ЕЛОРДА МӘДЕНИЕТІНІҢ БІР МӘЙЕГІ – МУЗЕЙЛЕРІ

0 279

Халықаралық «Музейлер қауымдастығы» 1889 жылы маусымның 20-сында жасақталды. Ал, 1918 жылы дүниеге келген Халықаралық Музейлер бюросы «Музеон» журналын шығарды. Оның ізін ала, ЮНЕСКО-ның «Музеум» журналы да жарық көрді. Париждің Луврында 1946 жылы Халықаралық ІСОМ Музейлер Кеңесі (International Council of Museums) құрылып, бұл ұйым ЮНЕСКО-ның құрамына енгізілді. 1977 жылы Халықаралық Музейлер Кеңесінің 11-конференциясында мамыр айының 18-і Халықаралық музей күні болып белгіленді. Содан бері жыл сайын дүние жүзінің 150-ден астам елінде кәсіби мереке ретінде ресми түрде атап өтіледі. Қазіргі таңда музейлер қызметі қоғамдық институт ретінде әлеуметтік қоғамдық-экономикалық жағдайға сай жүргізілуде. Қазақстанда музейлер тарихы 1830 жылдан басталады. 1831 жылы Орынборда Неплюев әскери училищесі жанынан губерниялық музей ашылды. Бұған жергілікті халықтың тарихы мен этнографиясын сипаттайтын мұрағаттар қойылды. Бүгінде бұл жәдігерлер ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің негізгі қоры қатарында. Мамандардың айтуынша, біздің елімізде 1913 жылы үш музей, 1927 жылы алты музей, ал, 1937 жылы 19 музей ашылыпты. Сондай-ақ, 1939 жылы 25 музейіміз болыпты. 1970 жылы 29 музей болса, қазіргі таңда еліміздегі тарихи-өлкелік, этнографиялық, көркемсурет және мемориалды тұрғыдағы жалпы музейлердің саны 160-тан асты. 2002 жылы мамыр айынан бастап «Қазақстан музейлері» журналы шыға бастады. Астанада төрт музей қызмет етеді.

Сәкен Сейфуллин мұражайы XIX ғасырдағы сәулет өнерінің белгісі ретінде сақталып қалған ғимаратта орналасқан. Қолының табы, табанының ізі қалған осы үйде Сәкен 1920 жылдары жұмыс жасаған.

1988 жылғы ақпанның 20-сы күні сол кездегі облыстық Сәкен Сейфул­лин мұражайы Қазақстан Үкіметінің шешімімен дербес музей ретінде есігін ашты. Мұражайдың бас қор сақтаушысы Б.Ақбасованың айтуынша, «Мұражай ашылғанда қор жәдігерлерінің саны 700 дана ғана болатын, негізгі қордың саны 200-ден астам болса, қосымша қоры 500-ге де жетпейтін. Облыстық өлкетану мұражайына 1960-1970 жыл­дары С.Сейфуллиннің жары Гүлбаһрам Батырбекқызы Сейфуллина ақын мұрасының бір бөлгін тапсырып кет­кен. Мұражайдың жалпы жәдігерлер саны – 5333 дана, оның ішінде, негізгі қорда – 2560, ғылыми-қосымша қорда – 2773 дана. Қор саны осын­дай, себебі, қуғын-сүргінге ұшыраған ақын өмірі мен шығармашылық мұрасы сақталмағандықтан бізге саны емес, жәдігерлердің құндылығы, маныздылығы қажет болды».

Мұражайда Сәкеннің кіндік қаны тамған Қарашіліктен бастап, 1938 жылдың 25 ақпанында, ең соңғы ауыр жаза-үкімі орындалар ал­дында түсірілген фотосуреттеріне дейінгі көріністер қамтылған. С.Сейфуллиннің қолжазбалары, қызмет бабындағы қатынас қағаздары біздің мұражайдың аса құнды құжаттары қатарына жатады.

Экспозиция жеті залда орналасқан: «Балалық және жастық шағы», «Мемлекеттік қызметі», «Педагогикалық қызметі», «Әдеби қызметі», «Ел есінде», «С.Сейфуллиннің кабинеті», Сәкен мен от­басына тиесілі заттар бөлмесі мен Мәжіліс залы.

Сондай-ақ, оның өзі ұстап, тұтынған жеке заттары мен мүліктері, киім-кешектері бар. Атап айтқанда, жазу машинкасы, хаттары, көзі тірісінде шыққан кітаптар мен жорналдар, фото­суреттер, алтын сағаты, асатаяғы, шабаданы, костюм-шалбар, тақиясы, бәтеңкесі, мойыншалма, қол шатыры, иіс май құтысы, үй ішінде пайдаланған ыдыс-аяқтары…

Мұражай күрделі жөндеу жұмыстары жасалғаннан кейін осыдан үш жыл бұрын қазанның 15-і күні ақынның 100 жылдығына орай қайта ашылды. Сол күні мұражай қоры 1930 жылы режис­сер Г.Роом түсірген «Түрксіб ашылды» деректі фильмімен толықты.

Астанадағы Қазіргі заманғы өнер мұражайы – бұрынғы облыстық Бей­нелеу өнері музейі. Музей 1980 жылы қазанның 2-сі күні тың және тыңайған жерлерді игерудің 25 жылдық құрметіне ашылды. Мұражайға ең алғашқы коллек­циясы ретінде Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыда өткен «Жер және адамдар» атты Бүкілодақтық көрмесіне қойылған 500 туынды тапсырылды. Бүгінде іріленіп, іргеленген мұражай жинағында Қазақстан, Ресей және ынтымақтастық елдерінің бейнелеу өнері шеберлерінің 4000 мыңға жуық шығармалары бар.

Мұражай қорында Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Грузия, Армения, Латвия, Литва, Эстония, Тәжікстан және басқа ынтымақтас елдері суретшілерінің ерекше құнды шығармалары сақталып келеді. Жыл са-йын мұражай 50-ден астам тұрақты және жылжымалы көрмелер ұйымдастырады.

Мұражайдың қорынан жасақталған көрмелер Мәскеуде, Анкарада, Минскіде, Алматыда, Түркістанда, Қарағандыда, Омбыда, Киевте өткізілді. Бұл мұражайда әр аймақтардан және алыс мем­лекеттерден келген суретшілердің жеке көрмелері өткізіліп тұрады. Мұражайда Франция, АҚШ, Германия, Корея, Венгрия, Куба, Польша, Италия, Ре­сей, Грузия суретшілерінің көрмелері ұйымдастырылды.

Мұражай жанында 3-9 жастағы балаларға арналған «Түрлі-түсті әліппе» мектеп студиясы жұмыс жасайды. Әрбір көрмеге экскурсиялық қызмет көрсетіледі, мұражай қызметкерлері бейнелеу өнерінің негіздері, теория-сы, тарихы, қазіргі суретшілердің шығармашылығы туралы лекциялар даярлайды. Әдеби және музыкалық кеш­тер өткізіледі. Жыл сайын мұражайға 70 000-нан астам адам келеді, 1000-ға жуық іс-шаралар, кеңестер өткізіледі.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайы Астана қаласы Есілдің оң жағалауындағы ескі әкімшілік орталығының Қазақстан Республикасының Президенті Сарайының құрылысы 1997 жылы басталып, 1998 жылы аяқталды. Ғимараттың жалпы көлемі 13 000 шаршы метр.

Ғимараттың ұзындығы Шатырсүмбіні қоса есептегенде 47,5 м. құрайды. Бірінші қабатында орталық салтанат­ты холл орналасқан. Сонымен қатар, бірінші қабатта Қазақстан Республи­касы Президентінің БАҚ өкілдерімен кездесуіне арналған баспасөз залы орналасқан.

Бірінші және екінші қабаттарда қызметтік орынжайлар орналасқан.

Үшінші қабатта Мемлекет басшысының жұмыс бөлмелері, Қазақстан Республикасы Президентінің шет мемлекеттердің немесе үкіметтердің басшыларымен жеке кездесулеріне арналған «Камин» залы, сондай-ақ, ресми сапарлар кезіндегі құжаттарға қол қою рәсімдеріне, сондай-ақ, наградалар мен сенім грамоталарын тапсыруға арналған «Күміс» залын тамашалауға болады.

– Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесуіне арналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен шетел делегацияларының кеңейтілген құрамымен жоғары деңгейдегі кездесулеріне арналған «Алтын» залы мен Банкет залы және Мәжіліс залдары орналасқан.

Төртінші қабатта Күмбезді зал орналасқан. Күмбезді зал барлық Қазақстан халықтарының бейбітшілігі мен бірлігінің нышаны – шаңырақ түрінде жасалған. Тура осында 1997 жылдың 10 желтоқсаны Үкімет пен Парламенттің біріккен отырысында Мемлекет Басшысы Ақмола (қазіргі – Астана) қаласын Қазақстанның жаңа астанасы деп жариялады. Күмбезді зал саммит­тер, шетел инвесторлары Кеңесінің отырыстарын өткізуге, Мемлекет Басшысының Қазақстанда тіркелген дипломаттармен кездесуіне арналған. Күмбезді залдың фойесінде Пре­зидентке шетел мемлекеттерінің және үкіметтерінің, халықаралық ұйымдар мен қорлардың, озық әлемдік компаниялардың, өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары және республика азаматтары сыйға тартқан сыйлықтар мұражайы орналасқан.

Ақмола облысының Целиноград ауданы Ақмол ауылында Сталиндік репрессия құрбандарына арналған АЛЖИР мұражайы бар.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың бастама­сымен ашылған Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің жұмысы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне 10 жыл және жаппай саяси қуғын-сүргіндердің басталғанына 70 жыл толған, 2007 жылғы мамырдың 31-нен бастап жұмыс істеп келеді.

Ресми деректер бойынша Қазақстанда 1921-54 жылдар аралығында 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңы атылған. Ақмола облысы Ақмол ауылында 1937 жылы 26-шы нүкте деп аталған АЛЖИР түрмесі болды. Онда 8 мыңнан астам зиялының әйелдері отырған. Ішкі істер халық комиссариатының №00486 бұйрығы бойынша тұтқындалған «отанын сатқандардың» 20 мың әйелі Қарағанды еңбекпен түзету лагерінің Ақмола арнайы бөлімшесінен де өткен. Мұнда тұрақты қамауда 8 мың әйел болды. Олар 62 ұлттың өкілдері болатын. Тұтқындардың ішінде Одаққа танымал әнші Лидия Русланова, актри­салар Татьяна Окуневская, Наталья Сац, белгілі жазушы Галина Серебря­кова, ақындар мен жазушылардың жұбайлары, оның ішінде Гүлжамал Майлина, мемлекеттік қайраткерлердің жұбайлары Әзиза Рысқұлова, Дәмеш Жүргенева, Гүләндам Қожанова, Зұфнұн Нұрмақова, Әйіш Құлымбетова, Фатима Дивеева, Елизавета Сәдуақасова және т.б. болды. 2009 жылы Атбасардан реп-рессия жылдары халық жауы әйелдерін түрмеге жеткізген вагон әкелінді.

Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − four =