ЕЛОРДАҒА ЕҢ АЛҒАШ КЕЛГЕН КЕЗ ЕСІҢІЗДЕ МЕ?

0 131

Сәдібек--Түгел

 

 

 

Сәдібек ТҮГЕЛ,  

Жазушы-публицист:

– 1998 жылы ақпан айында еліміз үшін мәні зор тарихи шешім қабылданған тұста ұлы көшпен бірге Арқаға қоныс аударғанды жөн көрдім. Маған қала әкімінің баспасөз хатшысы болуды ұсынды. Келе сала жең түріп кіріскен шаруам соңғы екі-үш ай көлеміндегі отандық және шетелдік баспасөзге шолу жасау болды. Өйткені, сол кездің басты тақырыптарының бірі – ел астанасының Алматыдан Ақмолаға көшуі. «АиФ», «Комсомольская правда», «Независимая газета», «Российские вести» және тағы басқа басылымдарда  жаңа астанаға байланысты кереғар материалдар өте көп жарияланды. Сол себепті барлық журналистердің басын біріктіріп, қала тіршілігін насихаттайтын баспасөз мәжілісін өткізуді қолға алдық. Оның жарқын мысалы көп. Соның бірі – 1998 жылдың 16 ақпанында «Жастар» сарайында Ақмола қалалық баспасөз клубының тұңғыш мәслихаты тұсауын кесті. Содан бері аталмыш клуб журналистердің екінші үйіне айналды десем де болады.  Әлемдік деңгейдегі салмағы бар шетелдік ақпарат құралдары өкілдерін шақырып, бас қала туралы жан-жақты баяндап, насихат жұмыстарын жүргізумен айналыстық. 

Есте қалған қызықтың бірі – ақмола қаласының халық­аралық тұсаукесер тойы. «тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, бірнеше күн тұңғыш тұсаукесерге дайын­дық жұмыстары жүргізілді. бүгінде мұндай небір тәтті кезеңдерді сағынышпен ғана айтуға болады. халықтың бірлігі, елбасы идеясының дұрыстығы және басқа да мақсат­тар ел дамуының жақсы көрсеткішіне қол жеткізді.

 

Николай-Тиханюк

f

f

f

Николай ТИХОНЮК,

Өңірлік даму министрі орынбасарының кеңесшісі:

– Бұрынғы облыс орталығы Ақмолаға алғаш келген адам алдымен шатыры жоқ саман үйлерді ауызға алушы еді. Мен де осындай үйде туып-өстім. Отбасында алты бала өстік. Қаладағы №6 мектепте оқыдым. Кейін білім ошағымыз №11 мектеп болып, қайта құрылды. Қазір де солай аталады.

Балалық шағым есіме түссе, елорданың кешегі көрінісі көз алдыма келеді. Бұрынғы Ақмола қандай еді? Көшелері тар, жолдары ойдым-ойдым. Жаңбыр жауса болды, айнала ми батпаққа айналып шыға келетін. Бала кезімізде өзіміз де жүрдік қой, мына Дружба көшесін шаңдатып. Тәуірлеу деген көшелер орталықта ғана болатын. Орталығымыз – қазіргі қала әкімдігінің ғимараты орналасқан жер. Содан сәл ұзасаң болды, ойлы-шұңқырлы жерлерге тап болатынсың. Үйлердің биіктігі де үш қабаттан аспайтын. Қазіргі Бейбітшілік, Республика даңғылдарының бойында өңкей бір қабатты үйлер болатын. Қаланың көрікті орындары – орталық пен Теміржол­шылар сарайы және вокзал еді. Алғаш Тың игерушілер сарайы бой көтергенде, «неткен үлкен ғимарат» деп таңдай қаққанбыз.1200 орындық ғимарат шағын шаһар тұрғындарына хан сарайын­дай көрінгені рас. 1997 жылы Ақмола елордаға айналғанда тұрғындардың саны 225 мың адам болатын. Ал қазір – 800 мыңға жуық. Мұның өзі қаланың қарқынды өсіп келе жатқанын аңғартса керек.

Жалпы, өз басым Ақмоланы басына бақ қонған бақытты қалалардың біріне балаймын. Әсіресе, құрылыс жағынан айы оңынан туған қала. Тың игеру жылдары мұнда тура қазіргідей қарқынды құрылыс жүргізілгені есімде. Бес қабатты үйлерді алғаш рет сол кезде көрдік. Бірінен кейін бірі бой көтерген ғимараттарға ең жақсы, ең сапалы құрылыс материалдары пайдаланылды. 60-жылдары әлемдік құрылыс саласында үздік болып саналған ірі блокты, қаңқа-панельді үйлер алғаш Ақмолада бой көтерді. Қаланың алғашқы бас жоспарын сол кезде «қаны жерге тамбай тұрған» Ленинградтың сәулетшілері жасады. Қысқасы, бес облыстың басын біріктіріп, тың өлкесінің орталығы ету көзделген Ақмоланың өркендеуіне күллі КСРО білек сыбана кірісті. Лезде бой көтеріп жатқан құрылыс нысандарына, қауырт жұмыс істеп жатқан құрылысшыларға бала біткен қызыға қараушы еді.

 

Кенжегали-Мыржыкбаев

 

 

 

Кенжеғали МЫРЖЫҚБАЙ,

ҚР еңбек сіңірген әртісі:

– 1996 жылы 26 тамыз күні елордаға келдім. Алматыдан жазғы киіммен шығып едім, Қарағанды қаласының тұсына келгенде Арқа өзінің салқындығын бірден сездірді.

Астана ол кезде шағын аудан сияқты еді. Әріптестерім «Астана жиырма-отыз жылдан кейін ғана аяқтан нық тұрады» деуші еді. Бірақ он жылдың ішінде алып қалаға айналғанын көз көрді. Бұл да зор еңбектің айқын көрінісі деп білемін.

Біз келген жылдары қаланың он жеті пайызы ғана қазақ еді. Қаптаған орыстың арасында өзімізді бөтен сезіндік. Көбі қазақтарды менсінбейді. Ақшаның да жоқшылығы білінді. Тіпті, автобустарға төлейтін тиын болмай, қиналған кездерді де көз көрді. Жердің ми батпағы шығып, жүріп-тұру қиын соғатын. Сондықтан мәдени орындарға кірерде аяқ киімімізді есік алдындағы арнайы құбырдағы суға жуып, тазалап кіретінбіз. Қазір, Аллаға шүкір! Астанада бәрі бар! Таршылық, қиындық деген артта қалды. Ендігі бар арманым – Астана қазақ өнерінің ордасына айналса екен.

 

Гүлмира Аймағанбет

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + thirteen =