Елорда өскен сайын жұмыс ауқымы да артады

0 39

Осы жылдың жартыжылдық қорытындылары бойынша елорданың әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақты өсімді көрсетті. Кеше Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында осы туралы мәлімдеген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында бас қалада атқарылып жатқан маңызды жұмыстарға тоқталды. Баяндамадан соң журналистердің сауалдарына жауап берді.– Пандемияға немесе карантиндік шектеулерге қарамастан Мемлекет басшысының дер кезінде қабылданған шешімдерінің арқасында бас қала экономикасы өсуде. Мәселен, құрылыс жұмыстарында өткен жылы 10 пайызға жуық өсім болса, биылғы жартыжылдықтың көрсеткіші одан асып кетті. Тұрғын үйді іске қосу көрсеткіші былтыр 72 пайыз болды. Бұл жағынан да өсім бар. Бұған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және инвестицияларға қолайлы жағдай жасаудың арқасында қол жеткізіп отырмыз.

Тұрғын үй салу қарқыны өсті

Өткен жылы 3 миллион шаршы метр тұрғын үйді іске қосқан болсақ, биыл 3 миллион 200 мың шаршы метрді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Инвестиция тарту – басым бағыттарымыздың бірі. Былтыр 1 триллион 100 миллиард тартылған болса, қазіргі уақытта бұл жағынан 30 пайызға жуық өсім байқалады. Өндіріс көлемі де артуда. Ең маңыздысы орта және шағын бизнес өкілдері азайған жоқ. Себебі пандемияға байланысты қиындықтар болды. Карантиндік шектеулер де өзінің теріс ықпалын тигізді. Бірақ соған қарамай орта және шағын бизнестің 152 субъектісі тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға көп, – деді Алтай Көлгінов.
Елорда тұрғындарының саны жылдан-жылға артып жатыр. Он жыл ішінде бас қала халқы екі есеге өсті. Осыны атап өткен қала басшысы 2010 жылы 650 мың тұрғын болса, биыл 1 млн 200 мың адамға жеткенін айтып өтті.
– Жыл сайын тұрғындар саны шамамен алғанда 50 мыңға көбейіп жатыр. Бұл өсім ішкі миграция мен бала туу көрсеткіші есебінен болып отыр. Әрине, бұған қуанамыз. Бірақ сонымен қатар әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымға, жол мен тұрғын үйге, мектептерге салмақ түсуде. Сондықтан тиісті шешімдерді қабылдауымыз қажет, – деген елорда әкімі алдымен денсаулық сақтау саласында қолға алынған шараларға тоқталды.
Оның айтуынша, қазір осы саланы жаңғырту өте өзекті болып отыр. Бүгіндері санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, дәрігерлердің дайындығы, олардың біліктілігін арттыру, материалдық-техникалық жарақтандыру, т. б. көптеген жұмыстар бойынша тиісті мақсаттар қойылды. Сонымен қатар әлеуметтік мәселелер де назарда.
– Қала тұрғындары санының артуына байланысты баспанаға сұраныс та жоғарылап отыр. Бізге дер кезінде қимылдап, осы проблеманы шешу керек. Үлескерлік құрылыс 15 мың отбасыны толғандырды. Шаһар тұрғындарының көбеюіне сәйкес оқушылар саны да артып отыр. Бізге осы мәселені де уақытылы шешу керек, – деді Алтай Көлгінов.
«Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары қабылданғанын атап өткен қала басшысы осы құжатқа сәйкес «Адамдарға арналған қала» принципі негізінде қоғамдық кеңістіктер салынып, аулалар абаттандырылып жатқанын айтты. Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес халықпен кері байланысты жүргізу маңызды екенін айтып өтті. Қаланың қазіргі эпидемиологиялық жағдайына тоқталып, осы бойынша маңызды міндеттерді атады.

