Елорда төріндегі саммит

0 54

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мының Астана саммиті тарихи оқиға, тебіреністі мезет болды. Елбасы ол құрылтайды «Еуразияның жүрегінде, байырғы қазақ жерінде мыңжылдықтар бойы адамзат тарихын жасаған ұлы халықтардың үнқатысуы» деп атады. Саммит Қазақстанның демократиялық даму тарихындағы ғана емес, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жылнамасындағы аса маңызды басқосулардың бірі болды. 2010 жылы дүние есігін ашқан 70 ұл бала мен 17 ару Саммит, Саммита, Самит, Самита есімдерін иеленіпті.

Сурет Ш_ШАХАЙ (135)

Біздің республикамыз – ЕҚЫҰ-ға 1992 жылдан тұрақты мүше. ЕҚЫҰ – еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал ете алатын маңызды ұйым. Еліміздің бұл ұйыммен қарым-қатынасын бірнеше кезеңге бөліп қарас­тыра аламыз. Алғашқы кезең 1994-1997 жылдармен тұспа-тұс келіп, ықпалдасу іргетасын қалап берді. Мұндағы ең елеулі оқиға 1995 жылы Венада Қазақстанның тұрақты өкілдігінің ашылуы болды. 1998 жылғы 2-3 желтоқсан күндері ЕҚЫҰ мен Қазақстан Үкіметі арасында өзара түсіністік туралы, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен ЕҚЫҰ/БДИПЧ арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды. 1999 жылғы қаңтарда Алматыда ЕҚЫҰ орталығы ашылды.

Төрағалықтың ең түйінді тұсы ұйымның онжылдық үзіліс­тен кейін Астанада саммит өткізуі болды. Ол 2010 жылғы 1-2 желтоқсан күндері керуен керді. Бұған дейін мұндай жоғары деңгейдегі басқосу 1999 жылы Ыстанбұлда өткен болатын. Саммитке ЕҚЫҰ-ға мүше 38 мемлекет және үкімет басшысы, жоғары лауазымды шенеуніктер, сонымен қатар басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері келді. Олардың қатарында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Ресей Федерация­сының президенті Дмитрий Медведев, АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Германия Федералдық канцлері Ангела Меркель, Италия премьер-министрі Cильвио Берлускони болды.

Осы саммитте ЕҚЫҰ-ның бірінші өлшемі аясында әлем қауіпсіздігіне баса назар аударылды. Сенім мен қауіпсіздік шараларын нығайту, жаппай қырып-жоятын қару-жарақтар таратуды ауыздықтау, терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, адам саудасы мен есірткінің заңсыз айналымына қарсы бірлесе күресу мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар ЕҚЫҰ-ның экономикалық-экологиялық себетінің басымдықтары қаралды. Арал проблемасы да қозғалды. Көптеген елдің басшылары ЕҚЫҰ-ның үшінші өлшемі негізінде адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау, гуманитарлық қолдау мәселелерін сөз етті.

Форумға қатысушылар алдында сөйлеген Нұрсұлтан ­Назарбаев қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа парадигмасына көшу, яғни ынтымақтастықтың төрт мұхит шекарасындағы – Атлант мұхитынан Тынық мұхитқа және Солтүстік Мұзды мұхитынан Үнді мұхитына дейінгі біртұтас кеңістігін қалыптастыру қажеттігі жөнінде ой тарқатты.

Кездесу соңында аса жоғары деңгейде Астана декларациясы қабылданды. Онда саммитке қатысушылар ЕҚЫҰ-ның Хельсинки актісінде, Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясында, ұйымның өзге де құжаттарында бекітілген міндеттемелерді, қағидаттары мен құндылықтарды қуаттады. Бұған қоса, саммитке қатысушы елдер өкілдері ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі бойынша жұмысты жалғастыруға, ұйымның жауапкершілігі аймағында орын алып отырған қақтығыстарды реттеуде күш-жігерді арттыруға, адам құқықтарын қорғауға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, жаңа қауіп-қатерлерге лайықты қарсы тұра білу жолында ұйым жұмысын жаңаша жолға қоюды өз міндеттеріне алды.

VII саммитке шамамен 5 мың қонақ қатысқан. Бұл посткеңестік кеңістіктегі және Орталық Азиядағы осындай тұңғыш саммит болатын. Саммит қарсаңында Астана нағыз алынбас қамалға, беріспес бекініске айналды: биік мәртебелі меймандар түсетін қонақүйлер орналасқан қаланың сол жағалаудағы бөлігі ұлы құрылтай өтетін Тәуелсіздік сарайына дейін толығымен қоршалып, блок-бекеттер қойылды. Тіпті астаналықтарға сол күні терезеден қарауға тыйым салғаны есімізде. Ол аумақта тұратын тұрғындар өз үйлеріне тек алдын ала тіркеп, таратылған рұқсат қағаз арқылы ғана өтті. Жүріс-тұрыс шектелді.

