ЕЛОРДА МАҢЫ – ЕН ТОҒАЙ

0 111

Әлемде шұғыл континентті климатты жазық далада кең масштаб­ты орман алқабын құру оқиғасы бұған дейін болған емес. Елбасы бастамасымен елорданың табиғатын жақсарту мақсатында үлкен жоба дүниеге келді. Ол – Астанада санитарлық-қорғау аймағын құру. Климаты қатал өңірге орман жайқалту – зор тәуекелге бел буу болатын. 1997 жылы бастау алған жоба бүгінде үлкен құлшыныспен жүзеге асып жатқанына куә болудамыз…

Теріскейдегі Ресей патшасы I Петр өз заманында «Ресей орман алқабына айналсын!» деген жарлық шығарып, ағаш өніміне аса үлкен мән бергені соншалық, оны заңсыз кескендер­ге, залал келтіргендерге қатаң жаза қолданған екен. Сондай-ақ, қазақ та­рихында да орманға, баққа үлкен мән берген хандар, ақындар аз болмапты. Айталық, Қорқыт атаның батасы: «Қара тауларың құламасын, саялы ағашың сынбасын, қанаттарың қырқылмасын». Қашаған ақынның өсиеті:

Жаның сая табатын,
Орман болған бұл ағаш.
Қорыққанда жалғызға,
Қорған болған бұл ағаш.
Нәсіп болған бұл ағаш,
Бесік болған бұл ағаш…

Президент Н.Назарбаевтың Астана өңірін жасыл желектендіру бастамасы­нан кейін шара аясында түрлі жұмыстар жүргізіле бастағанын білеміз. Мәселен, «2002-2010 жылдарға арналған Астана қаласының жасыл аймағын құрудың салалық бағдарламасы», «2004-2006 жылдарға арналған Қазақстан орман­дары», «Жасыл ел» бағдарламалары қабылданып, барлығы да еліміздің орман алқаптарының көлемін арттыру бағытында жұмыс істеді.

…Есілдің бойын ен тоғай етіп, елорданың айналасын жасыл желекке орау жұмысымен алдымен «Жасыл аймақ» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны айналысты. 1998 жылы іргесін қалаған мекеме жұмысшылары күні кешеге дейін Астана аумағына тиесілі 66151 гектар жердің 55000 гекта­рына тал шыбықтарын қадап үлгерген. Оның 5 мың гектары биыл егілді. Науқанды шарада елордалық тілшілер орманшылардың еңбегіне куә болып, алқап басын аралап қайтты. Арқаның кең төсіне орын тепкен көшеттер көз қуантады, жан жадыратады. Күні ертең әсем Астананың ажарына әр қосамыз дегендей, әрқайсысы бір-бірімен бой таластырып, қаз-қатар тізілген.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Пре­зидент Астана қаласының айналасына жыл сайын 5 мың гектарға орман алқаптары отырғызылатынын, бас шаһардың басқа облыс орталықтары мен Қазақстан қалалары үшін үлгі екенін айтқан еді. Міне, 5 мың гектар биыл да егілді. «16 сәуірде басталған науқан 25 сәуірде аяқталды. Ауа райы биыл жайлылық танытуда. Бұл да орманшылардың еңбегіне зор септігін тигізді. Науқанда 150-ден аса техни­камызбен қатар, 1200-дей жұмысшы іске жұмылды. 13 түрлі талдан 10 мил­лион үш жүз мыңдай көшет қадалды. Көшеттердің барлығы дерлік өзіміздің орман тұқымы бағында өсірілген. Енді күзге дейін қызметкерлеріміз орман қорғау жұмыстарымен айналысатын болады», – дейді кәсіпорынның бас директоры Жұматай Сүйіндіков.

Жас шыбықтарды отырғызу қаланың оңтүстік және оңтүстік-шығыс бағыттарын ала, Қабанбай батыр және Бабатай елдімекені, сондай-ақ, Қоянды ауылы маңында жүргізілген. Көктемгі дала жұмыстарының тез арада аяқталуын мекеме басшылар ең алдымен еңбекті дұрыс ұйымдастыру және ауа райының жайлылығымен бай­ланыстырады. Алқапқа отырғызылған көшеттердің дені жылдам тамыр жай­ып, бой көтеретін, жергілікті климатқа мейлінше, бейімделген жас өскін тұқымдары саналады. Олар негізінен, үйеңкі, қайың, терек және қылқан жапырақты ағаш тұқымдарының түрлерінен құралған.

«Жасыл аймақ» кәсіпорны бас директорының орынбасары Медеу Ражановтың айтуынша, науқан кезінде еңбеккерлер күніне орта есеппен 100 мың данадан астам шыбық қадапты. Ел арасында «Президент орманы» аталып кеткен алқап осылайша жыл санап көгере бермек, көркейе бер­мек. Ал, өз істеріне мығым, мақтаулы қызметкерлер, ұжымдар алдағы уақытта марапатталады деп көзделуде.

«Бір тал кессең, он тал ек» деген де баба аманаты. Ендеше, аманат үдесінен шығып, айналамызды жасыл желекке айналдыра берсек, келешектің де бізге айтар алғысы шексіз болар еді. Бір айта кететін жайт, елорда­ны көркейтуге әрбіріміз борыш­тымыз. Осыны ұғынғанда ғана бас шаһарымызды көкпен көмкеріп, гүлмен дестелей аламыз.

Айтқандай, «жасыл аймақтықтар» алдағы уақытта еңбектерін Елбасының өзі келіп, көреді деп күтуде…

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × three =