Елордада крематорий керек пе?

0 68

Нұр-Сұлтанда өлген адамның мәйітін өртейтін крематорий салынатыны жөнінде газетіміздің өткен сандарының бірінде жазған едік (қараңыз: №108 , «Исламға жат әрекет қой», 12 қыркүйек, 2020 жыл, «Astana aqshamy»). Әрине, бүкіл әлемді тарының бір қауызына сыйғызған індет кезінде мұндай шешімді қабылдамас бұрын, халықтың, қоғамның ой-пікірі ескерілуі тиіс еді. Себебі елорда тұрғындарының, тіпті қазақстандықтардың басым бөлігі мұндай шешімді қолдамайтыны анық. Сол себептен мезгіл мәселесіне шағын журналистік зерттеу жүргізіп, қоғамның ойына, әлемдік діндердің ұстанымына тағы бір үңілуді жөн көрдік.

ЖЕРЛЕУ ОРЫНДАРЫ ЖЕТКІЛІКТІ

Нұр-Сұлтан қаласында 10-ға жуық зираттар бар. Адам жерлеу­мен айналысатын ірілі-ұсақты компаниялар, жеке ұйымдар көп. Солардың ішіндегі ең ірісі – Астрахань тас жолының бойында орналасқан (Атбасар көшесі, 2 б үй) «Ритуал Элит» компаниясының кеңсе-дүкенін іздеп шықтым. Алдын-ала хабарласып алған едім, мекеменің басшысы Людмила Кучерова жылышыраймен қарсы алды. Бір қуанғаным, компания директоры елордада крематорий салуға қатысты бүкпесіз ой-пікірін айтып, мәселенің мәнісін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
«Елордада крематорий салу туралы шешім қабылданғанын естігенде сенер-сенбесімді білмедім. Қазақстан – мұсылман мемлекеті, мұны бәріміз білеміз. Ендеше крематорийдің керегі не? Ол біздің салт-дәстүрімізге, дінімізге кереғар емес пе? Айтпақшы, жобаның мақсаты – елордадағы зираттардың аумағын азайту деп жазылыпты. Осыдан екі жыл бұрын, бас қаладағы ауданы 760 гектар жаңа қалалық қорым пайдалануға берілді. Аумағы атшаптырым, жан-жағы қоршалған жер бос жатыр. Яғни, оған да көп қаражат бөлінді. Нұр-Сұлтан халқының басым бөлігін мұсылмандар құрайды. Демек, крематорийдің түкке де керегі жоқ!».
Әңгімесін тыңдап отырып, компания басшысына төтеннен сауалдар қойдым.
Людмила Кучерова– Сіздерге мәйітті өртеуге тапсырыс берушілер көп пе? Ол діни жоралғының құны қаншаға түседі?
– Бұл – біздің қызметімізді тұтынушылардың 0,2 пайызы. Мәселен, биыл мәйітті өртеуге 4 өтініш түсті. Оларды түгел Ресейдің Новосібір қаласындағы крематорийге апардық. Өлген адамның денесін өртеуге христиан дінінің өкілдері өтініш білдіреді. Бұл рәсімнің құны – 500 000 теңге. Карантин кезінде шекара жабылғандықтан, ондай өтініштерді жүзеге асыра алмаймыз. Новосібірдегі крематорийде болып, мәйітті қалай өртейтінін көзіммен көрдім. Ешқандай да жағымды әсер алмадым. Өртегеннен кейін қалған күлді құтыға жинайды. Біреу күлді ашық жерде сақтаса, екінші біреу көміп тастайды. Күл сақтайтын парк салып қойыпты. Байқағанымдай, Ресейде өлген адамды жерлейтін ыңғайлы жер табу өте қиын. Ал қазақтың даласы кең емес пе?
– Людмила Юрьевна, елордада қазір қанша қорым бар?
– Ұзын-саны 10-ға жетеді. «Қалалық зират», «Қырқыншы», «Учхоз», «Қоянды», «Софиевка» деп тізбектеле береді.
– Биыл індет күшейген маусым-шілде айларында елордада бір күнде 30 адамның жерленгені рас па?
– Иә, рас. Ол кезде бір күнде кем дегенде 30-35 адам жерленді. Біз індетке шалдыққандарды жерлеген жоқпыз. Өйткені өлген адамдарды жерлеуге қатысты өтініштерді қабылдап, мәйіттерді қалалық қорымға жөнелтеміз. Ескі және жаңа қорымда індеттен қайтыс болған адамдарды жерлеумен айналысқан арнайы бригада болды. Көп адамдардың өкпесі қабынып, көз жұмғанын білеміз. Ал қазір жағдай тұрақталды. Өмір болған соң, күніне 1-2 адам қайтыс болады. Кей күндері ондай оқиға болмайды. Әрине, біз өз қызметімізге жүгінген жандарға көмектесеміз.
Әңгімеміз осы жерде аяқталып, Людмила Юрьевна кеңсе-дүкеніне келген адамдарды қарсы алуға орнынан тұрды.

ҚАЙ ДІННІҢ САЛТЫНДА МӘЙІТТІ ӨРТЕЙДІ?

Православ шіркеуі мәйітті өртеуді қоштамайды, бірақ ерекше айыптамайды. Патриарх Алексийдің өзі мұндай діни рәсім православ канондарына қайшы келмейтінін айтқан. Содан шығар, ресейлік крематорийлерде өлген адамның күнәсін жеңілдету үшін ән айтылады. Иуда діні мәйітті өртеуге тыйым салады, яғни адамның жаны өртелгенде қатты азапталады деп саналады. Үндістанда мәйітті жағу – көнеден келе жатқан салт. Үнділер ағаштан жасалған пирамидаға от жағып, оған хош иісті сандал ағашының майын тамызады. Мәйітті өртейтін кезде дұға оқып, Жаратқаннан марқұмның жанын тезірек қабылдауды сұрайды. Отқа жанбаған сүйектерді жинап, Ганг өзеніне лақтырады.
Будда дінінде мәйітті өртеу – адамды о дүниеге аттандырудың жалғыз жолы, қалыптасқан дәстүр. Мысалы, Жапонияда өлген адамдардың 98 пайызын өртейді. Буддизмнің дәстүрі бойынша кремация алдында адамның тіс­терін жұлады. Будданың тісі – осы діндегі жалғыз реликвия. Жапондық дүниетанымға сәйкес, кез-келген адам – болмай қалған Будда құдайы. Сол себептен, әр адамның тісі болашақ Будданың тісі болуы мүмкін деген түсінік бар.
Жапониядан бөлек, қазіргі кезде мәйітті өртеу Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде міндетті түрде жүзеге асырылады. Бұл рәсім Еуропа және Солтүстік Америкада кең таралған. Чехияда өлген адамдардың 95 пайызын, Ұлыбританияда – 69 пайызын, Данияда – 68 пайызын, Швецияда – 64 пайызын, Швейцарияда – 61 пайызын, Австралияда – 48 пайызын, Нидерландыда 46 пайызын өртейді.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Хасан АМАНҚҰЛОВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары:

Ислам шариғатында мұсылмандардың мүрделерін кремация (өртеу) арқылы жерлеуге болмайды. Бұл – адамзат жаратылысының ардақтылығына қайшы келетін іс. Жаратқан Иеміз Құранда адамзатты ардақты етіп жаратқанын айтады. «Сөз жоқ. Біз Адам балаларын ардақтадық. Құрлықта, теңізде алып жүрдік, жақсы нәрселерден ризық бердік әрі жаратқандарымыздың көбінен оларды үстем еттік» дейді. Әрі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қандай да бір жәндікті отпен жазалауға болмайтынын ескерткен. Басқа хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Өлген адамның сүйегін сындыру – тірі адамның сүйегін сындырғанмен тең». Яғни, адам баласы тірі бола ма, дүниеден өткен бола ма құрметке ие. Жалпы, мұсылман үмметі адам дүниеден өткен соң, оны жерлеу керектігіне бір ауыздан келіскен. Ал оны өртеу мәйітті, қорлау, азаптау болып саналады. Тіпті Алла елшісі қабірді баспаңдар деген. Бұл да болса дүниеден өткен марқұмға құрмет ретінде айтылған. Құран Кәрімде жерлеу үлгісі Абыл мен Қабыл оқиғасында баяндалған. Шариғатымыз бойынша адам баласы дүниеден өтсе, оның денесін жер қойнауына тапсырады. Ал өлген адамды өртеу дінімізге жат».Дмитрий БАЙДЕК, Нұр-Сұлтан қаласындағы Свято-Успен кафедралды соборының протерийі:

«Христиан діні адамның мәйітін өртеуге тыйым салмайды, айыптамайды және құптамайды, барынша бейтарап қарайды. Өйткені христиан дініндегі адамға өлгеннен кейін денесін қайда жіберетіні емес, оның рухына оқылған дұға, жанын тазалау және өлгеннен кейінгі адамдардың жүрегінде қалғаны бәрінен маңызды. Адамның тәнінен жан кеткенімен, рухы өлмейді. Кремацияға қатысты оны жасауға немесе жасамауға біздің дінімізде қандай да бір догмалық, канондық нормалар мен ұйғарымдар жоқ. Кремация біздің дәстүрімізде, бүгінгі қалыпты өмірімізде жоқ. Сол себептен жұрттың үрке қарауы түсінікті жайт. Егер өзімнің жеке пікірімді айтсам, адамның мәйітін өртеуде тұрған соншалық қорқынышты нәрсе жоқ. Өртелген мәйіттің күлін сақтап қояды. Біз өлгендердің жаны өмір сүре беретінін білеміз. Кімнің жанын тірілтетінін құдіретті Құдай өзі біледі. Елордада крематорий салынады деген мәселе әлі де талқылану керек деп санаймын.Сұлтан ЫБЫРАЙ, абайтанушы ғалым:

«Адам өлген соң тәнін өртеу деген қаншама мың жылдық дәстүрімізде жоқ нәрсе. Тіпті бүгінгі мұсылмандық кезімізді айтпай-ақ қоялық. Археологиялық қазбаларды қарасақ, сонау түркі дәуірінен бастап адам жерленген. Исламда, христианда және жөйттердің дінінде де өртеу деген жоқ. Сол себептен мен Қазақстан Республикасының азаматы, мұсылман ретінде елордада крематорий салуға қарсымын. Бір күмәнданатын нәрсе, адам өлген соң дене мүшелерін пайдалану деген үлкен сұрақ бар. Адам қапелімде өліп қалса, оның келісімінсіз ішкі ағзасының бір бөлшегін сатып, тәнін өртеп жіберу оп-оңай. Меніңше, бұл да сыбайлас жемқорлық қылмыс тудыратын фактор. Тағы бір қисынсыздау жағы, Алматы мен Нұр-Сұлтанда өлген адамды жерлеуге жер жетпейді деген сылтау айтылады. Құдайға шүкір, қазақтың жері жетеді. Тек адамды жерлеуге қатысты белгілі бір стандарттар енгізу керек. Мысалы, өлген кісілердің бәріне бір-бір үлкен кешен, мавзолей салсын деген әңгіме жоқ. Адамның бейі­тін де кішірейтіп, әдеп-ғұрыптан аспайтын қылып, салуға болады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 8 =