Елордалық қыздар – қола жүлдегер

0 39

Футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Нұр-Сұлтан қаласының №8 СДЮСШОР командасы қола жүлдегер атанды.

COVID-19 жағдайына байланысты биылғы чемпионаттың регламентінде өзгерістер орын алды. Осы жағдайға орай Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы барлық эпидемиология­лық-санитарлық талаптарды сақтай отырып, біріншілікті толыққанды аяқтау жөнінде шешім қабылдаған болатын.
Әйелдер чемпионатының шешуші ойындары Шымкент қаласында ұйымдастырылды. Биылғы біріншіліктің жүлдесі үшін 6 ұжым жарысқа түсті. Негізгі бәсеке Шымкент, Көкшетау және Нұр-Сұлтан қаласы командалары арасында өтті деуге негіз бар.
«Біздің чемпионатқа дайындығымыз жақсы болды. Мекеме басшылығы оқу-жаттығу жиындарын толыққанды өткізу үшін барлық тиісті жағдайды жасады. Тек бір жетіспегені, чемпионат алдында жолдастық кездесулер өткізе алмадық. Алғашқы бақылау ойынын чемпионат басталуға үш күн қалғанда ғана өткіздік. Бұл, әрине, жеткіліксіз болды. Осындай жағдайдың орын алуына пандемияның әсер еткені сөзсіз. Стадиондар мен мектептер жабылып қалды. Дегенмен, қыздарымызды жеке жаттығулар жасау арқылы формаларын ұстау­ға тырыстық. Ең бастысы, команда ойыншылары чемпионатқа қатысуға, жүлдегерлер қатарынан көрінуге ынталы болды. Енді, міне, сол жігердің арқасында көздеген мақсатымызға жеттік деп ойлаймын» дейді №8 СДЮСШОР командасының бас жаттықтырушысы Илья Меланович.
Ал чемпионаттың қорытындысына келсек, Шымкент қаласының «БИИК-Қазығұрт» командасы Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алса, Көкшетаудың «Оқжетпес» командасы екінші, Нұр-Сұлтан қаласының №8 СДЮСШОР командасы үшінші орыннан көрінді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − ten =