Елордалық үздік отбасы

0 5

Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырған жалпықалалық «Үздік жас отбасы» сайысы өз мәресіне жетті.

Байқауға 100-ге жуық елордалық жас отбасылар қатысқан. 3 кезеңнен тұратын іріктеу айналымы карантиндік жағдайға байланысты онлайн өткізілді. Топ жарған 10 отбасы финалда бақ сынады.
«Бұл байқаудың негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттау. Биыл жас отбасылар сайысқа белсенді түрде қатысты. Байқау 4 кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар «Неге біз осы байқау­да жеңіске жетуіміз керек?» тақырыбына бейне-визитка түсірді. Іріктеу кезеңінен өткен 80 қатысушы отбасы мессенджердің жалпы чатында біріктіріліп, оларға келесі кезеңдерге тапсырмалар берілді. Екінші кезеңде «Birgemiz» волонтерлік қозғалысының жеті бағытының бірі бойынша игі іс жасады. Ал үшінші кезеңде «Отбасы – бақыт мекені» тақырыбында эссе жазды. Әділ қазылар алқасы жазылған жұмыстардың креативтілігін, сауаттылығы мен мазмұнын бағалады. Байқаудың жалпы жүлде қоры 1 млн 800 мың теңгені құрайды. Бірінші орынға – 500 мың теңге, екінші орынға – 350 мың теңге, үшінші орынға 250 мың теңге және қалған отбасыларға жұбаныш сыйлығы ретінде 100 мың теңгеден тағайындадық» деді Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Жүнісбеков.
Байқаудың қорытынды кезеңі көрерменсіз өтті. Финалда ең үздік жас отбасы атағы үшін сайыскерлер өнер көрсетуден, ең креативті махаббат сезімін білдіруден және серігін жаңылмай тану тестінен тұратын қосымша үш сайыста бақ сынады.
«Біздің отбасы құрғанымызға 5 жыл болды. Бір ұл, бір қызымыз өсіп келеді. Жас отбасыларға ерекше қолдау білдіріп осындай үлкен байқау өткізген ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз. Байқаудың өтетінін әлеуметтік желіден байқап қалып, бақ сынап көрейік деп шештік. Сайыс кезеңдері де қызықты өтті. Әсіресе, ерікті ретінде көпбалалы анаға азық-түлік апарып, алғысын алғанымыз есімізде қалды» деді үздік жас отбасы атанған ­Тлеубековтер жанұясы.
Әділ төрелік жасаған қазылар алқасының құрамында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы Сейітжан Қойбақов, Құрмет орденінің иегері Қыдырәлі Болманов, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар-жасөспірімдер ұйымының жетекшісі Динара Сәдуақасова, «Нұр Отан» партиясының «Бірлік» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шыңғысхан Қожахметов және 2018 жылғы үздік жас отбасы Азат пен Әлия Жұмағұловтар болды.
Байқау нәтижесі бойынша 1-орынды Шыңғыс Тлеубекұлы мен Мадина Тлеубекова, 2-орынды Нұргүл Тырнахан мен Айдос Мерзамхан, 3-орынды Сұңғат Аймамбетов пен Арайлым Қайратова иеленді. Ақтық сынға өткен қалған жеті отбасы да кәдесіз қалған жоқ. Жеңімпаздарға сыйақы сертификат түрінде берілді. Қаладағы кез келген дүкеннен отбасына қажетті тұрмыстық техника ала алады.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × four =