©2020 Астана Ақшамы
ЕЛОРДАМЕН БІРГЕ ЕСЕЙГЕН
Бұл – осыдан бірнеше жыл бұрын болған оқиға. Жедел жәрдем қызметкерлері ҚР Президенті Іс басқармасының ауруханасына бір офицерді жеткізеді. Дәрігерлердің тексеруі нәтижесінде офицердің тамағына бөгде дененің қадалып қалғаны белгілі болады. Сұрастыра келсе, оқиға былай екен. Жоғары шен иеленген полиция қызметкері қуанышын әріптестерімен қосылып тойлатады. Әскерилердің жазылмаған заңы бойынша, шенге ие болған адам иығындағы жұлдызшаларын стакандағы ішімдікке салып, басына бір-ақ көтеруі керек. «Бәле қайда, бассаң, аяқ астында» деген осы. Офицер байқаусызда ішімдікпен бірге ішіндегі жұлдызшаны да қоса жұтып жіберіпті. Ауруханадағы Талапбек Әженов бастаған кезекші дәрігерлер дереу іске кірісіп, науқастың көмейіне қадалған жұлдызшаны әп-сәтте суырып алады. Абырой болғанда, бәрі сәтті аяқталып, әлгі офицер амбулаториялық ем алып, үйіне жіберіледі.
Медицина саласында атауы тіл күрмейтін «оториноларинголог» деп аталатын маман бар. Айтылуы қаншалықты қиын болса, олардың атқарар қызметі де соншалықты ауыр.
Грек тілінен аударғанда ото – құлақ, ринос – мұрын, ларингс – тамақ деген мағынаны білдіреді екен. Яғни, біз айтып отырған маманның негізгі қызметі ағзадағы осы үш мүшемен тікелей байланысты.
Біздің кейіпкеріміз – осы салада он бес жылдай тәжірибесі бар Талапбек Әженов есімді азамат. Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының ауруханасында қызмет етеді. Астана Медицина университетінің білікті ұстазы, кафедра профессоры. Қазақ оториноларингологиясының атасы атанған Райыс Төлебаевтың шәкірті.
Осыдан бір-екі жыл бұрын елімізде тұңғыш рет отандық дәрігерлердің қолымен жасалған кохлеарлық имплантацияны жүзеге асырғандардың бірі де осы азамат болатын. Құлағы естімейтін жандардың есту қабілетін қалпына келтіретін операция бұған дейін тек шетелдік дәрігерлердің көмегімен ғана жасалып келген болатын. «Шетелде төрт сағатқа дейін созылатын операцияны астаналық мамандар небәрі екі сағатта аяқтады. Олар өзімнің шәкірттерім екенін мақтанышпен айта аламын» деген болатын сол кезде Райыс Қажыкенұлы.
Соңғы он жылда Астана медицинаның ахуалы айтарлықтай жақсарды. Мәселен, бұрындары мұрын қуысына операция жасау үшін дәрігерлер сыртқы теріні кесуге мәжбүр болатын. Нәтижесінде науқастан көп қан кетіп, терінің тұтастығы да бұзылатын.
Талапбек Мұратұлының айтуынша, қазір барлық операция эндовидеолық хирургия бойынша жасалады. Бұл кезде эндоскопиялық камера құлаққа немесе мұрынға енгізіледі де, олардың ішкі құрылысын дәрігерлер арнайы монитордан бақылап отырып, операцияны жүргізе береді.
Оториноларинголог-дәрігерлердің қызметінің күрделілігі сол, үш бірдей мүшенің саулығына жауап береді. Үшеуі бір-бірімен тығыз байланысып жатыр әрі адамның бас мүшесінде орналасқан» дейді дәрігер. Сондай-ақ, құлақ, мұрын, тамақ ауруларының жас талғамайтыны тағы бар. Кез келген адамда кездесуі мүмкін. Қарапайым ғана мысал, ауа райының қолайсыздығы, маусымдық аллергиялар осы аурулардың асқынуына әкеліп соғуы мүмкін. Ал, мұндай асқынулар өмірге өте қауіпті. Құлаққа, мұрынға суық тиюдің соңы менингитке ұласуы мүмкін немесе мұрын қуысындағы іріңді процесс көздің жұмысына әсер етуі ықтимал. Ал, тамақтың баспа ауруы асқынса, залалы кеуде қуысына өтіп кетуі мүмкін.
Алғашқы еңбек жолын елордадан бастаған Талапбек Әженов бүгінде оториноларингология саласы бойынша кандидаттық, докторлық диссертациясын қорғап үлгерді. 1998 жылы арнайы шақыртумен келіп, сол кездегі Ақмола Медицина университетінің аспирантурасына түскен болатын. Ауа райы қолайсыз, жері батпақ, көшелері тар шағын қаланы көргенде «Оқуымды тәмамдап, елге қайта ораламын ғой» деп жұбатқан болатын өзін. Бірақ, ұшақтан түскенде ұсқынсыздау көрінген қала кейпі күн өткен сайын көз алдында көркейе берді. Сәулеті артып, сәні келісті. Қаламен бірге мұның да дәреже, деңгейі, тәжірибесі өсіп келеді.
Шынар ДОСАН