Елордада қанша үй сүріледі?

0 15

Астана әкімдігі әбден тозығы жеткен ескі үйлерді сырып, оның тұрғындарын жаңа баспанаға көшіруге мүдделі. Сырылуға 1940-1970 жылдар аралығында салынған ғимараттар жатады.Соның бірі – Янушкевич көшесінде орналасқан №12 үй. Ғимарат 1962 жылы силикат кірпіштен соғылған. Онда не газ, не душ, тіпті жеке әжетхана жоқ. Тұрғындар өте қолайсыз жағдайда тұрып жатыр. Тіпті адам құсап жуынатын жағдай жасалмаған. Аталған бес қабатты үйді ағымдағы жылы сүру жоспарланған.
Бұған дейін үйге жеңіл-желпі жөндеу жасалған екен: қабырғасы сыланып, қасбеті қалпына келтірілген. Жаңа құбыр тартылған. Дегенмен ескі үйдің аты – ескі үй. Қабырғасы жарылып, жертөледен жағымсыз иіс шығады. Биыл осы үй сүріліп, тұрғындарына әр шаршы метріне баспа-бас жаңадан баспана берілетін болды.
«Бүгінгі күні жаңа үйді салатын бас мердігерді анықтау үшін конкурстық процедуралар өткізіліп жатыр. Тұрғындарды жыл соңына дейін көшіру жоспарланған» деді «Нұр-Сұлтан қаласының құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасы» ММ басшысының орынбасары Жан Мырзағали.
Сондай-ақ Сейфуллин және Кенесары көшесі бойындағы ескі екі қабатты үйлердің де тағдыры биылдан қалмай шешілетін болды.
«Бұл аумақта әбден тозығы жеткен 1-2 қабатты ескі үйлер орналасқан. Олар адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіпті және қажетті инженерлік тораптармен жабдықталмаған. Бұл үйлер астананың келбетіне нұқсан келтіріп тұр» деді «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалық институты» ЖШС шеберханасының бас­тығы Данил Гарифуллин.
Аталған аумақта бір миллион шаршы метр тұрғын үй және 390 мың шаршы метр коммерциялық жылжымайтын жай салуға болады. Сонымен қатар бұл ауданда мектеп, балабақша және гүлзар салу жоспарланған.
Тағы бір тозығы жеткен ғимарат – Қарталы көшесіндегі № 140 үй. Бұл үйге инженерлік торап тартылмағандықтан, тұрғындар пәтерлерін пеш жағып жылытатын болған. Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының сайтындағы мәліметке көз салсақ, бұл үйдің тұрғындары жаңа қонысқа тек екі жылдан кейін ғана қол жеткізе алатын болады.
«Апатты және ескі үйлерді сүру жобасына сәйкес 15 үйдің тұрғындарын жаңа қонысқа көшіру жоспарланған. Биыл бір үй, келесі жылы бір жатақхана, ал 2022 жылы 13 үй сүрілетін болады» деді Жан Мырзағали.
«Астана бас жоспары» ЖШС мамандарының айтуынша, қазірден бастап меншік иелерінің жерлері сатып алынып жатыр. Соған қарап айналасы 2-3 жылдың ішінде қаланың келбетін бұзып тұрған ескі үйлерден арылатын күннің де алыс емес екенін біле жүріңіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + 5 =