Елорда қалай түрленеді?

0 88

Нұр-Сұлтан қаласының Урбанистика орталығы Space Syntax халық­аралық командасымен бірлесіп «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» атты шеберлік жоспарын жасады. Мұнда қала тұрғындарының түрлі мүдделері жан-жақты ескерілген.

Елорданы дамытудың әлеуметтік-экономикалық стратегиясына арналған құжат нақты үш мақсатты көздейді:
1) адамдар үшін жайлы қала;
2) экологиясы таза тұрақты қала;
3) белсенді өмір салтын жүргізетін салауатты қала.
Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкеннің айтуынша, шеберлік жоспары тактикалық және стратегиялық жобаларға негізделіп іске асырылуда. Тактикалық жоспарлар тұрғындар үшін жайлы ортаны құруға бағытталған. Бұл мақсатта биыл қоғамдық кеңістіктер, аулаларды жобалау және елорда көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, оған қала тұрғындары да тартылады.
– Қала құрылымындағы өте маңызды элемент – қоғамдық кеңістік. Оның дұрыс басқарылуы біз үшін маңыз­ды. Әлемде инвесторлардың, белсенді азаматтардың қоғамдық орындарды тиімді басқару тәжірибесі бар, – деді Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен.
Орталық автокөліктер үшін емес, адамдардың өмір сүруіне қолайлы әрі ыңғайлы қала құру идеясын насихаттайды. Ол үшін мүмкіндігінше қоғамдық орындарды көптеп құру, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларды кеңейту және велосипед жолақтарының ұзындығын арттыру көзделген.
Осыған орай, Триатлон саябағындағы спорттық ойындар мен таза ауада демалуға арналған көпірасты кеңістік үлгісімен қаланың басқа бөліктерінде де осы тектес демалыс орындарын жүзеге асыру ойластырылып жатыр. Сондай-ақ «Астана» сая­бағынан бастап Президенттік саябаққа дейінгі барлық үлкен саябақтар біріктірілетін болды. Қысқы демалысты сүйетіндер үшін «Nur-Sultan Snowpark» сноубордшыларға арналған жасанды сырғанағы ашылды.
Елорданың солтүстік жағалауындағы Абай даңғылы, Сәтпаев және Петров көшелері де түрленіп, көркейетін болады. Бұл жерлерде велотұрағы бар велосипед жолақтары жасалады.
Қоғамдық орындарда жасыл желекті көбейту, субұрқақтар мен қаланың бірқатар ауданында орындықтары мен әткеншектері бар демалыс орындарын құру жоспарланған.
– Біз қалалық орман, амфи­театр аймағын құруды көздейміз. Онда адамдар кішігірім концерттер мен іс-шараларды өткізе алады және осы жерге өте керемет субұрқақ орнатқымыз келеді, – деді орталық басшысы.
Былтыр қала тұрғындарының қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізілді. 40 аула және 20 қоғамдық кеңістік жобасы іске асырылды.
– Абаттандыру бағдарламасы шеңберінде тротуарларды кеңейту, велосипед жолдарын бөлу, қажетті инфрақұрылым құру бойынша жұмыстар жүргізілуде және Омаров к-сі, Бөгенбай батыр даңғылы, Бейбітшілік (7,1 км), Қосшығұлұлы, Сейфуллин (2,5 км) көшелері, Абай даңғылы (3 км), «Еуразия» сауда үйінің аумағын (14,3 км) қайта құру жобалары әзірленді, – дейді Елнар Базыкен.
Айта кетейік, «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» бас жоспары елорданың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы аясында жасалған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − seven =