Елордамен бірге еңсе тіктеген

немесе ЕҰУ-дың жемісті жиырма бес жылы

0 94

Осыдан тура 25 жыл бұрын, нақтылап айтсақ, 1996 жылы 23 мамырда Арқаның төсінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей Жарлығымен бірегей білім ордасы бой көтерді. Ол заманда білім мен ғылымға сусаған қазақ жастарына бұл хабар айтарлықтай қуаныш сыйлады. Ақмоланың еңсесін тіктеп, астананың кербез келбетіне көрік берген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті – бүгінде еліміздегі ең үздік оқу орындарының қатарында. Жастардың жұлдызын жағып жүрген оқу ордасын мерейлі мерекесімен құттықтап, тарихына көз жүгіртіп көрсек.Бұдан сәл ертеректе Целиноград педагогика институты мен Целиноград инженерлік-құрылыс институты қосылып, Ақмола аймақтық университеті атанған еді. Сол оқу орны Тұңғыш Президентіміздің пәрменімен қайта жасақталып, жаңа астананың білім-ғылым көшбасшысы ретінде орнықты. Университетке көрнекті түркітанушы ғалым
Л.Н.Гумилевтің есімі берілді.
Ал Еуразия Ұлттық университеті құрылған сол жылы Үкіметте астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру мәселесі қызу талқыланып жатты. Үміт пен күдікке толы күрделі кезеңде отау тіккен білім ордасы жаңа астананың алғашқы хабаршысындай еді. Жұрт астанадан бұрын айбынды білім ордасының бірінші болып іргесі қаланғанын жақсылыққа жорыды. Ал екі жылдан кейін астана ресми түрде Арқаға көшкенде университет едәуір еңсесін көтеріп қалды. Елордаға қатысты барлық жаңалықтың бел ортасында болып, астананың әр қонағына есігін айқара ашып қарсы алды. Ал Алматыдан келген алғашқы оқытушылар жай-күйінің жоқтығына қарамай, уақытпен санаспай жаңа университеттің ұлттық деңгейге сай болуы жолында аянбай еңбек етті. Өйткені олардың ертеңгі күнге деген сенімі берік еді. Жаңа қаланың жаңа тұрғындарын Ақмоланың зиялы қауымы құшақ жая қарсы алды. Жылдан-жылға ұлттық реңктің бояуы қалыңдай түсті. Тілді дамытуға арналған түрлі шаралар көбірек өтетін болды. Соның бәріне университет оқытушылары белсене атсалысты.

Орны бөлек «Отырар кітапханасы»

Кейін Ақбұлақ өзенінің жағасынан университеттің бас ғимараты салынды. Оның іргесінен студенттер мен педагогтарға арналған «Отырар кітапханасы» бой түзеді. Студент жастар мен кітапты байланыстыратын алтын көпір де – осы кітапхана. Оның тарихы 1962 жылы негізі қаланған С.Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институтының шағын кітапханасынан басталады. Бастапқы қоры Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарынан сыйға берілген 5504 дана кітаптан тұрды. 2001 жылы жазба рухани-тарихи мұраларды сақтау, кітапхана қорын дамыту және кеңейту мақсатында университет кітапханасы базасында «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы болып ашылды. 2008 жылы электрондық кітапхана құру ісі қолға алынып, кітапханалық-библиографиялық үдерістер толығымен автоматтандырылды. Студенттер өздеріне керекті кітапты қолындағы смартфондары арқылы қай бөлімде, қанша данамен тұрғанынан толық ақпарат ала алады. 2000 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғылыми кітапханасы – Астана қаласы мен Ақмола облысының жоғары және орта кәсіптік білім беру жүйесі кітапханалары үшін ғылыми-әдістемелік орталығы болып бекітілді. Бүгінгі таңда, кітап­хана – ақпараттық білім беру және мәдени-рухани орталық. Ғылыми кітапхананың кітап қорында 1,5 млн данадан аса оқулықтар, ғылыми әдебиеттер, мерзімді басылымдар, авторефераттар, диссертациялар, әдістемелік құралдар, библиографиялық көрсеткіштер, шет тіліндегі басылымдар және электронды оқулықтар бар.Көк тіреген Күлтегін

Көпшіліктің ойына Еуразия десе Күлтегін, Күлтегін десе Еуразия университеті түседі. Екі ұғым тамырымен тұтасып, мақсатымен бірігіп кеткендей. Қазақстан Рес­публикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл толған даталы мереке қарсаңы, яғни, 2001 жылдың мамыр айының 18-жұлдызында елорда төріндегі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің үлкен залында Күлтегін жазба ескерткішінің көшірмесін орналастыру салтанаты өтіп, күллі түркі дүниесіне ортақ құнды жәдігердің лентасын Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қиған еді. Бұл мәдени-тарихи шара тәуелсіздік жылдарындағы елеулі оқиға ретінде ел есінде қалды. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-те «Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізіліп, маңызды бас қосуға, әлемге әйгілі қырғыз қаламгері Шыңғыс Айтматов, қазақ ақыны Олжас Сүлейменов, Ресей ғылым академиясы шығыс­тану қоғамының вице-президенті ­Д.Васильев сынды небір мықтылар екі күн бойы қатысады. Осы шарада сол кездегі университет ректоры Мырзатай Жолдасбеков бастаған топ Күлтегін ескерткішін ресми түрде таныстырды.

Мұражайлар мекені

Астанадағы іргелі оқу ордасы болғандықтан да мемлекеттік деңгейдегі көптеген ірі шаралар осы университетте өткізіле бастады. Әлемнің талай елінің президенттері Қазақстанға келген сапарында университетке ат басын бұрып, жаңа білім ордасының жай-күйімен танысып, арнайы қолтаңбасын қалдырды. Тек қолтаңба ғана қалдырып қойған жоқ, оқу орнының іргесіндегі саябаққа арнайы барып, бір-бір шыбық шаншып кетті. Сол шыбықтар қазір көгеріп-көктеп, еңсесін тіктеп, саялы ағашқа айналды. Осылайша, Еуразия Ұлттық университетінің буыны қатайып, бұғанасы беки түсті. Анау айтқандай, мол тарихы болмаса да университеттің әр бұрышы тарихи деректер мен рухани мұраларға тола бастады. Оқу орнында бірнеше мұражай желісі бар. Солардың бірі – жазу тарихы мұражайы. Ұлттық университеттегі түркі жазуы тарихы мұражайының негізгі мақсаты – жазу тарихын зерделеу. Адамзаттың даму тарихында көшпелілер өркениетін қалыптастырып, «Мәңгілік ел» идея­сын ұсынған, қазір өзара тамырлас 26 тілде сөйлейтін түбі бір түркі жұрты да өзінің әлімсақтан бергі тарихында 16 жазу үлгісін қолданды.
Келесі Л.Н.Гумилевтің мұражай-кабинеті 2002 жылдың қазанында ашылған. Мұражай-кабинеттің ашылуына зор көмегін тигізген және қолдау көрсеткен ұлы ғалымның асыл жары – Наталья Гумилева. Мұражай нақты, жазбаша, бейнелеу көздерін жинап, сақтап, көрмеге қояды. Сондай-ақ тарих және география ғылымдарының докторы, еуразия ғылыми бағытының атақты өкілі Лев Гумилевтің өмірбаяны мен көрнекті тарихшы-этнологтың ғылыми қызметінен сыр шертеді.

Еңбегі ерен ректорлар

Елдің таңдаулы ғалымдары осында шоғырланды. Сөйтіп, жаңа қалада университет менталитеті қалыптаса бастады. Өзіндік салт-дәстүрлері, жөн-жоралғылары орнықты. Жалпы университет тарихында 25 жылда 5 ректор басқарды. Олардың қай-қайсысы да оқу орнын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Қазақ мемлекеттік университетінде ұзақ жыл қызмет істеген білікті ғалым Амангелді Құсайынов Алматыдан мамандар шақырып, жаңа оқу орнының көшін түзеді. Жатақханаларды қайта жасақтап, жайлы пәтерге айналдырып, оқытушыларды қоныстандырды. Көрнекті түрколог ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ауқымды шараларды көбірек өткізіп, білім ордасының танымалдылығын арттыра түсті. Байсалды басшы Сәрсенғали ­Әбдіманапов педагогика саласына жете көңіл бөліп, жаңа технологияларды көбірек енгізуге күш салды. Ойлы мақалалар жазып, Арқа төсіндегі университеттің жаңа имиджін қалыптастырды. Білікті заңгер, жігерлі жетекші, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Бақытжан Әбдірайым үнемі батыл қадам жасап, оқу орнының халықаралық рейтингін көтерді. Университеттің материалдық жағдайын жақсартып, дербестігін сақтап, қызметкерлеріне үнемі қорған болды. Ал қазіргі ректор, танымал тарихшы, ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Сыдықов бұрынғы әріптестерінің дәстүрін лайықты жалғастырып, оқу орнын жаңа үрдістерге сай ілгерілетіп, беделін одан әрі биіктетті.

Білім биігіндегі ЕҰУ

Жаңа университет жаңа елордамен бірге өсіп-жетілді. Астананың ауқымы ұлғайған сайын университет студенттерінің саны арта берді. Алғашқы жылдары мұнда 5 мыңдай ғана студент оқып, 300-ге жуық оқытушы жұмыс істеді. Қазіргі күні Еуразия Ұлттық университеті қала ішіндегі қалаға айналған. 20 мыңнан аса студент білім алып, 3500-ден астам қызметкер жұмыс атқарады, олардың 1500-і – профессор-оқытушылар құрамының өкілдері.
Оқытушылар құрамының қажырлы еңбегінің арқасында университет мықты инфрақұрылымдарымен дамыған, оқу-лабораториялық ғимараттарымен, ғылыми-зерттеу институттарымен, әлеуметтік әрі мәдени бағыттағы нысандармен толыққан білім ордасына айналды. 13 факультет, 23 ғылыми-зерттеу институты, «Кәусар», «Дала сазы», «Шаңырақ» секілді рухани-танымдық бірлестіктері бар. Осының бәрі 25 жыл толып отырған университеттің білім беру ісі мен ғылыми әлеуетін арттыруға өзіндік үлесін қосып жатыр. Әсіресе, соңғы жылдары университет атын Қазақстан көлемінде ғана емес, әлемдік білім кеңістігінде де абыроймен танытуда. Соның бір айғағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті әлемнің алдыңғы қатарлы 50 жоғары оқу орны рейтингіне кірді. «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын иеленді. Халықаралық деңгейде «Алтын жұлдызға» қол жеткізіп, білім беру саласы бойынша жоғары сатыға шықты. ТМД арасында топ жарды. «Ірі кәсіпорын» номинациясы бойынша Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің сапа жағынан 10-халықаралық турнир жеңімпазы атанды. Ал жыл сайынғы Қазақстан жоғары оқу орындарының сұраныс рейтингі бойынша Еуразия Ұлттық университеті көш басынан түскен емес. Оқу орны ресми деңгейде әлемнің 160 жоғары оқу орнымен байланыс орнатқан. Күні бүгінге дейін университетте әлемнің 45 мемлекетінен 1000-нан аса маман келіп дәріс оқыды. Президенттің «Болашақ» стипендиясы арқылы 100 шақты студент шетелдік ЖОО-да білім алып, 300-ден аса профессор-оқытушы құрамы ғылыми тағылымдамадан өтті. Соңғы бес жылда білім алушылар саны 42%-ға артса, бұл жастардың Еуразия Ұлттық университетіне, оның сапалы білімге кәсіби тәсіліне үлкен қызығушылық тудыратынын білдіреді.Елорда төріндегі торқалы той

Еңселі оқу ордасы күні кеше «Ай-хай, жиырма бесін» жоғары деңгейде атап өтті. Пандемиямен тұспа-тұс келген мерейтойда барлық санитарлық ережелер қатаң сақталып, таңнан кешке дейін жалғасқан іс-шаралар университеттің youtube арнасында тікелей эфирде көрсетіліп, Қазақстанның әр аймағынан мыңнан астам адам тамашалады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов ең әуелі «University sports centre» жаңа спорттық-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылуына қатысты. Одан әрі қонақтар, университет басшылығы мен қызметкерлері «ENU green team» ағаш отырғызу шарасына қатысып, бас ғимараттың алдына тал екті. Оқу ордасының шығармашыл жастары әлеуметтік ара қашықтық пен маска режимін сақтай отырып Ақбұлақ өзенінің жағасында «Бізге – 25!» флешмобын қойды. Сондай-ақ «ЕҰУ жылнамасы: қалыптасу, даму және жасампаздықтың 25 жылы» тақырыбында фотокөрме өтті. Іс-шара аясында «Абай академиясы» кітаптар сериясы мен ЕҰУ-дың 25 жылдығына арналған кітаптардың таныстырылымы және «Turkic Studies Journal» ғылыми журналы мен «Тарих сабақтары – өткенге тағзым» көрмесінің тұсаукесер рәсімі болды. Білім және ғылым минис­трі Асхат ­Аймағамбетов Ғылыми Кеңестің кеңейтілген мәжілісінде Елбасы ­Н.Назарбаев пен Президент ­Қ.Тоқаевтың құттықтау сөзін жеткізді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы ЖОО Ректорлар кеңесі өтті. Мерей­тойлық шаралар «Университетім – мақтанышым!» атты Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрі және белгілі өнер қайраткерлерінің қатысуымен өткен концертпен қорытындыланды.
Талай жастың асыл арманына айналған Еуразия Ұлттық университеті өз тарихының ширек ғасырын аяқтап, жаңа белеске қадам басты. Алдағы меже – әлем елдерінің дамыған үздік 200 университетінің қатарына ену, сапалы маман дайындап, ел болашағына үлес қосу. Қазір пандемияға қарамастан Еуразия Ұлттық университеті студенттер санының артуына байланысты қосымша жаңа жатақханалар салуда. Бес қабатты 2467 орынға арналған үш заманауи Студенттер үйі кешені Ахмет Байтұрсынов және Кенен Әзірбаев көшелерінің қиылысынан бой көтеруде. Бұл да – 25 жылдықта есте қалар жарқын сәттердің бірі.

Көктем ҚАРҚЫН

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 5 =