Елордада жүйткиді электробус

0 26

Нұр-Сұлтан қаласындағы жолаушылар тасымалдау саласында қызмет көрсететін 8 автопаркке тиесілі 900-ге жуық қоғамдық көліктердің кем дегенде 90 пайызы күнделікті рейске шығады. Жаңа жылдан бері олардың қатарына экологиялық зиянсыз, экономикалық тұрғыдан үнемді және шусыз электробустар қосылды.

Нұр-Сұлтан қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметі бойынша, алдағы жаз айларына дейін электробустардың санын 100-ге жеткізу жоспарланған. Бұл жаңашылдық астаналықтарға қандай жақсылықтар әкеледі? Өйткені бүгінге дейін қоғамдық көліктерге қатысты айтылған сын аз емес. Елордалықтар автобустардың жетіспеушілігінен бастап, тасымалдау ісін ұйымдастырудағы ірілі-ұсақты келеңсіздіктердің бәріне наразы: көлік қатынасының кешеуілдететіні, кейбір жүргізушілер мәдениетсіздігі, жолда жүру ережесінің жиі бұзылатындығы, автобустардың пандуспен жабдықталмағаны, т. б.
Сондай-ақ былтыр қазан айының ортасында «Қоғамдық көлік: реформалар және даму жолдары» тақырыбында өткен конференция барысында «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов «2020 жылы бюджеттің мүмкіндігіне қарай қоғамдық көлік тарифтері міндетті түрде талқыланатын болады» деген еді. Сол сөзімен биыл жолда жүру бағасының қымбаттайтынын жеткізген. Бұл жайт та тұрғындардың «бір бүйрегіне» батып жүр.
Дегенмен әзірге электробустардың бағасы сараланған тариф бойынша, басқа автобустардағыдай қолма-қол ақшасыз есеп айырысқанда – 90 теңге. Жыл басынан бастап жолаушылар көп жүретін №25 және №61 маршруттарға бес электробус жіберілді.
Жаңа экологиялық машиналарды Қостанайдың «СарыарқаАвтоПром» ЖШС жасап шығарыпты. Бір Yutong автобусының құны қуаттағыш стансасымен қоса есептегенде – 146,7 миллион теңге (388 мың доллар). Ұзындығы – 12 метр, сыйымдылығы – 96 адам. Автобус электр көзінен 2,5 сағат қуатталғаннан кейін күн ұзаққа бір ауысым бойы кідіріссіз жұмыс істей алады. Қала билігі оларды мемлекеттік бағдарлама шеңберінде «БРК-Лизинг» лизинг операторы арқылы жеті жылға 7 пайыз сыйақымен сатып алған.
«Астана LRT» ЖШС ақпарына сүйенсек, алдағы күндері жаңадан ескі қала мен солтүстік жағалауды жалғайтын бес маршрут жіберілмекші. Электробустарды осы маршруттарға жіберу жоспарланған. Қазіргі күні 500-ден 505-ке дейінгі бағыттардың сызбасы әзірленіп болыпты. Ал қалған электробус жолаушы ең көп жүреді деген маршруттарға бөлінеді. Олар – №10, 9, 51, 46, 28 автобус бағыттары.
Сонымен қатар, «Астана LRT» ЖШС төрағасының орынбасары Бауыржан Сейітовтің айтуынша, қаладағы неғұрлым шиеліністі деген сегіз бағыт бойынша қысқа маршруттар жіберілетін болады. Яғни автобустар кісі көп жүретін қарбалас уақыттарда қысқа аралықтарда ғана барып-қайтып отырады. Бұл қоғамдық көліктердің жүктемесін, жолаушылар ағынын сейілтуге септігін тигізбекші.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды