Елордада жеке мектеп көбейіп келеді

0 32

«Бүгінгі ұстаз имиджі қандай? Заңмен, бұйрықпен құрметті қалыптастыра аламыз ба?» деген мәселе қашанда маңызды дейді Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова. Өзі де еңбек жолын БҚО, Сырым ауданы, Жымпиты ауылының мектебінде мұғалімдіктен бастаған педагог. Мұғалімдік мамандықты игере жүріп білімді жас маман жан-жақты сыналды, шыңдалды. 2001 жылы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің Орал қаласы филиа­лының директоры болды. 2017 жылы БҚО білім басқармасының басшылығы қызметін атқарды. Әртүрлі деңгейдегі оқу орындарындағы ұстаздар қауымының білімін ұштап, тәжірибе жинақтауына жағдай жасайтын «Батыс өсу векторы» жобасының авторы. Енді елорданың бас ұстазы бізбен сұхбатында білім саласындағы сан қырлы мәселе мен оның шешілу жолдарымен бөлісті.– Шолпан Маратқызы, алдымен наурыздағы мерейлі мереке – көрісу айт құтты болсын! Елордаға қызмет ауыстыр­дыңыз. Жұмысты неден бастадыңыз?
– Рахмет, бұл күні батысша «Бір жасыңызбен» деген жақсы тілек бар. Мен ең бірінші қызметімді мектеп басшыларының жобасынан бастауды ұйғардым. Елордалық мектептердің алдыңғы қатарлы директорларын біріктіретін «Education Leaders Astana» клубы құрылды. Оқу демалысы кезінде «Өзгерістер штабы» жобасы басталады. Бұл жоба 25-30 жас аралығындағы жас мамандар кадр резервіне «ТОП – 100 елордалық білім беру көшбасшыларын» тарту үшін жұмыс істейді. Сонымен қатар бірқатар шараларды қолға алу жоспарлануда. Мысалы, ай сайынғы «Real talks for Real teachers» оқу дәрісін өткіземіз. Онда білім беру мәселелері бойынша белгілі спикерлер сөз сөйлейді. Ата-аналар арасында волейболдан турнир өткізуді де жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа тағы бірнеше ауқымды жобаларды іске қосу ойда бар.
– Еліміздің бас қаласындағы білім саласына келдіңіз. Білімнің сан алуан мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– Өзіңіз білесіз, осыдан 4-5 жыл бұрын елордалық бүлдіршіндер мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен 70,6% қамтылса, бүгінде бұл 98,4% құрап отыр. Балабақша саны да ұлғайды, бүгінге 116 балабақша бар. Тәрбие мекенінің мәселесі мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің арқасында жүзеге асып, 25,7%-ға артқан. Бұл – енді білім саласындағы үнемі жаңарып, үздіксіз жүргізіліп отыратын жұмыс.
Соңғы 20 жылдың ішінде астаналық мектептер саны 2 есеге артты (60-тан бүгінде 117-ге дейін). 5 жылдық кезеңге арналған кешенді жоспар шеңберінде 47 мектеп салу жоспарланған екен. Соның 10-ы қазір жұмыс жасап тұр. Қазір екі ауысымға 120 мың орын белгіленсе, жалпы саны 60 мың оқушы білім алуда. Елорда елімізде алғашқылардың бірі болып жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесін енгізді, соның арқасында оқушыны қаржыландыру 20% артты. Осындай қаржыландыру енгізілгеннен кейін жеке мектептер желісі едәуір кеңейіп, саны 12-ден 22-ге өсті.
Елде алғаш рет жеке меншік мектептер салу бойынша инвестициялық келісім-шартқа қол қойылды. Мемлекеттік мектептер салу да қарқын ала бастады. Бұл енді қазір өткір мәселе боп отырған үш ауысымда оқыту мәселесін шешеді деп ойлаймын. Мінеки, алдағы уақытта білімнің сан қырлы әрі кезек күттірмейтін мәселелерін шешуді кезең-кезеңімен атқару жоспарда.
Осы ретті оқушыларға инклюзивті білім беру жұмысына да жете мән беріп отырғанымызды айтып өткім келеді. Жалпы білім беретін мектептерде осы бағытта кабинеттер ашып, нақты шараларды кеңейтуді қолға алдық.
Тағы да қоса кетейін, алғаш рет жеке балабақшалар мен оңалту орталықтарына мемлекеттік білім беру тапсырысы орналас­тырылды. Жаңа оқу жылында біз 100% қамтимыз деп мақсат қойдық (қазіргі уақытта 88,2%).
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да назардан таса болмайды. Балалардың өмір сапасын жақсарту мақсатында Балалар үйінің іс-әрекеті өзгертілді. Қиын жағдайдағы балаларды қолдаудың жаңа орталығы кәмелетке толмағандардың құқықтары, бостандықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ете отырып, қиын жағдайдағы балалар мен отбасыларға арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынады, арнайы әлеуметтік қызметтердің кепілдендірілген көлемін ұсынады.
– Шолпан Маратқызы, қоғамдық диалог құру арқылы халықпен тиімді кері байланыс орнату қазір ашықтыққа жол ашып отыр. Бұл ретте сіздің ойыңыз қалай?
– Әрине, елорда тұрғындарының өтініштері тек қағаз жүзінде ғана емес, сонымен қатар электронды түрде, әлеуметтік желілерде, тікелей немесе жедел хабар алмасу чатында, ikomek бақылау және жедел жауап беру орталығы арқылы қаралады. Біз бірлесе отырып, көп нәрсені істей алдық, атап айтқанда, мектептердің оқу жылына дайындығы, балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесі. Белсенді ата-аналар бракераж комиссиясының, Қамқоршылық кеңестің құрамына кірді. Мұның өзі – ата-аналармен тікелей байланыстың көрсеткіші.
Біз елордалық білім ұйымдарында қолайлы білім беру ортасын қамтамасыз ету үшін белсенді жұмыс жасай береміз.
– «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасын ұзақ күттік. Бұған дейін мұғалімдердің қызметі, қағазбастылыққа салынуы туралы жиі-жиі айтылып жүр. Енді қабылданған жаңа заң мұғалімдердің бар мұң-мұқтажына жауап бере ала ма? Сіздің пікіріңіз қандай?
– «Педагог мәртебесі» туралы заң педагогтар үшін маңызды. Себебі заңда педагогтің қызметіне қойылатын талаптар мен жауапкершілік нақты белгіленіп көрсетілген. Педагог деген кім, оның кәсіби деңгейі қандай деген бағытта талаптар мен құқықтар, міндеттер жүктелгені анық жазылған. Бір жағынан, бұл өте дұрыс, неге десеңіз, әрбір педагог құрметке ие болуы үшін, кәсіби тұрғыда шыңдалу керек, өз қыз­метіне жауаптылықпен қарап, өзінің дамуын үздіксіз жетілдіріп, құзыреттілік деңгейін арттырып, біліктілігін көтере алады.
Мұғалім жұмысы – шығармашылық жұмыс, ол күнделікті сабағында жаңадан жаңаны табуға, бүгінгі сабағы кешегі сабағына ұқсамауы үшін де ізденеді, оқиды, зерттейді, жазады… Мұғалімнің білімі бір орында тоқтап қалмауы үшін үнемі жетілу, даму өзінің дағдысына айналған қалыпты әрекет болады. Қағазбастылық дегенде мүлде жазудан бас тарту деген сөз емес, сондықтан мұны дұрыс қабылдауымыз керек. Мұғалімнің жұмысын жазудан бөліп қарау мүмкін емес. Күнделікті сабақ жоспары, электронды күнделік толтыру, бағалау құжаттары – мұғалімге де, оқушыға да қажетті құжаттар. Бұл жерде қағазбастылық дегенде шамадан тыс мұғалім қызметіне жатпайтын есептілік туралы болса. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы 26 қаңтардағы №32 бұйрығына сәйкес мұғалімдердің жекелеген санаттары жүргізуге ұсынылатын құжаттар тізімі айқындалған. Одан басқа талап етілмейді.
