Елордада Сбербанктің халықты несиелеу орталығы ашылды

енді ипотеканы 3 күннің ішінде рәсімдеуге болады

0 52

 26 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласында Сбербанктің Халықты несиелеу орталығының тұсаукесер шарасы өтті. Бұл – Қазақстанда ашылып отырған осындай типті екінші кеңсе. Біріншісі осыған дейін Алматыда ашылған еді.Жаңа құрылымдық бөлімшенің лентасын салтанатты жағдайда «Сбербанк» АҚ ЕБ Басқарма Төрағасы Елдар Теңізбаев пен «BI-Group» ЖШС Басқарма Төрағасының орынбасары Қайрат Шаяхметов кесті.
– Құрметті достар, бүгін сіздерді Халықты несиелеу орталығының ашылу салтанатында қарсы алып отырғанымызға қуаныштымын. Цифрлы сату жүйесінің қарқынды дамуына қарамастан банк филиал­дар желісін өркендетуге айрықша мән береді. Бұл – Сбербанктің Қазақстандағы 101-ші бөлімшесі. 2020 жылы біз түрлі нысандағы тағы 10 бөлімше ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Елдар Теңізбаев.
Жаңа нысан клиенттер тарихын зерттеу нәтижесінде құрылды. Бөлімшенің басты ерекшелігі – мұнда клиенттерге «бір терезе» принципі арқылы банктік қызметтерден басқа, риэлторлық агенттіктердің, құрылыс және нотариалдық компаниялардың, бағалаушылар да қызметтері көрсетіледі. Егер бұрын адамдар пәтер сатып алу үшін құрылыс компаниясына барып баспана таңдап, одан кейін банкте ипотека рәсімдетуге, бағалаушыларға пәтердің құнын бағалатуға, сосын сақтандыру компаниясына жеке-жеке жүгінетін болса, енді осы операциялардың бәрін бір жерден жүзеге асыруға болады.
«BI-Group» ЖШС Басқарма Төрағасының орынбасары Қайрат Шаяхметов пәтерлердің ипотека арқылы қолжетімді болуы клиенттер үшін оңтайлы екенін айта келіп, қазіргі кезде құрылыс компаниясы салынып жатқан нысандардың іргетасы қаланған күннен бастап ипотеканы рәсімдеуге мүмкіндік беретін бағдарламасын іске қосқандарын жеткізді. Бұл баспана құнын айтарлықтай арзандатады.
2019 жылы Қазақстанда Сбербанктің қатысуымен 14 мың отбасы баспаналы болды. Ал қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында ғана филиал арқылы ай сайын 300-дей адам несиелендіріледі. Оларға үй сатып алуға 4 млрд теңгеге дейін ипотекалық несие беріледі. Халықты несиелеу орталығының ашылуымен баспаналы болуға асығатындардың саны көбейетіні сөзсіз. Өйткені осыған дейін ипотеканы рәсімдеу 12-15 күнге созылса, қазір 3 күннің ішінде атқарылады.
– Нұр-Сұлтан қаласы – жедел өсіп келе жатқан шаһар. Мұнда басқа өңірлерден қоныс аударушылар көп. Тиісінше қалада ипотекаға деген сұраныс үлкен. Сондықтан бұл орталық, ең алдымен, жеке тұлғаларға, яғни ипотекаға бағдарланатын болады. Осыған орай біз тұрғындарды несиелендіру ресурс­тарын ұлғайтуға және жақсартуға күш саламыз,– деді Елдар Теңізбаев.
Тағы бір айта кететін жайт, банк «7-20-25» және «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламалар бойынша үздік көрсеткішке ие. Оның үлесіне нарықтағы барлық сатылымның 42 %-ы тиесілі.
Банктің халықты несиелендіру орталығында жөндеу жұмыстарын жүргізу, жиһаз, көлік және оның аксессуарларын сатып алып алу үшін несиелеу мүмкіндіктері де қарастырылған. Сонымен қатар Сбербанк арқылы еңбек жалақысын алатындар үшін жеңілдік шартымен «Жалақыға дейін несиелеу» өнімі ұсынылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × five =