Елордада карантин неге күшейтілді?

0 25

Нұр-Сұлтан қаласында індетті жұқтыру қаупі күшейді. Себебі бас қалада карантин талаптары жиі-жиі бұзылуда. Мәселен, соңғы үш аптада 5224 нысанда карантин ережелері сақталмаған. Сол себептен елорда аумағында нақты шаралар қабылдау жөнінде шешім шығарылды. Демек, қиын кезеңнен аман-есен өту үшін қаланың әрбір тұрғыны мен қонағы сақтық, тазалық ережелерін қатаң сақтауы тиіс.

Covid-19 індетін жұқтыру қаупінің жоғарылауы мен науқастар санының артуына байланысты қалалық штаб отырысында бірқатар қосымша шектеулер қабылданды. Карантиндік шаралар 14 қазаннан бастап күшіне енеді. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті.

«Біріншіден, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері мен олардың квазимемлекеттік секторының кемінде 60 пайызы қашықтан жұмыс режиміне ауысады. Адам көп жиналатын жеке ұйымдар жұмысшыларды қашықтан жұмыс режиміне ауыстыруы қажет. Індетті жұқтырудың негізгі ошақтары – ұжымдық (еңбек) ошақтар. Жұмыс орындарында санитарлық-эпидемиология талаптарының қатаң сақталуын бақылау қажет.
Екіншіден, кафе, мейрамхана, бар, асхана және басқа да қоғамдық тамақтану нысандарының жұмыс уақыты 22 сағатқа дейін (9:00-ден 22:00-ге дейін) қысқартылады. Жұмыс күндері де, демалыс күндері де. Толтырылуы 30 орыннан артық емес. Нотариустардың, адвокаттық кеңселердің, бухгалтерлердің, консалтингтің, жылжымайтын мүлік және жарнама агенттіктерінің, сот орындаушыларының, туроператорлардың және т.б. жұмыс кестесі сағат 18-ге дейін (9:00-ден 18:00-ге дейін). Жұмыс күндері де, демалыс күндері де.
Азық-түлік емес тауарлар мен заттарды сататын бутиктерге тек жұмыс күндері 18 сағатқа дейін жұмыс жасау рұқсат етіледі. Монша, бассейнмен қамтылған сауналардың жұмыс кестесі: жұмыс күндері 8:00-ден 21:00-ге дейін, сенбі және жексенбі күндері 9:00-ден 19: 00-ге дейін. Алдын-ала жазылу міндетті. Жексенбіде қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады. Автобустар дезинфекцияланады.
Үшінші. Полиция департаменті санитарлық дәрігерлермен бірлесе күнделікті рейдтер жүргізіп, санитарлық талаптарды ұстану бойынша заңбұзушылық фактілерін анықтау жұмысын күшейтуі қажет.
Рейдтер көптеген нысандардың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақталмай жатқандығын көрсетіп отыр. Ұйымдар эпидемиялық талаптарды бірнеше рет бұзған фактілер болды. Мұндай рецидивистердің қыз­меті тоқтатылады» деп жазды ­Алтай Көлгінов инстаграм парақшасында.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × five =