Елордалық – қалалық па, әлде жай тұрғын ба?

0 140

Бүгінде халқының саны 1 млн 200 мыңнан асқан елордада алдағы онжылдық соңында тұрғындар саны шамамен 1,8 млн-ға жуықтайды. Урбанист мамандар мұны қазіргі табиғи өсім мен өсу трендтеріне қарап болжай отыра, урбанизация дамуынан туындайтын жаңа мәселелердің шешімін ұсынады.
Бас қаланың астана ретінде мәртебесінің биіктеуіне не кедергі, біз қалалықпыз ба, әлде жай тұрғынбыз ба? Қалалықтың жай тұрғыннан айырмашылығы неде? Міне, осы және өзге де қала дамуына қатысты тәуелсіз сарапшы, урбанист, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Асхат СӘДУОВПЕН сұхбаттасқан едік.– Қалалықтың қарапайым тұрғыннан айырмашылығы туралы айтқан едіңіз. Сол тұрғыда елордалықтар қалалықтар деңгейіне жетті ме?
– Қалалық тарихи тұрғыда қалыптасады және оған көп уақыт қажет, тіпті бірнеше буынды өткізу керек болар. Сондықтан бұл міндет бәріне қатысты, соның ішінде қала әкімшілігін де, қалалықтарды да тәрбиелеу керек. Мәселен, бүгінде қаланы қорғау фактілері пайда болды. Атап айтар болсақ, бір топ белсенділер Сығанақ пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы тығыздығы жоғары көпқабатты тұрғын үйлер құрылысын қайта қарастыруды талап етуде. Сонымен қатар олар бала саны тым көп мектептер мәселесін шешуді сұрайды. Қалалықтардың тек өз ауласының ішінде ғана емес, қала бойынша да өз пікірлерін білдіріп, жанашырлық танытуы – жақсы үлгі. Қалалықтың қарапайым тұрғыннан айыр­машылығы – қалалық өзі тұрып жатқан қала үшін уайымдайды, оған қаланың даму бағыты маңызды, олар өз шаһарын көркейткісі келеді. Ол осынысымен басқа тұрғындардан ерекшеленеді. Сондай-ақ желілік парк пен соның аумағындағы құрылыстар мәселесі де өте жиі көтерілуде. Осындай қадамдармен біртіндеп аза­маттық позиция қалыптасады және бұл ретте әкімшіліктің оларға құлақ түруі аса маңыз­ды.
– «Елордалық тұрғындар бұл қалада қалай өмір сүруіне байланысты үнемі әкімшіліктен қандай да бір нақты директивалар, нұсқаулар күтіп үйреніп қалғаны шындық». Бұл – сіздің пікіріңіз. Осы ­ойыңызды тарқатып айтсаңыз.
– Посткеңестік қалалар тұрғындары бәріне билік жауапты дегенге еті үйреніп кеткен. Бұл – кеңестік қоғам үлгісі, онда өзіндік тәртіп сақталған, яғни балабақша, мектеп, кәсіпорын, октябряттар, пионерлер, комсомолдар. Бәрі бір жү­йеге қызмет етті. Мұндай жағдайда өзіндік ой білдіру, еркін ойлау деген болмайды. Қазіргі қалалар басқа, әрбір адам өзі үшін жауапты. Егер біз өркендеп, дамуды қаласақ, мемлекеттің бір бөлігіне айналуымыз керек және оның үдерістеріне араласып, әкімдік қашан келіп, кіреберісте жөндеу жүргізіп берер екен деп күтіп отыра бермей, қаланы жақсы жағына өзгертуіміз қажет. Тұрғындар арасында құқықтық базалық білім жоқ.
– Ең бірінші көлік кептелісі мәселесін шешу керек дедіңіз, осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Бірінші кезекте қозғалыс байланыстылығы мәселесін шешу керек, себебі негізгі орталықтар арасында белсенді байланыс болуы тиіс. Мәселен, «Нұржол» желекжолы жанындағы әкімшілік орталықтар, қала әкімдігі мен «Еуразия» сауда орталығы маңайы – осы үш жерді бір-бірімен белсендірек байланыстыру қажет. Ол үшін «Шұбар» шағын ауданындағы өзен арқылы қосымша көпірлер салу қажеттілігі туындайды. Бұл кептеліс мәселесін айтарлықтай жақсартып, қала экономикасына оң ықпал етеді.
Әлі де өзекті болып отыр­ған өткір мәселе – шағын және орта бизнестің дамуы. Осы ретте көше экономикасы өте маңызды аспекті болып табылады. Бізде ШОБ-ты дамыту бойынша нақты стратегия жоқ.
– Урбанистика орталығы ашылғалы оның қала өмірін жақсартуға әкелген қандай үлесі болды?
– Біріншіден, бұл мамандар үшін де, халық үшін де оқыту процесі ретінде маңыз­ға ие. Ең бастысы, қала дегеніміз не екенін және ол қалай жұмыс істейтінін әрбір адамға жеткізу. Атырау көпірі, қоғамдық кеңістікті дамыту жобалары секілді имидждік жобалар бар. Мен үшін халықпен ­диалог жүргізу өте маңызды болды. Бүгінде қалаға жетпейтіні сол.
– Көшелер ең алдымен жаяу жүргіншілерге арналуы тиіс. Бұл әлемдік тәжірибеде солай ма?
– Биыл қалаларды қайта құру жобасы бастама ретінде көтерілді, осы жылы алғашқы 10 км бойынша жобалық құжаттама аяқталады. Аталған жоба жаяу жүргіншілер жолының жайлылығын жақсартып, шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы орта қалыптастырады.
– Президент Қасым-Жо­март Тоқаев елордада көшелер мен ғимараттардың ортақ үйлесімді стилі жоқ екенін айтқан екен. Осыған мысал келтіре аласыз ба?
– Бірыңғай сәулет стилі қалыптасу үшін тек ғимараттармен ғана емес, сондай-ақ ғимараттар арасындағы кеңістікпен де жұмыс істеу керек. Негізгі проблема – жаңа ғимараттар салу типологиясының жоқтығы, көшелердің пропорционалды болуына талаптар қойылуы, абаттандыру мен көгалдандыру ережелерінің жоқтығы. Биыл осы бағытта жұмыстар аяқталады деп жоспарлануда. Байланыстылығы бар және адамдар үшін жайлы қала құрудың негізіне көше желілері жатады. Біріншіден, көшелер иерархиясын құрып, сосын коммерция­лық тұрғыда тиімді көшелерге назар аудару қажет және ШОБ стратегиясын соның айналасынан құру керек.
– Елорда адамды жаяу немесе велосипедпен жүруге ынталандыра ала ма?
– Велоинфрақұрылым қалада жыл сайын дамып келеді. Бұл мәселеде ілгерілеушілік бар. Бірақ веложолды тротуар желісі есебінен салуға болмайды, бұл дұрыс емес. Жаяу жүргіншілер жолы желісімен байланысты жүруге ынталандыратын қала құру маңызды, бұл тек жайлы орта қалыптастырып қана қоймай, салауатты өмір салтын сақтауға жағдай жасайды.
– Қалада барлық қозғалыс жаяу жүргіншілер төңірегінде дамытылуы керек. Осы деңгей бізде қайтсе көтеріледі?
– Бұл тез бола қоятын үдеріс емес. Меніңше, өзгерістер 2021 жылдан бастап болады. Біздің қаламыздың ең басты проблемасы – автокөліктерге тәуелділік. Жаяу жүргіншілер жолына бағытталған жұмыстар барлық жағынан белсенді жүргізіле бастағанда ғана адамдар үшін қолайлы қалаға қол жеткіземіз. Бұл дегеніңіз – қоғамдық көлікті дамыту, көшелер желісін өзгерту, өзара байланысты жақсарту, стрит-ритейлмен жұмыс жүргізу.
– Өзіңіз бұл салаға қалай келдіңіз? Сәулетші көп, бірақ бәрі урбанист емес.
– Қала ішінде серуендеу – ең негізгі зерттеу құралы. Біздің қаламызда серуендеу­ге арналған көшелер өте аз. Сондықтан халық өзен жағалауына көп жиналады. Өз қалаңды зерттеу үшін басқа құрлықтағы түрлі қалаларды да жақсы білу керек. Мен басқа елдерде алғаш студент кезімде болдым. Сосын жұмысыма байланысты көп елдерде саяхаттау мүмкін болды, сол кездерде мен қалаларды жаяу аралап зерттейтінмін. Қаланы шексіз автокөліктер үшін дамыта беру мүмкін емес. Себебі дамыған елдердің бәрінде тәжірибе солай.
– Нұр-Сұлтан – әлемдік астаналардың ішінде суықтығы жағынан екінші қала. Қаланың климатына қарай даму ерекшеліктері бар ма?
– Қаладағы жел мәселесімен жұмыс істеу керек. Біздің климат жағдайында жайлылық үшін көшелердің дұрыс профилін құруға бағытталған нақты шаралар бар. Оң, сол жағалаудан бөлек, қалада Бөгенбай батыр көшесінің солтүстігіне қарай және теміржолдың артында да қала бар, бұл бөлініске өзен, магистраль, теміржол түріндегі кедергілер себеп болуы мүмкін. Қашанда бос телімдерді игеру оңай, сондықтан сол жағалау жаңа, әдемі, барлық сауда орталықтары осында. Бірақ оң жағалауды да дамытатын уақыт келді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + 14 =