Індет екпін алып тұр, үміт – екпеде

– Дәл қазір эпидемиологиялық жағдай күрделі болып отыр. Маусым айының басында індетті жұқтыру көрсеткіші төмендеп бара жатқан. Сол кезде тәулігіне ПТР-тест арқылы вирусты жұқтырудың 100-110 жағдайы анықталатын. Міне-
міне «қызыл аймақтан» шығамыз деп отырғанда «дельта» штамы немесе үнді штамы пайда болып, жұқтыру көрсеткіші күрт артты. Бүгінде тәулігіне 680 жағдай тіркелді. Сондықтан тиісті шаралар қолға алынды. Санитарлық дәрігерлер қосымша шектеу шараларын қабылдады. Бұған мәжбүрліктен барып отырмыз, – деген қала басшысы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласы айтарлықтай жаңғыртылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы салаға қомақты қаржы бөлінді. 14 стационарда 2 мың төсек-орын ашылды. Соның 1400-і немесе 75 пайызы бос емес. Күн сайын 200 пациент келіп түседі. Лабораториялар саны 2-ден 27-ге көбейтілді. Пандемияға дейін тесттер саны аз болса, қазір тәулігіне кейде 9 мыңға дейін жетеді. Бұл жағдай уақытында ем қабылдауға әсер етіп жатыр.
– Қазір тұрғындар арасында белсенді түрде вакциналау жүргізіліп жатыр. Бұл жерде жағдайды түсініп, өз еркімен келіп, вакцина алған адамдарға алғыс айтқым келеді. Осы жағдай ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, азаматтардың өзін және айналасындағы адамдарды қорғайды. Қалада вакциналаудың 100 пункті, соның ішінде ірі сауда орталықтарында ашылды. Мемлекеттік және жекеменшік емханалар күнделікті жұмыс істеп жатыр. Сол үшін кәсіпкерлерге, сауда орталықтарының жетекшілері мен құрылтайшыларына алғыс айтамын. Бұл – бізге үлкен көмек, – деді Алтай Көлгінов.
Вакцина алған адамдарды ынталандыру үшін бағалы сыйлықтар ойнатылып жатқанын айтқан қала басшысы пандемиямен күресте вакцинадан басқа жол жоқтығын атап өтті.
– Тиісті сарапшылар бәрі бірдей осыны айтып отыр. Ғылымға ғана сүйеніп, вакцина алу керек. Сол арқылы екпе алған адамдардың саны көбейіп, ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет. Осы күнге медицина қызметкерлерінің 90 пайыздан астамы, коммуналдық қызмет жұмыскерлерінің 70 пайыздан астамы вакцина алды. Қалада мобильді топтар жұмыс істеп жатыр. Олар ұжымдарға барып, екпе салып жатыр. Бұл – өте маңызды жұмыс. Қала тұрғындарының барлығын екпе алуға, сол арқылы өздерін және жақындарын қорғауға шақырамын, – деді елорда әкімі.
Бір жарым жыл ішінде қала дәрігерлері бұл жағынан біраз тәжірибе жинақтағанын айтқан Алтай Көлгінов кәсіпкерлер де жағдайды түсінетінін атап өтті. Қалада енгізілген Ashyq жүйесін 1300-дей бизнес субъектілері пайдаланатынын жеткізді.
– Бұл жүйе өзін жақсы жағынан көрсетті. Оны әрі қарай да жетілдіреміз. Аталмыш жүйе тамақтану орындарына «қызыл» статуспен кіргісі келген көптеген адамды анықтады. Сол үшін жауапкершілікке тартылған адамдар бар. Сондықтан азаматтарды тәртіпті болуға, жағдайды ушықтырмауға шақырамын, – деді Алтай Көлгінов.
Медициналық жоғары оқу орындарының 350 түлегі жұмысқа тартылғанын айтқан қала басшысы кадрларды толықтыру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 500 грант бөлінгенін атап өтті. Оның айтуынша, жедел жәрдем көліктері паркі 107 көлікке көбейтіліп, 100 пайызға жарақтандырылды. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының 200 төсек-орынға арналған жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек саласы жаңғыртылды. Бұл – амбулаторлық қызмет пен емханалар. Сол арқылы стационарлар жүктемесі азайды. Қазір адамдар үйлерінде емделіп жатыр. Дәрі-дәрмек үйлеріне жеткізіледі. Яғни қашықтан емдеу ұйымдастырылған. Резервтерден медициналық ұйымдарға медициналық қондырғыларды сатып алуға қаржы бөлінуде. Оның арасында оттегі аппараттары, ИВЛ, рентген аппараттары, компьютерлік томография және басқа да қондырғылар бар.
– Бұл жұмыстар денсаулық сақтау саласын күшейтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен медицина қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай өсті, – деген елорда әкімі тұрғындарды баспанамен қамту үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.Қолжетімді баспана көбейеді

Президенттің тапсырмасымен қолжетімді баспана құрылысы үш есеге артқанын айтқан қала басшысы бұл бағыттағы соңғы жылдардағы статистиканы келтіріп өтті. Оның айтуынша, 2018 жылы 1100 пәтер, 2019 жылы 2900 пәтер, 2020 жылы 7 мың пәтер пайдалануға берілді. Ал биыл 10 мың әлеуметтік пәтер салынады.
– Бұл баспананы әлеуметтік топтарға, мұқтаж азаматтарға тапсырамыз. Әсіресе, кезекте тұрған азаматтар мен «Отбасы банктің» салымшылары баспанаға ие болады. Тұрғын үй сертификаттарының сомасын 1 миллион теңгеден 1 миллион 500 мың теңгеге көбейттік. Екінші деңгейлі банктермен келісімге келдік. Қазақстан ипотекалық компаниясымен бірге әлеуметтік сала мен бюджет қызметкерлеріне 1 мың пәтер бөліп жатырмыз. Бұл – медицина қызметкерлері, педагогтар, өрт сөндірушілер, төтенше жағдай қызметкерлері, полицейлер, әлеуметтік қызметкерлер, мәдениет және спорт қызметкерлері. Елбасы тапсырмасымен жұмыс істейтін жастарға 1 мың пәтер береміз. Бұл – өте маңызды, тұрғын үй кезегін айтарлықтай азайтатын жұмыс, – деді Алтай Көлгінов.
Күрделі болған үлескерлік құрылыс мәселелеріне тоқталған елорда әкімі осы бағытта қолға алынған шаралар туралы айтты. 2019 жылы қалада құрылысы тоқтап қалған 152 көппәтерлі тұрғын үй кешені немесе 52 ірі нысан болды. 15 мың отбасы жылдап баспаналарын күткен.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет бұған қаржы бөлді. Сол арқылы 2019 жылы 13 көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға бердік. Бұл – 2500 үлескер. Өткен жылы 20 тұрғын үй тапсырылды. Бұл – 2700 үлескер. Биыл 7 мың үлескерге 57 тұрғын үйді тапсыруды жоспарлап отырмыз. Қалған үйлер жоспарға сәйкес 2022-2023 жылдары тапсырылады. Бұл – өте күрделі жұмыс. Көптеген үйлерде жобалық-сметалық құжаттама немесе қажет құжаттар болған жоқ. Осындай құжаттар ескерген немесе жоғалған. Қаржыландыру көзі болмады. Бірақ біріккен жұмыстың нәтижесінде мемлекет қамқорлығымен бұл проблемалар жүйелі түрде шешіліп жатыр, – деді елорда әкімі.
2010 жылы елордада 74 мың мектеп оқушысы болды. Өткен жылы 193 мың оқушы оқытылды. Биыл олардың саны 200 мыңнан асып кетті. Осыны атап өткен қала басшысы өте өзекті болып отырған орта мектептер құрылысына тоқталды.
– Он жылдан кейін елордада 400 мың бала мектепте оқиды деген болжам бар. 2019 жылдың мамыр айында 5 мың оқушы мектеп бітірді. Ал сол жылы қыркүйек айында 24 мың бала мектепке қабылданды. 2020 жылы мектептерден 6 мыңнан астам түлек түлеп ұшты. Оқу жылы басталғанда, 21 мың бала мектепке келді. Биыл 7 мың оқушы мектеп бітірді. Қыркүйек айында жаңадан 25 мың бала мектеп табалдырығын аттайды деп күтіп отырмыз. Бұл дегеніміз балалардың саны көбейген сайын мұғалімдер мен мектептерге салмақ түседі. Сондықтан орта білім беру орындарын көбірек салуымыз қажет, – деді Алтай Көлгінов.

Білім ошақтары саны артады

Оның айтуынша, 2019 жылы 6 мектептің, 2020 жылы 11 мектептің құрылысы аяқталды. Биыл 40 мың орындық 15 мектеп салынады. Оның барлығы осы жылы тапсырылады. Сол арқылы үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесі шешіліп жатыр. Өткен жылдың қорытындылары бойынша осындай мектептер саны екі есеге азайып, 8 мектептен 4 мектеп қалды. Балалар саны асып кеткен мектептер 24-тен 14-ке қысқарды.
– Бірақ осымен мәселе толығымен шешілмейді. Егер жыл сайын мектептерді салуды арттырмасақ, үш ауысымды мектептер мен орта білім беру орындарының тығыздығы көбейе береді. Мұғалімдер санын көбейту, олардың біліктілігін арттыру, білім беру сапасын көтеру сияқты маңызды жұмыстар да бар. Сондықтан педагогикалық мамандықтарға қосымша гранттар бөлінді, – деді елорда әкімі.
Жол және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту жұмысына тоқталған қала басшысы 2019 жылы 13 көше жөнделгенін атап өтті. Былтыр пандемияға қарамастан «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен 173 көшені жөндеуге мүмкіндік туды. Соның 100 көшесі қаланың 16 тұрғын алабындағы жеке секторда жөнделді.
– Биыл 115-тен астам көшені жөндеуді жоспарлап отырмыз. Соның 40 көшесі тұрғын алаптарда орналасқан. Көлік кептелісін болдырмас үшін көпірлерді салуымыз керек. Қазір №27 жобалық көшеде тиісті жұмыстар аяқталуға жақын. Мұнда Есіл-Нұра арнасы мен Есіл өзені арқылы өтетін, жаңа вокзалға апаратын екі көпір салынды. Бұл көпірлер оң және сол жағалау жүктемесін азайтады. Биыл осы көпірлер құрылысы аяқталады. Осы жылы Есіл өзені арқылы өтетін Тәуелсіздік даңғылы бойындағы көпірді салуды бастаймыз. Оны екі жылда салып бітуді жоспарлап отырмыз. Сол кезде Мәңгілік ел даңғылының жүктемесі азайып, оң мен сол жағалауларда қосымша көпірлер пайда болады, – деді Алтай Көлгінов.
Нөсер сулар кәріздері құрылысына тоқталған қала басшысы Б.Момышұлы даңғылын су басуға қатысты көптеген сындар айтылғанын еске алды. Бұл мәселені шешу үшін тиісті құбырлар диаметрі екі есеге кеңейтілгенін қосымша сорғылар орнатылғанын айтып өтті. Бұған қоса, кәріздік-тазарту құрылғылары кеңейтілген. Өткен жылы осындай 3 құрылғы, биыл 2 құрылғы салынды.
– Осылайша Бауыржан Момышұлы, Тұран, Ұлы дала, Республика даңғылдары, Бараев, Иманов көшелеріндегі проблемалы учаскелердің мәселесін шештік. Осындай учаскелер әлі көп. Бастапқы есеп бойынша олардың саны 130 болды. Жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Сол үшін «Elorda eco sistem» аталатын арнайы компанияны құрдық. Осы кәсіпорын күн сайын кәріз құбырларын тазартумен айналысады. Бұл – өте маңызды жұмыс. Биылдың өзінде құбырлардан 35 мың тоннадай қоқыс алынды, – деді елорда әкімі.
Тұрғын үйлердің салыну қарқынына сәйкес инженерлік инфрақұрылым құрылысы да жүргізілуі керек. Осыны атап өткен қала басшысы алдымен 3-ЖЭО (ТЭЦ) құрылысын аяқтау керектігін айтты.
– 3-ЖЭО он жылдан астам уақыт салынып жатыр. Соңғы бір жарым жылда жобаға түзету енгіздік. Онда қаланы газдандыруды есепке алдық. Жоба сараптамадан өтіп, дайын болды. Президент тапсырмасымен оған Үкімет қаржы бөлді. Қазір тиісті жұмыс жүріп жатыр. Келесі жылыту маусымында 3-ЖЭО-ны іске қосуымыз керек. Сол кезде қалаға қосымша 420 гигокалорий жылу келеді. Газдандыру арқасында локальді газ қазандықтарын салу шешіміне келдік. Биыл осындай екі қазандықты саламыз. Бұлар жылу энергиясы тапшылығы бар аудандар мен жаңа құрылыс аймақтарын қамтиды. Бұл қазандықтар 360 гигокалорий жылуға арналған. Бұған қоса, қосымша қосалқы стансалар салынып жатыр. «Арай» атты қосалқы станса іске қосылуы керек. Тағы осындай нысандарды жобалап жатырмыз, – деді Алтай Көлгінов.
Жазда тұрғындар бақшаны суару кезінде суға сұраныс артып, қысым төмендейтінін атап өткен ол қаланы қосымша ауыз сумен қамту міндеті тұрғанын айтты. Сол үшін сорғы-сүзгі стансасының жобасы әзірленді. «НФС-3» деп аталатын бұл нысанға конкурс жарияланды. Бұл арқылы қалаға қосымша тәулігіне 100 мың текше метр су келеді.

Елбасының тарихи жобасы

– Газдандыру – Елбасымыздың тарихи жобасы. Бұл жоба Президенттің тікелей бақылауында тұр. Сондықтан қазір қарқынды жүруде. Өткен жылы 350 шақырым газ құбырын жүргіздік. «Көктал-1» мен «Көктал-2» кенттерінде жұмыс аяқталды. «Агроқалашық» және басқа шағын аудандарда 43 мың отбасыға газ құбыры тартылды. Биыл 317 шақырым құбырды тартуымыз қажет. Соның 200 шақырымының жұмысы аяқталды. Осы жылы «Агроқалашық», «Промышленный», Оңтүстік-шығыс, «Күйгенжар», «Мичурин», «Интернациональный» тұрғын алаптарында жұмыс аяқталады. Яғни жеке сектордың 143 мың тұрғыны газға қол жеткізеді. Бұған қоса, 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-ның су жылыту қазандықтарын газға көшіруіміз керек. Өткен жылы 4 су жылыту қазандығын газға көшірдік. Өзге 9 қазандық бойынша жұмыс биыл аяқталады. Сонда барлық қазандықтар газға көшіріліп, ауаға таралатын зиянды қалдықтар айтарлықтай азаяды, – деген елорда әкімі газдандырудың тұрғындар мен қала экологиясына пайдасы туралы айтты.
Мемлекет басшысы 2 млрд ағаш отырғызуға тапсырма берді. Осыны атап өткен Алтай Көлгінов елордадағы аталмыш жұмыстан хабар берді. Оның айтуынша, биыл бас қалада 1 миллионнан астам жасыл желек отырғызылады. Соның көбісі жасыл белдеуде жайқалатын болады.
– Осы уақытқа дейін жасыл белдеуде 500 мыңдай ағаш отырғызылды. Жасыл белдеу – қаланың «өкпесі». Оның аумағы 90 мың гектардан асады. Соның 15 мыңы астана аумағында орналасқан. Сол арқылы қаланың экологиясы айтарлықтай жақсарды. Жел мен шаңды дауылдар азайды. Ауа сапасы артты. Тиісті жұмыс жалғасып жатыр. Шаһарда жаңа скверлер мен саябақтар ашылуда. «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында бөртегүл бағы, «Астана Опера» театры аумағында емен бағы ашылды. Әсіресе, жеке секторда, Сарыарқа, Байқоңыр аудандарында демалыс орындары көбеюде. Мәселен, «Көктал» кентінде 15 гектар аумақта жаңа саябақ салынды. Веложолдарды дамытып жатырмыз, – деді Алтай Көлгінов.

