Елордада 15 мыңнан аса жұмыс орны ашылады

0 24

Елордада «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 105 жоба жүзеге асырылады. Бұған 61 млрд теңге бөлінді. Оның 17 миллиарды республикалық бюджеттен, 44 миллиарды мемлекеттік құнды қағаздарды сатудан түсіп отыр. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында осыны мәлімдеген қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев мәселенің мән-жайын тарқатып өтті.

– Жобалардың қатарында шаһардағы 140-тан астам аула мен 150 көшені жөндеу, 25 қоғамдық кеңістікті жоспарлау, бейімдеу орталығы мен екі мектептің құрылысы, көппәтерлі тұрғын үйлерге инженерлік желілерді тарту бар. Жалпы іске асырылатын жобалар өте көп. Соның арқасында биыл 15253 жұмыс орны ашылуы тиіс. Оның жартысы Жұмыспен қамту орталығы арқылы құрылады. Бүгіндері барлық жобалар басталды, – деді Қ.Маңқараев.
Жоғары білімді мамандарды әрі қарай даярлауға 834 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржы «Астана» халықаралық университетінің есепшотына аударылған. Қоғамдық кеңес мүшелері оның қисынды-қисынсыздығын сұрады.
Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Айтжанованың айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Астана» университетінде оқуға 800 грант бөлінген. «Қазір қалада педагог мамандардың тапшылығы қатты сезіліп жатыр. Гранттар дефектологтар, сурдопедагогтар, басқа да осы сияқты мамандарды даярлауға арналады. Олар 5 жыл бойы оқытылады. Одан соң қала мектептеріне жіберіледі» деді ол.
Былтыр жыл аяғында қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңына және өзге нормативті-құқықтық ­құжаттарға сәйкес «Нұр-Сұлтан қаласының Құрметті педагогі» атағы мен соған сәйкес сыйақы тағайындау ұсынылып жатыр. Бұл ұсыныспен Білім басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Сматаева таныстырды.
– Аталған атақ жылына бір рет мектепалды, жалпы орта, қосымша, арнаулы кәсіптік-техникалық мамандарға тағайындалады. Конкурсқа бес жылдан кем емес педагогтік өтілі бар мұғалімдер қатыса алады. Үміткерді білім беру ұйымы ұсынады. Тиісті комиссия құрамына жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар өкілдері, педагогика мен психология, әдістеме салаларының ғалымдары, «Үздік педагог» республикалық байқау жеңімпаздары, ардагер ұстаздар, жаңашыл мұғалімдер, әдіскерлер, қоғамдық ұйым өкілдері тартылады. Конкурс жеңімпаздары «Нұр-Сұлтан қаласының Құрметті педагогы» төсбелгісімен марапатталып, оларға бірреттік сыйықы беріледі. Сыйақы 300 айлық есептік көрсеткіштен кем болмауы керек, – деді Б.Сматаева.
Бұл ұсынысты бірауыздан мақұлдаған Қоғамдық кеңес мүшелері қаладағы жалғыз хоспис мәселесін көтерді. Оның себебі, шаһарда мемлекеттік хоспис жоқ. Екі жүзден астам орынға арналған жекеменшік осындай нысан «Данияр» қонақүйінде ашылған.
Кеңес мүшесі Мұхтар Еркетаевтың пікірінше, дәл қазір хосписке сұраныс өте жоғары болып отыр. Оған мемлекеттік тапсырыспен ауыр нау­қастарды орналастыратындай жағдай жасау керек. Оны қостаған Қоғамдық кеңес және Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов қарттар тарапынан да осы мәселе жиі көтерілетінін айтты.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева хоспис­ке науқастарды мемлекеттік тапсырыспен орналастыру жүріп жатқанын, бұған қоса, онкология орталығында 30 төсекорынға арналған полиативті бөлімше ашылғанын жеткізді.
Отырыста қоғамдық кеңес мүшелері көптеген мәселе көтерді. Соның ішінде нөсер сулары кәріздерін салу, азық-түлік қауіпсіздігі сияқты өзекті шаруалар бар. Жауапты органдар кейбір сауалдарға жазбаша жауап беретін болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 − 6 =