Елорда қалай цифрланып жатыр?

0 23

Індеттің цифрландыру саласына салған салмағы ауыр. Қала халқының өміріне де өзгеріс енгізді. Тұрғындар барлық мемлекеттік қызмет түрлерін қашықтан алу мүмкіндігіне ие болды. Үйден шықпай-ақ жүгінуге болатын жаңа қызметтер: ПТР тест тапсыру үшін кезекке тұру, пітір садақа, әлеуметтік көмек түрлеріне құжат тапсыру сынды сервистер әзірленді. Онлайн өмірге икемделу қалай жүзеге асты? Цифрландыру саласында қандай жаңалықтар орын алды? «Ақылды қалаға» жүктелген міндет ақталды ма? Аталмыш сұрақтар мен цифрландыру саласындағы мәселелерге қалалық тұрақты даму орталығының IT-архитекторы Виталий Пустовойтенко жауап берді.

КАРАНТИНДЕГІ ЖАҢА ҚЫЗМЕТТЕР

Карантиндегілер «Smart Astana» бақылауында. Мобильді қосымша үй карантиніндегі адамдардың геолокациясын анықтауға, географиялық орнының өзгергенін бақылауға мүмкіндік берді. Ол үшін қолданушы «Мен карантиндемін» деген функцияны қосу керек. Егер қолданушы ұялы телефонын қалдырып, алысқа ұзап шығып кетсе, қосымша дабыл қағып, ситуациялық орталыққа хабар береді әрі үйдегі карантинде орындалуы тиіс талаптар да толық көрсетілген. Жоба әлемнің 15-ке жуық елдерінде табысты жүзеге асырылған және елімізде де оң нәтиже берді. Қосымша 31 наурызда қолданысқа енді, десе де күні бүгінге дейін қызмет көрсетуін тоқтатқан жоқ. Бірақ қызметіне жүгінетіндер қатары азайған.
Карантин кезінде астаналықтар арасында аса сұранысқа ие болған қызмет – жұмыспен қамту орталығынан жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алу. Ол үшін тұрғындар орталық сайтындағы 16 қызмет түрінің ішінен қажеттісін таңдап, ыңғайлы уақытқа жазылу қажет. Электронды талон алып, орталық қызметіне жүгінуге болады. Бұл ұзын-сонар кезектің алдын алды. Қазіргі таңда елорданың тәжірибесіне сүйене отырып, барлық аудандарға енгізу жағы қарастырылып жатыр.
Сонымен қатар шаһар халқы онлайн кезекке тұру, бірыңғай жиынтық төлем, пітір садақа төлеу қызметіне жиі жүгінді. Пітір садақа қызметін 2 мыңнан аса адам қолданып, ораза уақытында 1 миллионнан көп қаражат жиналған.

НҰР-СҰЛТАН – КӨШ БАСЫНДА

МИБ тіркеу, пәтер иелерімен жиналыс, дауыс беру, сауалнамалар қашықтан жүргізілуде.
Онлайн дауыс беру, сауалнама толтыруға мүмкіндік беретін «Eknot» платформасы әзірленді. Бұл – электронды ПИК-тің жаңарған нұсқасы, пәтер иелерінің атынан әлдебіреулердің жалған дауыс беруін болдырмайды. Өзгешелігі сол, платформада интерфейс толығымен өзгерген, аналитикалық элементтер қосылған. Мәселен, Сарыарқа ауданында 70 шаршы метрлік тұрғын үйде үш адам тұрса, олар дәл өздеріндей 70 шаршы метр тұрғын үйде тұратын үш адамның жарық, суға және т.б. кетіретін шығындарын көріп, салыстыра алады.
Бүгінде жаңа платформа сынақтан өту кезеңінде, әзірге бірнеше тұрғын үй мен 5 МИБ қосылған. Қыркүйек айының ортасынан барлық тұрғындар «Eknot»-қа қосылатын болады. Десе де пәтер иелерінің одан бас тартуға мүмкіндігі бар.

ҚАҒАЗСЫЗ АУРУХАНА

Медициналық-ақпараттық жүйенің арқасында қағазбастылық азайды. Цифрландыру нәтижесінде бұған дейін қағазға жазылатын есептік құжат қажетсіз болып қалды. Электронды денсаулық төлқұжаты жасалды. Тұрғындар өзімен бірге анықтама немесе басқа қағаздар бумасын алып жүрмейді. Тек өз аты-жөнін айтса жеткілікті, олардың қандай сырқатқа шалдыққаны, нендей ем қабылдағаны, медициналық сараптама қорытындылары жайлы алдын ала біліп отыруға мүмкіндік берді.
Емделушілер үшін «Damumed» мобильді қосымшасы әзірленді. Дәрігерлер аталмыш қосымша арқылы тегін онлайн-кеңес беріп келеді. Қазіргі кезде дәрігер қабылдауына жазылу үшін емханаға барудың қажеті жоқ. Үйден шықпай-ақ қабылдауға жазылуға мүмкіндік бар. Тұрғындар өздеріне қолайлы уақытта дәрігерді үйге шақырта алады. Сонымен қатар бұл қосымшаның көмегімен еңбекке жарамсыздық парақтарын, дәрігер жазып берген рецептерді, өзіңіздің зертханалық зерттеу нәтижелерін көре алады. Көптеген емханаға келуші науқастар осы қосымшаның көмегімен дәрігерлерге талон алып қаралып жатыр. Енді тұрғындар ұзын-сонар кезекті күтпей-ақ портал туралы сұрақтарды және басқа да ақпараттарды үйде отырып алуларына болады. Бұл жоба арқылы емхана қызмет көрсету сапасын арттыру, адамдардың өтініш-тілектерімен жұмыс істеу жағы жолға қойылды.
Елімізде енді еңбекке жарамсыздық парағы мобильді қосымшамен тексеріледі. Арнайы QR-код арқылы оны қашан және кімнің бергенін анықтауға мүмкіндік туып отыр. Бұл алаяқтық жолмен ақша тапқысы келетіндердің жолын кеседі. Еңбекке жарамсыздық парағындағы QR-код елорданың емханаларынан бастау алып, бүкіл Қазақстанды қамтиды.
Сондай-ақ түрлі зертханалармен байланыс күшейді, соның бірі төтенше жағдай кезінде «Олимп» клиникалық талдау-талдау зертханасы ПТР сынағының шынайылығын тексеруге атсалысты.
Биыл «ақылды қала» статусына жаңа талаптар қосылады. Бас шаһар жылдың басы қаңтар айында «ақылды қалалар» рейтингінде 61 пайыз дауыс жинап, бірінші орынды иемденген еді. Енді елордада жылдың аяғына дейін 100 пайыз цифрлы қалаға айналу міндеті тұр. Нәтижесі – уақыттың еншісінде.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 2 =