«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Елорда үздік бестікке енді

0 197

Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Global Silk Road» Жібек жолы елдері қалалары мэрлерінің I форумы өз жұмысын бастады. Бұл басқосуда әлемнің 60 елінен жиылған 30-дан аса қала басшылары, 2 мың делегат сауда-саттық, бизнес, инвестиция және мәдени байланыстар саласындағы зор мүмкіндіктерді ашық талқылайды. Мэрлер форумы қалалар мен үкіметтер көшбасшыларының, салалық сарапшылардың басын біріктіретін бірегей алаң болып табылады. Айта кетелік, бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында Астана әкімі Әсет Исекешевтің қатысуымен «Global Silk Road» Жібек жолы елдері қалалары мэрлерінің I форумының пленарлық отырысы өтеді.

Қазақстанның елордасы 2017 жылы ШЫҰ және ТМД елдері астаналарының іскерлік әлеуеті рейтингінде бір саты алға жылжып, 4-ші орынды иеленді. Беделді рейтингте 1-ші орында – Бейжің, 2-ші орында – Мәскеу, 3-ші орында – Нью-Дели, 4-ші орында – Астана, 5-ші орында Баку тұр. Мұндай жағымды жаңалықты кеше аталған форум шеңберінде өткен «MICE: Бизнес-туризм» атты дөңгелек үстелде R&C көрмелік ғылыми-зерттеу орталығының бас директоры Дарья Островская жария етті. Оның айтуынша, іскерлік оқиғалар нарығында жаңадан пайда болған қала үшін бұл өте үлкен жетістік. «Биыл екінші рет жүргізілген бұл рейтингтің міндеті – іскерлік кездесулерді ұйымдастыру үшін қалалар әлеуетін анықтау. Оны бес түрлі критерийлер бойынша анықтадық. Атап айтқанда, біріншіден, ол инфрақұрылымның дамуы, екіншісі – промо-компаниялардың және футуристік брендтің пайда болуы. Үшіншіден, соңғы 3-5 жылдағы ірі халықаралық шараларды өткізу тәжірибесі ескеріледі. Төртінші критерий – мемлекет тарапынан жасалатын қолдау, бесіншісі – өңірдің реакрациялық мүмкіндіктері» деп әңгімеледі шетелдік сарапшы.
R&C көрмелік ғылыми-зерттеу орталығы басшысы бұл бағыттағы Астананың табыстарына ерекше тоқталды. Оның пайымдауынша, Астана конвеншн-бюроның құрылуы, 2017 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу кезіндегі шетел туристерін тарту шаралары, визалық тәртіпті жеңілдету, жергілікті биліктің қолдауы елордамыздың іскерлік әлеуетін арттыра түсті. Іскерлік индустрияны дамытудағы Астананың динамикасы өте жоғары. Мәселен, 2017 жылы «Doing Business» рейтингіндегі көрсеткіші – 36. Халықаралық конгрестер мен конференциялар қауымдастығының рейтингіндегі іс-шаралар саны жөнінен 286-шы (дүние жүзі бойынша), 68-ші орынды (Азия бойынша) иеленді. Бұған қоса, көрмелер нарығындағы жылдық өсім 6%-ға ұлғайған. Мұндай табысқа қол жеткізуге визалық тәртіпті жеңілдету және 2020 жылға дейінгі туризмді дамыту бағдарламасы оң ықпал еткені рейтингте айтылған.
«Әлемдік деңгейдегі іскерлік, туристік, бизнес іс-шараларды өткізу – бұл Астананың басымдық берілген бағыты. Меніңше, бас қаланың Қазақстанның басты бизнес орталығы ретінде өркендеуі де – заңдылық. Астана халықаралық қаржы орталығы Азия үшін ғана емес, әлемдік қаржылық хабқа айналатынына сенімім зор. Бұл – осы қалаға үшінші рет келуім. Әсіресе, қазақтардың аса қонақжайлығы, сәлемдесуі, ілтипаты қатты ұнайды. Қазақтың ұлттық тағамдарын да сүйсініп жеймін. Қай жағынан алсақ та, бұл бірегей қала. 20 жыл бұрын ен далада осындай өркениетті елорда бой көтереді дегенге ешкім сенбеген. Ал бүгін Астана Азияның інжу-маржанына айналды» деді Дарья Островская біздің газетке берген түсіндірмесінде.
«Қазақ туризм» АҚ ҰК төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев еліміздегі бизнес туризмнің келешегі екі ірі өңірде қарқынды дамып келе жатқанын айтады. «Бұл – Алматы және Алматы облысы, Астана және Бурабай шипажай аймағы. Ірі іскерлік шараларды өткізетін өңір – Түркістан. Аталған өңірлердің келешегі өте зор. Астана үшін бизнес туризм – нөмір бірінші туризмнің түрі. Өйткені елордаға бизнес өкілдері жиі келеді. Бұл тенденция­ны дамыта беруіміз керек. Іскер жандарды табиғаты ғажайып жерлерге апаратын керемет мүмкіндіктеріміз бар. Жиналыс өткізетін үстел, орындықтар барлық жерде бар. Ал біз шетелдіктер басқа еш жерде көрмейтін нәрселермен қызықтыруға тиіспіз» дейді ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды