Елордада театр жылы жарияланды

0 99

2020 жыл Нұр-Сұлтан қаласында Театр жылы болып жарияланды. Бұл туралы елордада жұмысын бастаған «Театр диалогы» клубының таныстырылымында қалалық Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов мәлімдеді. Қала әкімдігіне қарасты, республикалық, және жекеменшік театрлардың басшылары, белгілі өнер қайраткерлері қатысқан жиында театр саласын дамытуға байланысты өзекті мәселелер талқыланды.– Биыл Абай атамыздың – 175, әл-Фарабидің – 1150, Алтын Орданың – 750, Ұлы Жеңістің 75 жылдықтары сияқты маңызды мерейтойлар бар. Сонымен қатар Ата Заңымыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының ширек ғасырлық мерейтойлары да осы жылдың еншісінде. Осындай айтулы даталарда елорданың мәдениет саласы ерекшеленуі керек. Өнер – өте кең сала. Соның ішінде театрды мәдениеттің шыңы, төресі деп білем. Сол себептен әріптестерімізбен ақылдаса отырып, осы 2020 жылды толығымен театрға арнап, көңіл бөлейік деп шештік. Ол Волонтерлер жылымен сабақтаса жүргізіледі, – деді Н. Сыдықов.
Жалпы елордада қазір 18 театр жұмыс істеп жатыр. Оның алтауы – қалалық, екеуі – республикалық және оны – жекеменшік. Осы театрлардың қатысуымен биыл бас қалада бірнеше фестиваль өтеді. Оның алғашқысы – 27 наурыз – Театрлардың халықаралық күніне орай өтетін «Сахна саңлағы – 2020» фестивалі.
25 маусым мен 3 шілде аралығында қала күніне орай халықаралық театр фестивалі, күзге қарай М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының 120 жылдығы шеңберінде өтетін жеке театрлардың моно-спектакльдер фестивалі ұйымдастырылады.
Бұған қоса, театрдағы техникалық мамандарға арналатын семинарлар өтеді. Осы жылғы ең үлкен жаңалықтардың бірі – Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының жаңа, кең ғимаратқа көшуі болмақ.
Театрдың қазіргі ғимаратына жаңадан ашылатын Балалар-жасөспірімдер театры орналасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды