Елорда – Қазақстан қалаларының локомотиві

Шаһизада ӘБДІКӘРІМОВ, ақын

0 21

Белгілі ақын Шаһизада Әбдікәрімов жақында Түркияның Эдирне қаласында өткен Түркі дүниесі ақындарының халықаралық поэзия фестивалінде лауреат атанып, Ахмет Нишан атындағы сыйлықты жеңіп алды. Ол Анадолы жерінен қайтқан сапарын елорда арқылы жалғастырды. Ақын алыстан ат арытып келгенде, біз онымен жолыққан едік.– Үлкен халықаралық сыйлықтың иегері атанғаныңыз құтты болсын. Біз мұны сіздің елу жылға жуық уақытқа созылған шығармашылық қызметіңізге берілген баға деп білеміз. Енді әңгімені осы фестиваль туралы айтудан бастасаңыз.
– Рақмет! Түркі дүниесі ақындарының аталмыш фестивалі 1992 жылдан бастау алады. Ол екі жылда бір рет әртүрлі елдерде кезектесіп өтіп тұрады. Бұған дейін фестиваль Түркиядан бөлек, Францияда, Македонияда, Болгарияда, Грекияда, Әзербайжанда және Қазақстанда өткен еді. Биыл ол 13-ші рет керуен түзді. Бұл жолы түркі халықтарының шайырлары Эдирне қаласында бас қосты. Бұл – Түркияның еуропалық бөлігінің солтүстік-батыс қапталында, Ыстанбұлдан 235 шақырым жерде, екі қапталында Грекия және Болгария мемлекеттерімен шекараласатын аумақта орналасқан өте көне шаһар. Қазір мұнда 140 мыңға жуық халық тұрады екен. Ол кезінде Осман империясының тұңғыш астанасы болған. Біз сондай әруақты қалада бас қосып, жырдан жауһар жаудырдық.
– Фестивальге ақындардың қатысу мәселесі қалай шешілді?
– Мұнда пәлендей құпия нәрсе жоқ. Ұйымдастырушы жақ шақыруды өз мойнына алады. Мені, мәселен, Түркістанда өткен фестивальде Түркия Жазушылар одағынан келген өкілдер байқап қалыпты. Олар сол жерде Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетінің мамандарына менің өлеңдерімді аудартып, өздерімен бірге алып кеткен. Бұған қоса, мен жайлы Қазақстан Жазушылар одағынан сұрастырыпты. Солардың негізінде фестивальге шақыру алдым. Қазақстаннан менімен бірге Бауыржан Қарағызұлы деген жас ақын барды. Шынын айтқанда, ол біздегі өте мықты ақындардың бірі екен. Өзім өлеңдеріне бек тәнті тұрдым. Орта Азияның түркі тілдес мемлекеттерінің бәрінен өкілдер қатысты. Ресейдің Татарстаны мен Башқұртстанынан да ақындар келді. Барлығы 30 мемлекеттен 100-ден аса ақын үш күнге созылған фестивальдің көрігін қыздырды.
Ақырында еларалық мүшәйраның жүзден астам үміткерлері арасында үздік атанған үш ақынның қатарынан табылдым. Сахнаға бірінші Ирактың ақыны шақырылды, екінші мен көтерілдім, үшінші болып Македонияның шайыры тұғырға шықты. Үшеумізге үш ақынның есіміндегі сыйлық табыс етілді. Маған Ахмет Нишат атындағы аталымның лауреаты деген атақ берілді. Негізі, фестивальге кіл талантты ақындар жиналыпты. Мысалы, татардың Рамис Әймат деген ақыны өрелі көрінді. Бізден оншақты жас кіші екен. Қырғыздың «Ел ақыны» Қарбалас Бакиров пен Алтынбек Исмайыловты бұған келгенге дейін білетінмін. Өзбектің Қасиет деген ақыны фестивальге өз бетінше келіпті. Яғни оны мұнда ешкім жібермеген. Түрікменстанның Аршагүл деген ақын қызы да талантты екенін танытты. Маған, бірақ, бәрінен де Иран ақынының өлеңдері көбірек ұнады. Түріктің өз ақындары да өте мықты екен. Алайда әлгінде айтқанымдай, фестивальдің басты шарты бойынша, өз елдерінде өтіп отырғандықтан, олар лауреат атана алмайтын еді.
Күллі Орта Азияда аталмыш халықаралық фестивальдің сыйлығын бұған дейін Тұманбай Молдағалиев ағамыз ғана алыпты. Ол бұған 1992 жылы өткен бірінші сайыста-ақ қол жеткізген. Сол жолы қазақ ақынына Физули атындағы сыйлық табыс етілген. Содан кейін Тұран аумағында лауреат атанған ешкім болмапты. Сөйтіп бұл өңірде Тұмағаңның абыройлы жолын жалғастырып, Түркияның осындай үлкен сыйлығын алған екінші ақын болып қайттым.
– Өте бай тарихы бар түрік әдебиетін тереңірек зерттеп, шығармаларын қазақ оқырмандарына жеткізіп тұратын уақыт болған жоқ па?
– Жөн сөз. Біз бұл жағынан көп нәрсені жіберіп алдық. Бірақ әлі де кеш емес. Оның үстіне, қазір түрік тілін жақсы білетін әдебиетші жастарымыз көп. Енді олар бұрынғыдай қардаштарымыздың туындыларын орыс тілі арқылы емес, түпнұсқадан аударатын болады. Бұған да тым көп қалған жоқ. Бұл үшін алдымен мемлекет тарапынан, яғни министрліктен тапсырыс болуы керек. Онсыз аударма туындыны шығару да, тарату да оңай емес.
– Биылғы қыркүйекте елордада өткен Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумы жөнінде қоғам екіге жарылды. Бір жағы оны қолдаса, екінші жағы «босқа ақша шашу» деп күстәналады. Сіз бұған не дейсіз?
Мен өз басым Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумының Астанада өткенін өте зор іс болды деп есептеймін. Біріншіден, ол құрлықтың 38 мемлекетінен 280-нен астам жазушы қатысқан үлкен жиын түрінде өтті. Екіншіден, жиынды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп ашып, басынан аяғына дейін түгел қазақ тілінде сөйледі. Форумның қазақ тілінде өтуі де оның ерекшелігі болды. Әр елден келген делегаттар өз тілдерінде ой білдіріп, ол қазақ және ағылшын тілдеріне қолма-қол аударылып тұрды. Ал жүргізілу тәртібі ағылшынша жалғасты.
Форумда көтерілген ең өзекті мәселе Азия елдері жазушыларының қауымдастығын құру жайы болды. Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жиында сөз сөйлеп, дәрежесі әлемдегі атақты Нобель сыйлығына пара-пар, түркі тектес халықтар қаламгерлеріне арналған «Азия алыбы» атты сыйлық тағайындау туралы мәселе көтерді. Амандық болса, алдағы уақытта мұндай сыйлықтың шынымен өмірге келгенін де білетін боламыз. Маған тағы бір ұнағаны, Президентіміз жас күнінде «журналист болсам, қаламгер болсам» деп армандаған екен. Тегінде, бір кездері қаламгер болуды армандаған кісінің бойында өмір бойы жақсы қасиеттер сақталып қалады. Себебі, ол ізгілікке жақын тұрады. Сөзге сенген адам иманға да ұйиды.
Бір сөзбен айтқанда, Азия жазушыларының бұл форумы құрлық қаламгерлерінің өміріндегі ірі тарихи оқиға болды. Ол екі жылда бір рет өткізіліп тұратын болып шешілді. Мұның өтуіне Қазақстан Жазушылар одағы орасан зор еңбек сіңірді.
– Шәке, ел байтағына жиі келіп тұратын меймандардың бірісіз. Біздің бас қаламыздың өсіп-өркендеуі жөнінде қандай пікір айтасыз?
– Не дері бар, елорда күн санап, ай санап қарынмен өсіп келеді. Бұдан тіпті он жыл бұрын да ол тап қазіргідей емес еді, жиырма жылды айтпай-ақ қояйық. Бұл бізді қуантады. Астананың осылайша тотыдайын таранып, жайнай түсуі еліміздегі барлық қалаларға зор дүмпу берді. Қазір Қазақстанда бұлайша өзгермеген қала жоқ. Сондықтан бас қаламыз бұдан кейін де біздің шаһарларымыздың локомотиві болып тұра берсін.

Сұхбаттасқан
Расул АЙТҚОЖА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды