Елордада 150 әскери міндетті сапқа тұрды

0 109

Әскери міндеттілер арнаулы жиындарға шақырылған күннен бастап елордада оған өтуге өз еркімен өтініш білдірушілер өте көп болды. Сөйтіп еріктілер саны шақыртылғандардан асып түскен. Солардың арасынан әскери міндеттілігі бар, әбден іріктелген ерікті азаматтар мен шақыртылған запастағы сержант, офицерлерден барлығы 150 әскери міндетті 10 сәуірден бастап сапқа қойылды. Олар қазір қалада 3 бағытта жұмыс жүргізіп жатыр.Нұр-Сұлтан қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің бастығы Ғани Артықовтың айтуынша, олар аумақтық Қорғаныс бригадасы құрамынан запастағы әскерилерді алдын ала іріктеп, құжат бойынша 100 адамды дайындап қойып отырған.
– Арнаулы жиынға өтуге өтініш еткен ерікті азаматтар саны 400-ге жуықтағасын, біз негізгі жұмысты солармен жүргізуге көшіп кеттік. Сөйтіп алғашқы лекте қала әкімінің қаулысымен белгіленген 100 адамнан соң бірнеше күннен кейін қосымша тағы 50 адам әскери жиынға өтті. Барлық әскери міндеттілер дәрігерлік комиссия қарауынан өткізілді. Моральдық-психологиялық тұрғыда дайындықтары тексерілді. Отбасылық жағдайына да көңіл бөлдік. Денсаулығы мықты, мүмкіндігінше жас азаматтарды алуға тырыстық. Сапқа қойылған күннен бері бір айға жуық уақыт ішінде олар үш негізгі бағытта жұмыс істеп келеді. Біріншісі, қала әкімдігі ішінде құрылған жедел штабта жұмыс істейтіндер. Олар штабқа жан-жақтан келіп жатқан ақпараттарды өңдеу, солардың бәріне уақытылы жауап беру, шара қолдану жұмысын басқаратын топ. Запастағы офицерлердің дені сол жерде. Екіншісі, қаланы дезинфекциялау жұмыстарына шығатындар. Олар күніне бір ғана Сарыарқа ауданында 15-25, Есіл ауданында 10-20 үйді зарарсыздандырады. Ал үшінші топтағылар – қалаға кіреберістегі блок-бекеттерге жіберілетіндер. Бұл әскери міндеттілер қалалық полиция департаментінің қызметкерлері және әскери полициямен бірге автокөліктерді бірлесіп базадан тексеру, көліктердің қалада тіркелген-тіркелмегенін анықтау, қандай жүк тасымалдайтынын бақылау, өтуге рұқсат қағаздарын тексерумен айналысады. Сонымен бірге олар қала маңындағы ауылдардан орталыққа жұмысына қатынайтын азаматтарды қадағалап, олардың құжаттарын тексереді, – дейді Ғ.Артықов.
Аталған үш бағыттағы топтың жұмыс істеу уақыттары әртүрлі. Бақылау өткізу бекеттерінде тұратын әскери міндеттілер 3 тәулікте 1 рет кезекші болады. Зарарсыздандырумен айналысатындар таңертеңгі сағат 9-да Аумақтық қорғаныс штабы болып белгіленген А.Затаевич көшесіндегі колледж жатақханасына жиналады. Сол жерде күн сайын алғашқы медициналық тексерістен өтіп, зарарсыздандыру жұмыстарына арналған комбинезондарын киеді. Жұмыс нұсқаулығынан өткесін кешкі 18.00-ге дейін өз міндеттеріне кіріседі. Кешке штабқа оралып, киімдерін ауыстырып, душ қабылдайды. Сақтық шараларынан өткесін үйлеріне қайтады. Жедел штабтағылар да кезекпен жұмыс істеп, ауысыммен демалады. Үш топтағылардың бәріне де арнайы көлік ұйымдастырылған.
– Іріктелген әскери міндеттілердің әрқайсысы әр салада істейді. Ішінде дәрігер де, мұғалім де, спортшы да, әнші де, кәсіпкерлер, сондай-ақ блок-бекеттерде техника немесе интернет желісі бұзылса, дереу жөндей қоятын ІТ мамандар да бар. Біз осы шаруаның басы-қасында жүріп, еліміздің рухы мықты, Отанын сүйетін патриот азаматтары көп екеніне куә болдық, қуандық, – дейді Ғани ­Артықов.
Елордада іріктелген әскери міндеттілердің жас шамасы – 25 пен 35-тің аралығында. Олардың саны қазіргі жағдайда жеткілікті болып отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 10 =