Шеткі аймаққа – назар ерекше

Бұрын қылмыс көп болатын шеткі аймақтарға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтқан қала басшысы сол жерлерге спорт алаңдары салынып жатқанын атап өтті. Қалада қоғамдық кеңістіктер жылдан-жылға көбеюде. Мәселен, 2019 жылы 107 аула абаттандырылып, 3 қоғамдық кеңістік, өткен жылы 150 аула мен 60 қоғамдық кеңістік, ал биыл 150 аула мен 40 қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Жаңа жағажай, жаяу жүргіншілер мен веложүргіншілерге қосымша көпірлер салынады.
– Қаланың инвестициялық кеңесінде 2 триллион теңгеден асатын қаржыны құрайтын жобаларды қабылдадық. Мәселен, құрылыс компаниясы «Модекс» зауытын салды. Бұл – үй құрылысы комбинаты. Осы нысан баспана бағасын түсіріп, тұрғын үй құрылысы уақытын айтарлықтай жеделдетеді. Азық-түлік қауіпсіздігі мақсатында қазір нан зауытын, сүт фабрикасын, жылыжай, көтерме-бөлшек сауда орталықтарын салып жатырмыз. Бұл нысандар бағаны ұстап тұруға оң әсерін тигізеді. Инвесткеңесте 36 жеке мектеп құрылысын мақұлдадық. Инвесторлардың мектептер мен денсаулық сақтау нысандарына келіп жатқаны бізді қуантады. Осы уақытқа дейін бір емхананы ашып үлгердік. Алда тағы екі нысан құрылысын бастаймыз. Шағын және орта бизнес бойынша әкімшілік кедергілерді алып тастап жатырмыз. Сол арқылы кәсіпкерлерге Doing Business принципі бойынша қолайлы жағдайларды тудырып отырмыз, – деді Алтай Көлгінов.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында елорда әкімі халықты күнделікті қабылдап жатыр. Тұрғындардың сұранысына сәйкес «Жанұя» отбасылық институтты қолдау орталығы ашылды. Осыны атап өткен Алтай Көлгінов биылғы жарты жыл ішінде осы орталыққа әртүрлі мәселелермен 25 мың азамат келгенін айтты.
– Арнайы ашылған Тұрғын үй орталығына 52 мың адам түрлі мәселемен жүгініп, сұрақтарына жауап алды. Әріптестеріммен бірге жеке қабылдауда 1700-ге жуық азаматты қабылдадық. Оpen-әкімдік жобасы аясында 7 мың азамат қабылдауда болды, – деді Алтай Көлгінов.

Елорда әкімінің баспасөз мәслихаты тура екі сағатқа созылды. Соның барысында журналистер оған LRT құрылысы, ақылы автотұрақтар, қала күніне орай өтетін шаралар, т. б. жалпы алғанда отыздан астам сұрақ қойды. Соның бәріне қала басшысы жауап берді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + seven =