– Қазақта ұстазды ұлықтаған қанша қанатты сөздер бар. Бірақ осының бәрі мұғалімді құрметтеуге жеткіліксіз болып тұр. Неліктен? Мұны сұраған себебім, мұғалімдердің басым пайызы – әйелдер.
– Ұстазын ұлықтаған халық екеніміз рас, бірақ мәселе бүгінгі ұстаз имиджі қандай? Заңмен, бұйрықпен құрметті қалыптас­тыра алмаймыз ғой. Сондықтан «Ұстаз» осы есімге лайықты болуы маңызды. Ұстаз мәртебесі оның үздіксіз еңбегінен, адамдық тұлғасынан, шынайылық пен адамгершілігінен, сенімділігі мен қызмет етуінен, жауаптылығымен бағаланады деп ойлаймын. Шәкіртіне жылы жүрекпен, ыстық қайратымен, нұрлы ақылымен қызмет еткен Ұстаз құрметті.
– Заманауи басшы қандай болу керек? Бұл сауалды текке қойып отырған жоқпын. Қазір бір мектепті жеке меншігіндей көретін директорлар бар. Мамандарды жұмысқа аларда өздерін кінәздей сезінетін, тіпті әр жұмыс орнының бағасын да қойып алған. Мұндай арыз-шағымдар алдыңызға келді ме?
– Заманауи басшы өз ұжымында негізгі үш талапты басшылыққа алу керек. Ортақ ұстаным мен құндылық қалыптастыру, мектеп көшбасшылығы мен оны басқару туралы білім мен түсінік, әлеуметтік дағдылар мен адамдармен қарым-қатынас орнату керек.
Заманауи басшы өз ұжымында командалық жұмысты тиімді ұйымдастырып, басқару жүйесін бөлінген көшбасшылықпен іске асыру қажет. Басшы мақсатты нәтижеге жету үшін икемді, сыни көзқарастағы, креативті, шығармашыл, жаңа идеяларды жүзеге асыра алатын, стратегиялық дамуды жоспарлай білетін, сындарлы кері байланысты тиімді қолданатын білікті болуы керек.
Мектеп ұжымында жағымды ахуал орнатып, оқушымен, мұғаліммен және ата-аналармен серіктестік қарым-қатынаста сенімділік пен адамдық құрметті биік ұстайтын, адамгершілік қасиеті жоғары деңгейде болғаны абзал. Ең бастысы, заманауи талапқа сай, өзгеріске бейімделгіш, нақты дамудың сараланған стратегиясын жасай алатын көшбасшылық қабілеті болуы керек.
Мектептің табысты көрсеткіші сапалы білім берумен бағаланғандықтан, кадр мәселесін шешуде басшы жауаптылық танытады. Педкадрлардың сапалы болуы оқушыға берілетін білімнің де сапасын айқындайды. Сондықтан басшы ретінде кадрларға біліктілік деңгейіне қойылатын белгілі бір талаптар сөзсіз болады. Мектеп дамуы мен оқушының сапалы білім мен тәрбие алуы үшін, кадрлардың құзыреттілік деңгейі жоғары болғаны дұрыс.
Ал енді сіз сұрап отырған басшылардың заңсыздығы, жауапсыздығына былай дер едім. ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес, білім ұйымдарына қызметкерлерді жұмысқа қабылдауды білім ұйымының басшысы іске асырады. Мен қызметке келгелі бері мұндай шағым болған жоқ және болмайды деп сенемін.

Сұхбаттасқан
Гүлжан АБАЙҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 4 =