Елордада 12 мектеп салынады

0 32

Жаңа оқу жылы елордалық оқушылар мен білім қызметкерлері үшін ерекше жаңалықпен басталды. Нұр-Сұлтанда 1 қыркүйекте бір емес бірнеше мектеп ашылды. Бұл жаңалық елорда мектептерінің біраз жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Білім күніндегі жақсылықты оқушылар мен мұғалімдермен бөліскен елорда әкімі Алтай Көлгінов жаңа мектептер арқылы білім саласындағы біраз түйткілді мәселенің шешілетінін айтты.Қолданыстағы білім беру мекемелерінің аумағында үш мектеп және үш жаңа ғимарат салынған. 9 мың орындық бірнеше мектепте балалар екі ауысыммен оқитын болады. Жаңа білім беру мекемелері төрт мектепте, яғни № 31, №40, №53, №85 мектептерде үш ауысымдағы оқуды қысқартуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ оқушы саны көп алты мектептің №12, №58, №71, №75, №76, №84 білім мекемелеріндегі жүктеме азаятын болды.
«Біздің алдымызда мектеп оқушыларын орынмен қамтамасыз ету және оқуға қолайлы жағдай жасау міндеті тұр. Сауран, 5/1, көшесінде орналасқан мектеп екі ауысымда оқытып, жаңа 2400 оқушыға орын пайда болды. Бұл аймақ тұрғындары үшін бұған дейін оқу орны болған емес. Жаңа мектеп №59 және 85 мектептердің үш ауысымдық білім беру мәселесін шешіп, №76 және 75 мектептердің жүктемесін азайтады. Мектеп интерактивті даму кабинетімен, қашықтан оқытуға арналған онлайн студиямен жабдықталған. Студияда мұғалімдер онлайн сабақтарын жазып, вебинарлар өткізіп, тікелей эфирде көрсете алады. Болашақта біз бұл тәжірибені басқа мектептерде де қолданатын боламыз» деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Елорда әкімі сондай-ақ Сейфуллин – Омаров көшесінде бой көтерген 1800 орындық №8 ІТ мектеп-лицейінде болды. 60 жыл бұрын салынған ескі мектеп ғимараты апатты деп танылды. Өткен жылдарда балалар №56 және 16 мектептердің ғимараттарында оқыды. Жаңа мектеп IT және STEM сыныптарымен жабдықталған – оқушылар 3D нысандарын жасау, роботтарды модельдеу бойынша ғылыми және техникалық білімдерін практикада бірден қолдана алады. Сонымен қатар мектепте инклюзия және педагогикалық-психологиялық түзету бөлмелері бар. Мұнда арнайы дайындалған мұғалімдер ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейді.
Барлық мектептегідей сияқты мұнда бастауыш сынып оқушылары мектеп қабырғасында «кезекші топтар» форматында оқиды – сыныпта 15-тен көп бала болмайды, парталар шахмат тәртібімен қойыл­ған. Дезинфекциялық туннельдер, антисептиктер, әлеуметтік арақашық белгілері және маска тағу туралы ескертулер орнатылды.
Жалпы биыл елордада 12 мектеп салынып, пайдалануға беріледі, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыс­тырғанда екі есе көп. Алдағы 2021 жылы тағы 12 мектеп салынады деп жоспарланып отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − eleven =