкімдерімен бірге өзім де қоғамдық кеңістіктерді аралап, адамдармен кездесемін. Бастысы, тұрғындар аулаларында не көргілері келетінін айтса болды.

Шаһарда мектептер көбейеді

Оралхан ЖАМХАНОВ:

– Сіздің елорда басшысы ретінде білім саласына көп көңіл бөлетініңізді естіп жатамыз. №59 мектеп-­лицейде әкелердің қамқоршылық кеңесі жұмыс істейді. Мектеп үш ауысымда балаларымызды оқытып жатқаны бізді мазалайды. Бұл жағдай оқушылардың білім алуына, қосымша үйірмелермен қамтылуына кері әсерін тигізуде. Театрландырылған би өнері, сурет салу, шахмат үйірмелерін ашуға мүмкіндік болмай отыр. Үш ауысымдық мәселе қалай шешімін табады?

– Бұл туралы баяндамамда айттым. Үш ауысымдық мәселені шешу үшін қалада көбірек мектеп салу керек. Биыл 10 мың орынға шақталған 12 мектеп саламыз. Келесі жылы одан да көбейтеміз. Бұл мәселе – біздің бақылауымызда. Сәл сабыр сақтау қажет. Ал үйірмелерге Білім басқармасы жауапты. Егер ондай мүмкіндік туса, оларды ашамыз.

Былтыр 125 жетім бала баспанаға ие болды

Алтынбек СӘКЕНОВ:

– Жетім болып өстім. 2010 жылы әкімдіктің тұрғын үй кезегіне тұрдым. 2011-2018 жылдары Ыстанбұлда оқыдым. Одан оралған соң барар жерім, басар тауым жоқ болып шықты. Араб тілінің мұғалімі мамандығын алған едім. Қазір жекеменшік балабақшаны аштым. Бірақ пәтер алуымның кезегі қашан келеді?

– Сіз аз қамтылған, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша кезекте тұрсыз. Қалада салынып жатқан үйлердің 20 пайызы сіздің санатыңызға жататын адамдарға беріледі. Биыл тұрғын үй құрылысы екі есеге артады. 2019 жылы осы санаттағы 125 жетім бала баспанаға ие болды. Бұл бағытта жұмысты күшейтеміз. Пәтерді кезегіңізге сәйкес аласыз.

Спорт кешендері жөнделеді

Минаш ҚОЖАХМЕТҚЫЗЫ:

– Мен №4 олимпиадалық даярлық балалар-­жасөс­пірімдер спорт мектебіне баратын балалардың ата-­аналары атынан келіп отырмын. Мектепте төрт бөлімше жұмыс істейді. Жүзудің өзіне 580 бала барады. Қыркү­йек сайын жаңадан қабылдау басталады. Мұндағы үйірмелерге барғысы келетін бала саны көп. 2018 жылы «Қазақстан» және «Толқын» спорт кешендері жабылған соң бассейн мәселесі туды. Бұл мәселе қашан шешіледі?

– «Қазақстан» және «Толқын» спорт кешендерін жөндеу Президенттің тапсырмасымен жүргізіледі. Бұл проблемадан хабардармыз. Алдағы наурыз айында «Толқында» күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Ал «Қазақстанға» бұрын көп халық баратын. Онда мұз да, бассейн де бар. Сол маңайда спорттық нысандар да жоқтың қасы. Қазіргі жағдайда бұл нысан жұмыс істей алмайды. Себебі бәрінен бұрын қауіпсіздікті ойлауымыз керек. Конкурстық жұмыстардың бәрі аяқталды. Көктемде жөндеуді бастаймыз.

Жұбан ақынға көше беру мәселесі қаралды 

Нұрболат ТӨРЕҒОЖА:

– Баяндамаңызда биыл әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы және Ұлы Жеңістің 75 жылдығы атап өтілетінін айттыңыз. Елордамызда туғанына жақында 108 жыл толған Дінмұхамед Қонаев көшесі бар. Бұл көшенің бойында №66 мектеп-лицей тұр. Осы оқу орнын Қонаевтың атына беруіңізді сұраймыз. Бұл – көпшіліктің тілегі. Сондай-ақ осы жыл – көрнекті ақын, соғыс ардагері Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойы. Елордада талай көше бар, бірақ Жұбан ақынның көшесі жоқ. Орталық көшенің бірі оның атына берілсе деген тілегіміз бар.

