Елорда шежіресі

0 258

Бүгінде кейбір зерттеушілер Арқа төрінде салтанат құрған бас қаламыз – Астанамыздың тарихын патша заманынан, яғни, сонау 1830 жылдан бастау алады деп жүр. Өйткені, дәл сол жылы Батыс-Сібір губернаторы Вельяминовтың Қараөткел аймағында Ақмола деп аталатын төртінші округ құру жөніндегі бұйрығы негізінде қаланың қазіргі орнына қазық қағылды. 1830 жылдың 28 мамыр күні басталған қала құрылысы 2 жылға созылып, 1832 жылдың 22 тамызында аяқталады.

Ақмоладағы Бозақ, К.А.Ақышевтың графикалық реконструкциясы

Бұл, әрине, ару Астанамыздың бертінгі «күнделігі» ғана. Көп жағ­дайларда қаланың сан ғасыр­лық тарихы бар екенін бажайлай бермейміз. Тарихшылардың айтуына қарағанда, Есіл өңірінде жатқан осы бір қаланың тарихы тым әріге керек болса, ашель-мустьер заманына ке­тетін көрінеді. Оған Астана ма­ңынан табылған алуан түрлі тас құралдар куә болса керек. Өңір халқы біздің дәуірімізге дейінгі VIII-V ғасырларда егін­шілікпен айналысқан. Оған да қала маңынан әлі де табылып жатқан сол заманға қатысты қола орақтар мен топырақ өңдейтін құралдар дәлел. Астананың дәл іргесінде жатқан көне мекен – Бозақ қаласының орнын тазалап, зерделеп көрген ғалымдар да бас қаланың тарихы тым тереңде, сонау ғұн дәуірінде жат­қанын аңғарып отыр.

Тайтөбеден Ақмолаға дейін

Көшпелі салт ұстанған хал­қымыздың тарихи тегі саналатын осы бір Ғұн атты алып империяның көсемдері кезінде Сарыарқаның төсінде, Нұра мен Есіл өзендерінің арасында жатқан Тайтөбенің үстіне қамал салып, оны «Ақмола» деп атапты. Ғұндардың тілінде «ақ» сөзі – батыс, «мола» – қамал ұғымын білдірсе керек. Сонда Ақмола атауы «Батыс қамал» деген сөз болып шығады. Бұл ғылыми тұжырымды алғаш жазбаша дәлелдеген Византия ғалымы – Прокопи. Оның бұл туралы жазбасы 1939 жылы «Вестник древней истории» журналында басылған дейді ғалымдар. Кейін тарихшы Ғалым Қайратханұлы қытайдың көнежазбаларына сүйене отырып, бұл пайымның аңыз еместігін тағы бір мәрте дәлелдеп өтті.
Кейін сол ғұндар соққан батыс қамалдың айналасы – жанға, мыңғырған малға толып, өр­кениет ошағы пайда болады. Үлкен-үлкен қалалардың іргесі қаланады. Солардың бірі деп – Астанадан қол созым жерде жатқан Батығай қаласын айтуға болады. Өкінішке қарай, Батығайдың бізге бір сілемі ғана аман-есен жетті. Бүгінгі таңда «Хан шатыр» мен болашақта салынады деп жоспарланып отырған «Батығай» жабық қа­ласы өз заманында Қорғалжын елді мекенінің аумағындағы Тәуке ханның ордасы болған Батығай қаласының заңды жалғасы деп есептеуге болады. Одан басқа да Сұлу там, Сырлы там, Хан сүйегі, Бозақ… секілді қалалар болған екен. Бірақ бү­гінде олардан жұрнақ та қалған жоқ. Археолог әрі өлкетанушы Василий Солочинскидің 1955 жылғы зерттеулерінде Ақмола шаһарының астында жиырмаға жуық қалашық тапталып жат­қаны туралы жазылған.

Қамал қалаға айналды

1832 жылғы 22 тамыз күні тұсауы кесілген бекініс бірте-бірте өз іргесін кеңейте береді. 1845 жылы Ақмола станицасына айналды. 1862 жылғы 23 қа­занда Ақмолаға қала мәртебесі берілді. Деректер бойынша, сол шақта шаһарда 4777 дворян, үй-жанымен 1320 солдат, 1487 қарулы казак, 130 татар, 1349 орта азиялық, 11 дін иелері, 300-ге жуық қазақ болыпты. Екі май балқытатын, бір сабын қоры­татын, тері илейтін зауыт жұмыс істеген. Қаланың негізгі кәсібі сауда болды. Жиі-жиі жәр­­меңкелер ұйымдастырылып тұрған. 1852 жылдан бастап, әр жыл­дың жиырма бірінші мамырынан бастап оныншы маусымына дейін болатын «Константинов жәрмеңкесі» өткізіліп тұрды.
1868 жылы Ақмола, Көкшетау, Петропавл, Омбы, Атбасар сияқты бес уезден тұратын Ақ­мола уезі құрылды. Ал қаланың өзі уезд орталығына айналды. Жеке елтаңбасы да бекітілді. Бірақ бұл таңба да бізге жеткен жоқ. Ал 1910 жылы түрлі ұлт өкілдерінен тұратын қала тұрғындары 13000-ға жетті. 1916 жылы бүкіл облыс халқының саны бір жарым миллион адам болды. Осылайша шағын ғана қамалдан бастау алған бекініс жарты миллионнан астам адам тұратын облысқа айналды. Сауда нысандары, өндіріс орындары құрылды. Білім беру мекемелері мен банк, аурухана, мешіт салынып, тіршілігі қайнаған ортаға айналды. 1898 жылдардың өзінде облыста үш қалалық, он екі шір­кеулік мектеп және бірнеше ауыл­шаруашылық училищесі
болыпты. Татар мектебі ашыл­ған. Бұлардың бірі бұрынғы орталық базардың жанын­дағы үлкен мешіттің орнында 1920 жылға (қызылдар өртеп жіберген) дейін тұрған.
1913 жылы Ақмолада 40 кәсіп­орын болыпты. Бұл кәсіп­орындарда 208 адам жұмыс істеді. Сонымен қатар, 100 жел диірмен болды. Сол кездері бой көтерген ас үйлер мен көрнекі нысандар елорданың ескі орталығында бүгінгі күнге дейін сақталған.
Ақмоланың одан кейінгі даму тарихы бәрімізге белгілі. 1939 жылдың қазан айында Ақмола облыс орталығы болып бекітілді. 1960 жылдың 26 желтоқсанында «Тың игеру өлкесін құру туралы» жарлық шығып, 1961 жылы аты Целиноград болып өзгертілді. 1992 жылы Целиноград қайтадан Ақмола болып өзгерді. Ал 1994 жылдың алтыншы шілдесінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы Қаулы шығарып, Тәуелсіз қазақ елінің елордасына айналды. 1998 жылдың алтыншы мамырында Қазақстан Республикасының Президентінің Қаулысы бойынша, Ақмола атауы «Астана» болып өзгерді. Сол жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Қазақстанға медаль және «Әлем қаласы» жоғары атағы берілді. Бүгінде қаламыз күллі Алаш баласының мақтанышына айналып отыр. Бауыры татулық пен достыққа, сауыры сәні мен салтанаты жарасқан небір заманауи алып ғимараттарға толы құтты мекенге айналып үлгерді.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + nineteen =