«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елорда жаһандық Еуразиялық Хабқа айналады

0 107

2050 жылы Нұр-Сұлтан қаласы «Жаһандық Еуразиялық Хабқа» айналады. Бұл туралы елорда әкімі Бақыт Сұлтанов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бас шаһардың даму болашағы жайлы есеп беру баяндамасында мәлімдеді.

Қаланың даму келешегі

Қала әкімінің айтуынша, елорда болашақта адамдармен қатар, сауда, қаржы, саяси және инновациялық ағымдардың орталығы болады. Алайда бұл мақсатқа жету айтарлықтай қор мен уақытты, күшті әрі тұрақты институттарды, сондай-ақ осы салалар бойынша өңірдегі бәсекелестікте басым болуды талап етеді. Бұл тұрғыда Нұр-Сұлтан қаласына сақтандыру, жылжымайтын мүлік, банк ісі, аудит және маркетинг салаларындағы халықаралық компанияларды көбірек тарту көзделуде.
Айта кету керек, қазіргі уақытта Қазақстан қалаларының ішінде тек Алматы ғана жаһандық қалалардың бірі болып саналса, одан басқа жақын орналасқан жаһандық қала – елордадан 2 мыңнан аса шақырым қашықтықтағы Мәскеу қаласы. Сонымен қатар Ресейдің Поволжье, Сібір сияқты миллионер қалалары мен Ташкент инвестиция мен бизнес салалары бойынша Нұр-Сұлтанның басты бәсекелестері көрінеді.
Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласының «Жаһандық Еуразиялық Хабқа» айналуы үшін негізгі 3 кезең бойынша стратегиялық жоспар жасалған. Оның бірінші кезеңі – елорданы тұрғындар мен әлемдік деңгейдегі таланттарға жайлы қала жасау. Екіншісі – қала экономикасын жаһандық бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру және тұрақтылық. Үшіншісі – «Жаһандық Еуразиялық Хабқа» айналуды жүзеге асыру. Жоспар бойынша бірінші кезең 2025 жылы, екінші кезең 2030 жылы, ал үшінші кезең 2050 жылы жүзеге асырылмақ.
– Нұр-Сұлтан қаласының әлемдік деңгейдегі жайлы әрі экономикасы қарқынды дамыған қала болуына барлық негіз бар. Енді тек елорда тұрғындары мен қала әкімдігі және Үкімет тарапынан бұл ортақ мақсатқа қолдау көрсетуіміз керек, – деді Бақыт Сұлтанов.

Шеткі аймақтар шетін қалмайды

Сонымен қатар қала басшысы тікелей Тұңғыш Президенттің тапсырмасы негізінде тұрғындар санының күрт өсуіне байланысты 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспар бойынша қаланың орталық бөліктеріндегі апатты және ескі үйлер мен саяжай массивтерін сүру шаралары қарастырылғанын баяндады.
Сол сияқты кешенді жоспар бойынша 3 жылдың ішінде қаланың шеткі аймақтарындағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту негізінде 13 жоба жүзеге асырылмақ. Яғни «Көктал», «Өндіріс», «Үркер» сияқты 7 тұрғын алапта 2 мектеп пен 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 100 орынға арналған жатақхана, инженерлік желілер және жолдар салынбақ.
– «Казаэронавигация» РМК-мен бірлесіп, бюджет есебінен тыс қаржы көздерімен салынған, жоба құны 4,5 млрд теңге болатын денешынықтыру-сауықтыру кешені биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ал қалған 4 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастау үшін биыл 2,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Олардың құрылысы 2021 жылы толық аяқталады деп көзделуде, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ реновация бағдарламасы аясында да құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Алаш тас жолынан Сейфуллин және Кенесары көшелеріне дейінгі 148,3 гектарды алып жатқан аумақтағы ескі ғимараттардың сүрілетіні нақтыланған. Ал Асан қайғы көшесін кеңейту үшін 1139 жеке үй мен 924 жер учаскесін сатып алу керек болса, оған 62,9 млрд теңге қажет екен. Бұл жерге жеке инвесторлар 2,9 млн шаршы метр тұрғын үй мен 32,4 мың шаршы метр коммерциялық нысан салмақ.

Көлік жүктемесі жеңілдейді

Кейбір орталық көшелердегі көлік жүктемесін жеңілдету үшін шағын айналма жолдар қажет. Мысалы, Қошқарбаев, Ұлы дала даңғылдары мен Ақжол, Бейсекова көшелері арқылы өтетін айналма жолдың жалпы ұзындығы 46 шақырымды құрайды. Оның 22,8 шақырымы мен 9 жол торабы, көпірлер мен жол өтпелері 2007-2018 жылдар аралығында салынған болатын. Бүгінде 15,2 км жол мен Есіл өзені мен Нұра-Есіл арнасын басып өтетін 2 көпірдің құрылысы жалғасуда. Бұл айналма жол елорданың әкімшілік орталығын, яғни Тұран, Қабанбай батыр, Мәңгілік Ел даңғылдарын 20 мыңнан аса көлікке азайтуға септігін тигізбек.
Сол сияқты қаладағы автобус жолақтары мен бір бағытты жолдарды көбейту де көзделуде. Бұл үрдіс көшелердегі көліктерді өткізу жүктемесін 1,5 есеге жеңілдетіп, қоғамдық көліктердің қозғалысын жақсарта түспек.

Көгілдір отынмен жылытылады

«5 әлеуметтік бастама» аясында қолға алынған газдандыру жобасы бойынша елордада ауқымды істер қолға алынған. Ол 3 кезектен тұрады. Газ тарату желісінің ұзындығы 957 км құрайды. Құны – 50,8 млрд теңге. Оның бірінші кезегінде 9 іске қосу кешені қамтылған. 1 және 2-іске қосу кешенінің жобалық-сметалық құжатының қорытындысы оңды нәтижеге ие болыпты. Ал қалған кешендердің қорытындысы алдағы мамыр айында белгілі болмақ.
Жалпы, газдандырудың бірінші кезеңінде ЖЭО-1 мен «Көктал», «Оңтүстік-шығыс» және «Теміржол» тұрғын алаптары көгілдір отынмен жылытуға көшпек. Нәтижесінде мұржадан ауаға таралатын улы зат мөлшері 30 пайызға азаймақ. Бұл жоба қаржыландыру толық қолға алынған жағдайда 2023 жылы жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Кешенді жоспар бойынша қаланы газдандырудағы 5 жылдық жобаға 31,5 млрд теңге (13 млрд теңге – республикалық бюджет, 18,5 млрд теңге – жергілікті бюджет) қарастырылған.

Нөсер канализациясы көбейеді

Сондай-ақ қазіргі уақытта нөсер канализациясы да – өзекті мәселелердің бірі. Оның да шешімі кешенді жоспар аясында қарастырылып жатқан көрінеді.
Жалпы, қазіргі уақытта елордадағы нөсер канализациясы жүйесі 12,9 гектар алаңды қамтитын 14 тазалау құрылғысы мен 3 су жинағыш тоғаннан, 380 км магистральді нөсер коллекторынан тұрады. Өткен жылы 1 тазалау құрылғысы кешенінің құрылысы қолға алынып, 7 сорғы стансасына күрделі жөндеу жүргізіліп, 1,2 км коллектор салынған. Бұдан бөлек 3 тазалау құрылғысы салынып жатса, тағы екеуінің құрылысы басталыпты. Биыл 7 тазалау құрылғысы мен 2 нөсер канализациясы коллекторының құрылысы жалғасын таппақ.
Сонымен қатар биыл қала аумағындағы қызыл су мәселесін шешуге арналған 2 жоба жүзеге асырылмақ. Осы жұмыстардың нәтижесінде Ақбұлақ өзеніне құйылатын лай судан арылуға және Иманов, Иманбаева, Тәшенов сияқты басқа да көшелерді және «Өндіріс» тұрғын алабы сияқты шеткі аудандарды қызыл су басудың алдын алуға мүмкіндік тумақ.

Құрылыс қарқынды жүреді

Баяндама барысында қала әкімі Бақыт Сұлтанов Елбасыға жақын уақытта пайдалануға берілетін, құрылысы басталатын ірі жобалар жайлы да айтып өтті. Соның бірі – елордадағы ең биік ғимарат «Әбу-Даби Плаза» көпфункционалды кешені. Бұл нысанның бірінші кезегіндегі «Sheraton» қонақ үйінің құрылысы аяқталған. Қазір онда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ал аталған кешеннің қалған 5 блогының құрылысы 2020 жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарлануда.
Қазіргі уақытта жаңа мешіттің құрылысы басталып жатыр. Бұл тұрғыда алдағы уақытта мешіт маңында салынатын саябақ пен автотұрақ кеңістігі, абаттандыру жұмыстары, көліктік-логистикалық қызмет көрсету жөніндегі жобалау жұмыстары жүргізілуде. Ал нысанға инженерлік желі жүргізу, жылу берумен қамту сияқты басқа да тиісті техникалық қызмет жөніндегі жоспарлар бекітілген екен.
Сол сияқты Қазақ драмалық театры да зәулім ғимаратпен қамтылмақ. Театр эскизі әлемдегі ең әйгілі театрлардың дизайнына ұқсастырылған көрінеді.
Сондай-ақ елордада «World trade center» бүкіләлемдік сауда орталығы салынбақ. Қазіргі уақытта инвестор консалтингтік компаниялардың ұсынысы бойынша жобаның қаржы мәселесін қарастырып жатқанын айтады қала басшысы. 16-17 мамыр күндері елордада өтетінін «AEF 2019» экономикалық форумында «World trade center» делегациясы келеді деп жоспарлануда. Сол кезде бүкіләлемдік сауда орталығының іргетасы қаланбақ.
Бақыт Сұлтановтың мәліметінше, биылдан бастап қаладағы Президент саябағы, Қорғаныс министрлігінің ғимарат кешені және басқа да бірқатар тұрғын үй кешені мен сауда орталықтарының ғимараты күрделі жөндеуден өтеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды