Елордалықтар классикамен қауышты

0 17

Ресейдегі танымал өнер ұжымдарының бірі Евгений Вахтангов атындағы мемлекеттік академиялық театры жаңа жылдағы алғашқы гастрольдік сапарын қазақ жерінен бастап, «Астана Опера» театрында ұлы ақын А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан көріністер және А.Чеховтың «Ваня ағай» спектаклін қойды.Екі қойылымды да елордалықтар қызығып көрді. Әсіресе, атақты ақынның «Евгений Онегин» романынан алынған көріністерді жеткізген әртіс­тердің кәсіби шеберлігіне тәнті болдық. Ұлы шайырдың жүрегін тербегін сезімімен жыр болып төгілген шығарма сахнада өзгеше күйге еніп, көрермендерге махаббаттың ғажайып нұрын септі.
Тамаша суреткер Чеховтың «Ваня ағайын» шығармасын білмейтін оқырман кемде – кем. Кезінде бұл туындыны аса талантты режиссер Әзірбайжан Мәмбетов сахналаған еді. Чехов пьесасындағы кейіпкерлер бейнесінің жаңа интерпретациясын танымал актерлер: Сергей Маковецкий, Юрий Шлыков, Людмила Максакова, Владимир Вдовиченков, Анна Дубровская, Евгения Крегж­де, Юрий Красков, Любовь Корнева, Виталийс Семёнов сомдады. Үш сағатқа созылған қойылымды жұртшылық кірпік қақпай тамашалады.
Осы екі қойылымның авторы Римас Туминас: «Пушкин, Лермонтов, Чехов, Гогольден артық не болуы мүмкін? Жас келген сайын пьесалардың тарихын үш актіге сыйдырып жеткізуден жалығасың – әдебиетке қайтып оралғың келеді, әдебиеттен театр тап­қың келеді. Спектакльді жасап шығаруға әртістерді араластырып, өз тәжірибең, білімің мен мәдениетіңе сүйене отырып, олармен бірге қойылымды жарыққа шығарғың келеді. Бүгінгі күнімізде де классикамен қауышу біздің заманымыз­дағы түсінігіміз бойынша күтпеген жаңа дүниелерді ашуға мүмкіндік береді, мұны ешнәрсемен алмастыру мүмкін емес. Бұл қайнардан алатынымыз шексіз» деген пікір білдіріпті.
Айтпақшы, Туристік қыз­метті қолдау бойынша Федералды орталық бас директорының орынбасары Владимир Черкасов баспасөз конференциясында бұл өнер сапары «Ауқымды гастрольдар» бағдарламасы аясында ұйымдастырылғанын айтты. «Біз шетелдік бағдарламаны 2015 жылдан жүзеге асыра бастадық. Содан бері Қазақстан біздің белсенді серіктесіміз болды. Бағдарлама жақын шетелдердегі орыс тілді театрларды қолдауға бағытталған. Қазақстандағы алғашқы серіктесіміз Алматыдағы М.Лермонтов атындағы орыс драма театры болды. Өткен жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласы да бағдарламаға енді» деді ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды