Елордада қоғамдық көлік пен ХҚО жұмысын бастайды

0 18

Елорда әкімі Алтай Көлгінов азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар сататын базарлар, сауда үйлері, қонақүйлер, мейрамханалар, ойын-сауық орталықтары және т. б. өкілдерімен онлайн-мәжіліс өткізді. Қала басшысы онлайн-мәжілісте ҚР Президентінің жетекшілігімен өткен Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында айтылған мәселелерді түсіндіріп берді.Осылайша еліміздің бас санитар дәрігерінің шешімімен COVID-19 індетінің өршуі 7 күн ішінде 7 пайыздан өспейтін болса, азық-түлікке жатпайтын тауарлар сататын базарлардың жұмысы қалпына келтіріледі. Алайда оларға мынадай санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтаған жағдайда ғана жұмыс іс­теуге рұқсат етіледі:
– ғимараттан тыс жерлерде (контейнерлер, бөлек тұрған сауда орындары, бутиктер) орналасқан сауда орындарының жұмысы;
– жұмыс процесіне қосылмаған қызметкерлердің қашықтан жұмыс істеуіне көшірілуі.
Ғимараттың ішінде сау­да жасауға, кинотеатр­лардың, ойын-сауық мекемелерінің, балалар ойын алаңының, аттракциондардың, тырнақ өсіру мен бояуға, басқа да косметикалық рәсімдерге арналған нысандардың, хайуанаттар паркінің, балалар пойыз сырғанағының, фуд-корттардың жұмысына тыйым салынады.
Алтай Көлгінов жұмыс­тың басталуына қойылатын міндетті негізгі талаптар – санитарлық нормаларды сақтау, жұмыс күнінде беттұмша мен респираторларды дер уақытында ауыстырып пайдалану, жұмыс орындарында, кіреберіс­те және сауда аймағында антисептиктердің болуы, тұтынушылармен қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды енгізу, сатушы мен тұтынушының арасындағы 2 метрлік қашықтықты сақтау, касса және сауда аумағында 2 метрден кем емес деген жазудың болуы, жұмысшылардың бір жерге шоғырлануына жол бермеу екендігін атап айтты. Бұған қоса, адамдардың топталып тамақтануына тыйым салынады, күніне кем дегенде 2 сағат сайын бөлмелерді дымқыл шүберекпен сүрту, желдеткіш жүйелерімен ауаны тазалау міндеттеледі.
– Мемлекеттің дер кезінде қабылдаған қатаң шектеу шараларының нәтижесінде біз ауруды бақылай алатындай деңгейге жеттік. Бірақ ауру жұқтыру қаупі сақталуда. Сондықтан жаңа жағдайда бейімделуіміз керек. Санитарлық нормаларды сақтауды басты ережеге айналдырғанымыз жөн. Қызмет көрсететін әрбір ұйымның, мекеменің меншік иесі және жетекшісі өз қызметкерлерінің денсаулығына жауап береді, ауру жұқтырып, оны таратқаны үшін жауапкершілікке тартылады, – деп қадап айтты қала басшысы.
Алтай Көлгінов қонақүйлер, ойын-сауық орталықтары және мейрамханалардың (қазір олар тұтынушыларға тамақты үйіне тасиды) жұмысын қалпына келтіру эпиде­миологиялық ахуалға қарай келесі кезеңде қаралатынын айтты. Тек бүгіннен бастап елордадағы қоғамдық көлік пен халыққа қыз­мет көрсету орталықтары жұмысын бастайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − eleven =