Астанада ЕҚЫҰ саммиті кезінде құқықтық тәртіпті 4 мың полицей қамтамасыз етті. Террактілердің алдын алу үшін қатаң күзет режимі енгізілді, қаланың осы бөлігіне қаһарлы әскери техника кіргізілді, көшелер жарылғыш заттарды табуға үйретілген иттерді жетектеген әскери мамандарға толды. Астананың халықаралық әуежайы саммитке қатысушылардың ұшағынан басқа әуе көліктері үшін жабылды. Бұл шаралар өзін-өзі ақтады: лаңкестік шабуыл түгілі, саммиттің атына кір келтіретін бірде-бір қылмыс не теріс қылық тіркелмеген.

Қазақстанның еуропалық беделді ұйымның саммитін биік деңгейде әрі қауіпсіз өткізе алғанын кейін барлық делегация жоғары бағалап, алғыс білдіріп жатты. Мемлекетіміз осы арқылы жаһандық ордалы жиындарды лайықты ұйымдастыра алатынын төрткүл дүниеге паш етті.

IMG_5544

Сенімге қалай ие болдық?

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан ЕҚЫҰ-ға мүшелікке өткен соң төрт жылдан кейін-ақ осы ұйымға төраға болуды алға мақсат етіп қойды. Бірақ Қазақстанның басшысына бұл идеясын жүзеге асыру оңайға түспеді. Көп қарсылықтарға ұшырады. Тәуелсіздікке енді қолы жеткен елдің ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа ұмтылысын қайсыбір елдер Қазақстан бейнебір бүкіл әлемге үстемдік еткісі, жер шарының жартысын билегісі келетіндей көрді. Бұл қате пікір еді. Қазақстанның мақсаты өзін әлемге таныту, өзінің кім екендігін, қандай ішкі резервтері бар екенін сездіру ғана еді. Н.Назарбаев өзінің өршіл мінезінен бір танбады, табандылық танытты.

2006 жылы қыркүйекте АҚШ-қа сапары барысында кіші Дж.Бушпен алғаш кездесуінде-ақ ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа үмітті ел екенін айтып салды. АҚШ басшысы Н.Назарбаевтан мұны күткен жоқ еді. Ойын-шынын араластырып, біздің Елбасының назарын басқа жаққа аударғысы келді. Мұның сіздерге не қажеті бар, ЕҚЫҰ – дау-дамайы көп ұйым, төрағаға талап күшейе­ді, анауың жоқ, мынауың жоқ деп сынның астына алады. Сау бастарыңызға сақина тілеп қайтесіздер дегендей ишарат білдірді. Сонда біздің Елбасы:

– Біз сыннан қорықпаймыз. Біз – талай сыннан өткенбіз, мың өліп, мың тірілген халықпыз. Төрағалық етіп, өз қабілетімізді сынап көргіміз келеді, өз ісімізбен өзімізді танытқымыз келеді. Жас еліміз идеяға бай, бізде бейбітшілік пен мәмілегерліктің киесі бар, халқымыз ежелден достыққа, татулыққа, төзімділікке, бауырмалдыққа бейім, соны іс жүзінде көрсеткіміз келеді, – деді.

Дж.Буш болса сөзден тосылып, сол мезетте мемлекеттік хатшы Кондолиза Райсқа бұрылып: «Бұл елдің ұсынысын қолдағанымыз жөн болар» деп тапсырма берсе керек. Сөйтіп, алып елдің ырзалығын алған Қазақстан төрағалыққа өту талабын ілгері бастыра берді. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы атынан жалғыз Қазақстан ұжымдық кандидат болып танылды. Елбасының табанды, мақсатты, жүйелі жүргізген кемел саясатының нәтижесінде 2007 жылдың қарашасында Испанияның астанасы Мадридте өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер минис­трлерінің кеңесінде Қазақстан 2010 жылғы төрағалыққа лайық деп шешілді. Төрағалыққа Қазақстан билікқұмарлықтан, басқаларға үстемдік жүргізу ниетінен ұмтылған жоқ. Осы соңғы уақытта беделі божырай бастаған халықаралық ұйымға жаңа тыныс беру үшін, бұл ұйымды шын мәніндегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтудың пәрменді құралына айналдыру үшін ұмтылды.

Саммит өткен соң еліміздегі сала басшыларының қатысуымен өткізген қорытынды кеңесте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарға өз құттықтауын жолдады. Елбасы бұл мыңжылдықтың алғашқы саммиті ғана емес, мың жылда бір рет болатын оқиға екенін баса айтты.

«Мен беделді ұйым Астана саммитінің жемісті өтуімен баршаңызды құттықтаймын! Біз бірін-бірі жылдар бойы көрмей келген ел басшыларының басын қосып, мәмілеге келтірдік. Еуропа мен Азия ұғымын біріктіріп, қауіпсіздіктің кеңістігін кеңейттік. Ұзаққа созылған ортақ келісімнен кейін тарихи Астана декларациясын қабылдап, ұйымды жаңа белеске көтердік!» деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × five =