Елордаға газ тартылып жатыр

0 72

120 жылға жуық шежіресі бар мұнай саласымен салыстыр­ғанда, газ саласының 60 жылдық қана тарихы бар екен. Ал еліміз тәуелсіздік алғанда бізге 20-30 жыл қолданылған құбырлар желісі мұраға қалды. Сондықтан да Қазақстан біраз уақыт тек көгілдір отынды тасымалдайтын «көпір» ретінде қызмет атқарса, арада жиырма жыл өткеннен кейін елімізде бұл жағдай түбегейлі өзгеріп, еліміз көрші елдерге газ жеткізумен қатар, жалпақ Қазақстанда газдандыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Атап айт­қанда, қазақстандық газ тасымалы жүйесі отандық тұтынушыларды газбен қамтамасыз ете отырып, өзінің тікелей мақсаты бойынша қызмет ете бастады. Бүгінде маздаған газдың игілігін ел ішінде 8 миллионнан аса адам көріп отыр.

Тұңғыш Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасының» іске қосылуы ел тұрғындарын газбен қамту жұмысына тіпті қарқын берді. Әсіресе, осы бағдарлама аясында елордаға газ тарту жұмысы сәтімен орындалып, газ өткен жылдың соңында бас қалаға жетті.
Елорданы газдандыру жұмысын екі бағытта жүзеге асыру жоспарланған еді. Бірінші бағыт бойынша қалалық өндіріс және тұрғын алаптарын газдандыру желісі салынса, екінші бағыт бойынша ЖЭО-1 және ЖЭО-2-ге газ беріледі. Жоспар бойынша елордаға 2020 жылдың тамыз айынан бастап газ беріліп, 2025 жылға дейін бас қала тұрғындарын толықтай газбен қамту көзделген болатын.
Бас қаланы газдандыру жұмысына Мемлекет басшысы да, қала әкімі де баса назар аударып отыр. Қала әкімі Алтай Көлгінов газдандыру жұмысының барлық барысын өзі қадағалап, қала тұрғындарының көгілдір отынның игілігін ертерек көруіне бар күшін салып жатыр.
Қаланы газдандыру үш кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда бірінші кезең бойынша құбырларды тарту мен газреттегіш пункттердің жұмыстары жедел жүргізіліп жатыр. Жобаның алғашқы кезегінде ЖЭО-1, 2, 3, «Көктал-1, 2» тұрғын алаптары, «Агроқалашық», «Теміржолшылар» кенті, «Оңтүстік-Шығыс» (оң және сол жақ беті) шағын ауданына дейін газреттегіш желілерге газ беру жоспарланып отыр.
Келесі кезең бойынша «Мичурино», «Интернациональный», «Күйгенжар» (1-2 ПК), Тельман (3 ПК), «Пригородный» кенті, Garden Village және Family Village-ге (4 ПК) газ тартылады. Ал үшінші кезең бойынша «Ильинка» (1-2 ПК), «Шұбар» (3 ПК), «Өндіріс» (4 ПК) тұрғын алаптары газдандырылатын болады.
Қазір «Железнодорожный» елді мекенінде газ тарату желілерінің жұмысы толық аяқталуға жақын. Сонымен бірге бұл жұмыстар «Көктал-1», «Көктал-2» және «Агрогородок» елді мекендерінде жүргізіліп жатыр. «Қазіргі таңда «Железнодорожный»-де сынақ жұмыстары жүріп жатыр. «Көктал-1», «Көктал-2» және «Агрогородок» бойынша 200 шақырым құбыр желісін тарту керек болатын. Қазір мұның 70 шақырымнан астам желісі тартылып болды. Пандемия кезінде де құрылыс нысандары тоқтаған жоқ. Жұмысшылар санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып жұмыс істеді. Жалпы, біз бекітілген жоспардан алда келе жатырмыз. Қазірдің өзінде 600 отбасының есік алдына газ келді. Енді оны үйіне енгізіп, пайдалану тұрғындардың өзіне байланысты» деді отын-энергетика ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов.
Жақында елорда әкімі Алтай
Көлгінов ЖЭО-1/ЖЭО-2 газға көшіру және өнеркәсіптік сектор мен елді мекендерді газдандыру үшін газ тарату желілерін салу жұмыстарының барысымен танысты. «Елорданы газдандыру – Елбасының тарихи жобасы. «Железнодорожный» елді мекенін газбен жабдықтаудың 96 пайыз тарату желілері салынды. Қазіргі таңда газ тарату желілері «Көктал-1», «Көктал-2», «Железнодорожный», «Агрогородок» елді мекендерінде орналасқан үйлердің бір бөлігіне өткізілді. Газ тарату желілерін салу жұмыстары «Промышленный», «Оңтүстік-Шығыс» (оң және сол жағы) елді мекендерінде жүргізіліп жатыр. «Көктал-1» және «Железнодорожный» елді мекендерінде орналасқан әлеуметтік нысандарды газға биыл жазда қосамыз» деді қала әкімі Алтай Көлгінов. Сонымен қатар әкім елді мекендерге газ жеткізу қаланың экологиясына жақсы әсер етіп қана қоймай, жеке сектор тұрғындарының өмірін едәуір жеңілдететінін де атап өтті.
«Сарыарқа» газ құбыры Арқа төсіне 2 миллиард текше метрден астам газ жеткізіп, орталық және солтүстіктегі 171 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Ал елорданың өзінде 23 мың жер үй мен 200-ге жуық жеке және 48 шағын коммуналдық қазандық түгел газға ауыс­тырылады. Соның арқасында бас қаланың ауасын ластайтын зиянды қалдықтар жылына 6 есеге немесе 40 мың тоннаға азаяды деп күтілуде. Оның нәтижесінде ауаның лас­тану индексі 25 па­йызға төмендейді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + 5 =