Елордаға төрт қойылым әкеледі

0 44

15-17 қазан күндері елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының гастрольдік сапары өтеді. Алматыдағы өнер ұжымы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театры сахнасында бірнеше спектакль ұсынады.

Таяуда өзінің 75-маусымын ашқан байырғы театр елордаға төрт қойылым әкеле жатыр. Оның алғашқысы – Ілияс Жансүгіровтің шығармасы желісімен дарынды режиссер Фархад Молдағали сахналаған «Құлагер» саундрамасы. Бұл қойылым жазда «Елорда – өнер өлкесі» атты Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан театрларының шығармашылық кездесуі аясында бас қалада көрсетілді. Бірақ сол уақытта індеттің беті қайтпай тұрғанына байланысты көпшілік спектакльді тамашалай алмады. Енді елордалық театрсүйер қауымға елді қызықтыратын қойылымды көруге тағы да мүмкіндік беріліп отыр.

15 қазан күні қазақтың классик қаламгері Сайын Мұратбековтің туғанына 85 жыл толады. Мүсірепов театрының репертуарында көрнекті жазушының шығармасы желісімен қойылған «Жусан иісі» драмасы бар. Қоюшы режиссері – Жұлдызбек Жұманбай. Гастроль аясында осы спектакль де ұсынылады.

Мүсіреповтіктер көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасын да сахнаға лайықтап үлгерді. Мұны Фархад Молдағали жүзеге асырды. Бас қала тұрғындары мен қонақтары осы қойылымды да көре алады.

Балалар да базарлықсыз қалмайды. Оларға «Жеті лақ» орыс халық ертегісі желісімен сахналанған «Туған күн» спектаклі ұсынылады. Қойылымды қазақ тіліне аударып, инценировкасын жасаған – Ұлан Болатбек. Ал қоюшы режиссері – Шағуан Үмбетқалиев.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + 5 =