Елордалық мәртебеге лайық болса…

0 78

Тарихи деректерде жер жүзіндегі алғашқы кітапхана осыдан сегіз мың жыл бұрын пайда болған деседі. IV ғасырда Римде 28-ге жуық кітапхана бой көтерген. Айталық, әлемде атақты Александрия кітапханасынан кейін екінші орында қазақ жеріндегі Отырар кітапханасы болды. Осы рухани орталықтан ұлы ғалым әл-Фараби бабамыз нәр алып, биікке самғады. Қазіргі білім мен ғылым дамыған заманда кітапхананың қадірі артпаса, кеміген жоқ. Осы орайда қалалық Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаевамен аталған мекеменің тыныс-тіршілігі туралы әңгіме қозғаған едік.

– Гүлбадан Сақтапқызы, өзіңіз басқарып отырған мекемеде қанша кітапхана бар, ондағы кітап қоры қалай?
– Рақмет! Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне 18 кітапхана кіреді, оның ішінде 11 – көпшілік кітапхана, 6– балалар кітапханасы және бір зағип жандарға арналған кітапхана бар. Барлық кітапханадағы кітап қоры 760 мыңнан асады, оқырмандардың саны 68 мыңға жақын. Бір жылға оқырмандардың келуі 350 мың адамды қамтиды. Әрине, миллионнан астам тұрғыны бар қалаға 18 кітапхана аздық етеді. Мәселен, 2016 жылы 23 кітапхана болған еді, одан бері санымыз азайды. Керісінше көбеюдің орнына қысқардық. Бірақ оқырмандар кітапханалар көбейсе деген ұсыныс айтады. Әсіресе, Есілдің сол жағалауы мен шеткері аймақтарда кітапхана филиалы жоқ. Тұрғындардың өтінішін елорда әкімдігі мен Мәдениет басқармасына жеткіздік. Мысалы, шаһардағы жаңадан ашылған ықшам ауданда білім, медицина нысандары мен спорт алаңдары бірден салынады. Солардың қатарында кітапхана болса деп ойлаймыз. Біз осы мәселені жиі көтеріп жүрміз. Қалай болғанда да, рухани орталықтың жөні бөлек. Бүгін кітапхана ашыңыздар десе де оған дайын отырмыз.
– Кітапхананың бар байлығы – кітап. Сіздердегі кітап қоры қаншалықты бай, ол қалай толығып отырады?
– Біздің кітапханалардың көпшілігі ұзақ жылдардан бері жұмыс істейді, сондықтан кітап қоры жақсы сақталған. Мүмкіндігінше оқырмандар іздеген кітаптарын тауып жатады. Негізінен, кітапханалар қоры үш бағытпен толығады. Бірінші, Мәдениет және спорт министрлігі арқылы мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптар, олар бізге тегін таратылады. Екінші, қалалық бюджеттен кітап сатып алуға қаржы бөлінеді. Мәселен, 2018 жылы 30 миллион бөлініп, оған 16 мың кітап сатып алынды. Өкінішке қарай, қазіргі күрделі жағдайға байланысты биыл қаржы бөлінген жоқ, бірақ әлі де үміттіміз. Үшінші, оқырмандар үйдегі кітаптарын сыйлайды.
Оның арасында қолға түсе бермейтін сирек кітаптар да кездеседі. Алайда кітап қорын сапалы ету – басты мақсатымыз­дың бірі. Оқырмандар сұранысын қанағаттандыруды бірінші кезекке қоямыз. Әсіресе, кітап дүкендеріндегі оқырмандар іздеп оқитын, бағасы да қымбат кітаптар кітапханада болуы керек.
– Елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген жұмыстар атқарылды, бұдан кітапхана да тыс қалды дей алмаймыз. Сандық жүйеге көшу жайында айтасыз ба?
– Біз оған қажетті құралдарды толығымен алып, жұмысты былтыр бастадық. Бүгінгі күні 520-ға тарта кітап пен 400-ден астам газет-журнал сандық жүйе­ге көшірілді. Бұл жұмыс бір күн немесе бір жылда аяқталады дей алмаймыз, өйткені оның ауқымы үлкен, ұзақ уақытқа созылады. Жұмыс барысында алдымыздан қиындықтар да кездесті. Авторлық құқық туралы заңда жазылған талап бойынша кітапты сандық жүйеге көшіру үшін автормен келісім болу керек, егер ол өмірден өтіп кетсе, оның белгіленген уақыты бар, соны күтесіз. Немесе автордың ұрпақтарынан рұқсат алу қажет. Осындай келісіммен ғана жүзеге асады. Жақында Мәдениет және спорт министрлігі өткізген жиында осы мәселе айтылып, Авторлық құқық туралы заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізіліпті. Осы өзгерісті естіп, қуандық. Енді жұмысымыз одан әрі жандана түседі.
– Республикада уақыт талабына сай жаңғыртылған бірқатар кітапханалар бар, елордада осындай жоба қолға алынды ма?
– Біз де сол жобаны қолға алып, Бөгенбай батыр даңғылында орналасқан Балалар және жасөспірімдер кітапханасына жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін керекті құжатты әзірлеп, әкімдіктен қаржы сұрағанбыз. Бірақ екі жылдан бері жобамыз қаржы болмағандықтан, тоқтап тұр. Егер бұл жоба жүзеге асса, жақсы болар еді. Жобада кітапхана екі аймаққа бөлініп жасалған. Бірінші бөлікте оқырмандар кітап, газет-журнал оқыса, екінші бөлікте түрлі мәдени іс-шара өтеді. Ғимарат алдында амфитеатр салуды да ойластырдық. Қазір кітапхананың форматы өзгерді. Оқырмандар бізге кітап немесе газет-журнал оқуға ғана емес, демалуға келеді. Өткен жолы бір апай: «Үй толы адам, осы кітапханаға келіп демалып, шаршағанымды басам» дейді. Шындығын айтқанда, кітапханаға мемлекеттік қолдау қажет. Қазір біздің филиалдарымыз орналасқан ғимараттар талапқа сай келмейді, көбісі ескірген. Жиһаздары да тозып тұр. Сондай болса да оқырмандарға қызмет көрсетеміз. Кітапханаларымыз елорда мәртебесіне лайық болса дейміз…
– Жаңа кітапхананың форматы өзгерді дедіңіз, соны таратып айтасыз ба?
– Қазір кітапханашының міндеті көбейді, ол – педагог, әлеуметтанушы, программист, психолог секілді мамандықты қатар атқарады. Біздің 120-дан аса әлеуметтік әріптесіміз бар. Мәселен, шаһардың шетіндегі №15-ші көпшілік кітапханада «Замандас» деген білім орталығын ашып, онда мүмкіндігі аз және көпбалалы отбасылардың балалары тегін ағылшын тілі мен тоғызқұмалық үйренеді. Осы кітапханада кітапханашыдан бөлек, бір психолог жұмыс істейді. Сондай-ақ шахмат студиясын аштық, оған балалар келіп, шахмат үйренді. Кітапхана рухани-мәдени орталық болғандықтан оқырманға, әсіресе балаларға даналық құндылықты сіңіруді мұрат тұтамыз.
– Жалпы, кітапханашылардың жағдайы қалай, еңбекақыларыңыз көңілдеріңізден шыға ма?
– Көңілден шығады дей алмаймын. Былтыр Президенттің қолдауымен мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы көтерілді, сонда кітапханашылардың жалақысы 25 пайызға өсті. Бұрын мүлдем аз алғанбыз. Жалақы жақсы болса, талаптың жоғары болары анық. Сондықтан кітапханашылардың еңбекақысы әлі де көтерілгені дұрыс.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − 9 =