– Осы ұсыныстарыңызды ономастикалық комиссия қарауына шығару жоспарын бекітейік. Дұрыс айттыңыз, биыл – Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығы. «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп қазақтың мұңын жырлап, ұлт мәселесін көтерген, елді бірлікке шақырған ақынның атына көше беру мәселесін қарастырамыз.

«Өндіріске» көпір салу жоспарда бар

Қалымжан ӘЛКЕБАЙҚЫЗЫ:

– Отыз жылдан бері «Өндіріс» тұрғын алабында тұрамын. Кентімізде көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Аулалар абаттандырылып, бізге көңіл бөлінуде. Осындай істерді айтуымыз керек. Көптен бері кентте әлеуметтік нысандар салынбаған еді. Баяндамаңыздан спорт сарайы салынатынын естіп, қуанып жатырмыз. Бір мәселе, адамдар жұмысқа баратын, қайтатын уақытта көлік кептелісі көп болады. «Өндіріске» көпір салынады дегенді естиміз. Сол рас па? Осыны өз аузыңыздан естігім келеді.

– Қаланың бас жоспарына сәйкес үлкен айналма жол мен кіші айналма жол бар. «Өндіріске» апаратын теміржолдың үстінде көпір болуы керек. Ол жоспарға кірген. Бірақ бұл биыл салынбайды. Осы жылы Қабанбай батыр даңғылы бойында көпірлер құрылысын аяқтасақ, «Өндіріске» келеміз. Сәл күту керек.

 

Елорда тұрғындарының саны 1998 жылы шамамен 350 000 болса, 2019 жылы

1 млн 200 мыңға жетті.

 

Қаланы көгалдандыру қарқын алады 

Оксана ОГАНЕЗОВА:

 – Қала әкімдігі шағын бақтар мен саябақтарда тұрғындар демалу үшін жағдайлар тудырып, көп жұмыс істеп жатыр. Гүлдерге, ағаштар мен газондарға күнделікті күтім керек екенін барлығымыз білеміз. Бұл бағытта әкімдік не істеп отырғанын білгім келеді.

– «Қоғамдық кеңістіктерді дамыту» бағдарламасын «адамдарға арналған қала» қағидасын ұстанып, шаһар халыққа жайлы болуы үшін әзірледік. Тұрғындар мен қала қонақтары қаланы аралағанда көз сүйсінетін көрініс­терге көбірек кездессе екен дейміз. Әрине, бірқатар мәселелер бар. Былтыр жазда оннан астам саябақ пен гүлбақтың иесі болмады. Оларды күтіп ұстауға қаржы бөлінбеген. Есіл өзені бойындағы саябақтың өзін белге дейін келетін шөп басып кеткен. Шағын сәулеттік құрылыстардың жартысы мен орындықтар сынған. Жарықтандыру элементтері жарылған. Қазіргі кезде бәрін балансқа алдық. Мен айтқан саябақ Алматы ауданы әкімдігінің иелігіне берілді. Алдағы көктемде көгалдандыру жұмысы қарқынды жүргізіледі. Оған сізді де қатысуға шақырамын. Біз қаламыздың әдемі болғанын, одан сайын жақсарғанын тілейміз.

Беттерді дайындағандар:

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ,

Жадыра ШАМҰРАТОВА,

Аманғали ҚАЛЖАНОВ,

Сұлтан СЕЙІТОВ (фото) 

 

* * *

Елорда әкімінің есеп беру кездесуінде қалалық басқармалар мен қызметтер де тұрғындардың сұрақтарын тыңдап, өтініштерін қабылдады.
 Айнұр ӘМІРХАН, кәсіпкер ана:

ЕРЕКШЕ  ФОРМАТТАҒЫ ЕСЕП

– Әкімнің қала тұрғындарымен кездесуі ерекше форматта өткенін айтқым келеді. Кездесуге келген әрбір адам әкімге тікелей сұрақ беріп, жауап ала алмайтыны анық еді. Сондықтан фойеде әкімдікке қарайтын барлық басқармалардың, мекемелердің және қызметтердің өкілдері тұрғындарды қабылдап, әркімнің толғандырған сұрақтарын жазып алып, кейбір мәселелер бойынша нақты кеңес беріп немесе шешім жасап жатқандары көңілге қонды. Сонымен қатар онлайн сұрақтар да қойылып, кездесудің аудиториясы кең болғанын көрсетті.
Алтай Көлгінов қаланың шағын аудандарын абаттандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында жақсы айтты. Бұл ретте тұрғындардың өзіне абаттандыру жұмысына, бюджетті қалыптастыруға қатысуға мүмкіндік беріліп отырғаны өте ұтымды болып отырғанын айтқым келеді. Демек, қала әкімдігі тұрғындардың өзін белсенді болуға шақырып отыр. Осы орайда «Жанұя» орталығының жұмысын да атап өткім келеді, қарапайым халықтың мүддесіне қарай бірталай жұмыстар жүргізіп отыр. Ал біз, яғни қалалықтар, осы мүмкіндіктерді пайдалана білуіміз керек. «Халыққа құлақ асатын үкімет» дегеніміз осы болар.
Мен өзім кәсіпкермін, бір жағынан блогермін де. Қаладағы барлық жағдайға мән беріп жүремін. Негізгі жұмысымнан бөлек көпбалалы аналарға өз кәсібін ұйымдастыруға көмектесеміз.

Рахым ҚОСЫМЖАНҰЛЫ,
«Жас-Нұр» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының қызметкері:

ТҰРҒЫНДАР ӨЗДЕРІ БЕЛСЕНДІ БОЛУЫ КЕРЕК

– Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елорда тұрғындары алдында есеп беру кездесуінде көптеген сұрақтарға жауап берді. Менің де бір-екі сұрағым бар еді, бірақ кешігіп қалғандықтан, кезектің көп болғанынан, фойеде қабылдау жүргізіп отырған басқарма мамандарына бардым. Бір сұрағымды жазып алса, екінші өтінішімнің шешімін сол жерде алдым.
Қала әкімі коммуналдық шаруашылық қызметінің жұмысшыларына алғыс білдіргеніне риза болдым. Қардың қалың түсуіне байланысты күні-түні жұмыс жүргізілгенін көрдік. Қыс түскелі 3 млн 500 мың текше метрге жуық қар қала сыртына шығарылыпты, бұл деген қыруар жұмыс қой. Табиғаттың тосын құбылысы болса да, одан сақтану, қорғану ол адамдардың өзіне байланысты болатыны сөзсіз. Сондай-ақ осы ретте «Біз біргеміз» қайырымдылық шарасының ұйымдастырылғаны да өте дұрыс болды деп есептеймін. Қиын жағдайда қала тұрғындарының біріге алатыны, көмекке мұқтаж адамдарға қолдау бере алатыны байқалды. Осының бәрі, әрине, қала басшылығының жұмысты ұтымды ұйымдастыра білуінен деп ойлаймын.
Жалпы, елордамыздың жайлы болуы, оның тұрғындарының әлеуметтік тұрмыс-тіршілігінің жақсы болуы тек әкімдікке байланысты болмайтынын, ол бірінші кезекте біздің өзіміздің, яғни тұрғындардың белсенділігіне де байланысты болатынын айтқым келеді. Қалай дегенмен, біз елорданың, мемлекеттің бас қаласының тұрғынымыз ғой.

Валентина ИЗМАИЛОВА, қала тұрғыны:

МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ – КҮРДЕЛІ САЛА

– Медициналық қызмет көрсету – үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Осы орайда жыл өткен сайын халық саны өсіп бара жатқан елордамызда бұл саланың жұмысы оңайға соқпасы анық. Дегенмен қаламызда денсаулық сақтау қызметтері заманға сай дамып келе жатқаны байқалады.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімімен кездесуге келгендегі мақсатым – тұрғындардың емханаларға бекітілу мәселесінің мән-жайын білу. Бұрын біз отбасымызбен «Шипагер» емханасында қаралушы едік. Енді ол мекемеден шықтық. Содан қолайлы болуына қарай басқа емханаға тіркелуге тиіс болдық. Алайда ол жақтағылар қаралушылардың көп болуына байланысты өтінішімізді қабылдамады. Осы жағдайды білуге келгенмін, фойедегі Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қабылдау жүргізіп отырған мамандары мәселемді тыңдап, осы жерде-ақ шешімін тауып берді. Тұрғындарға осындай қолайлы жағдай жасағаны үшін әкімдікке алғыстан басқа айтарым жоқ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды