Елорда көз алдымда көркейді

0 116

Николай ТИХОНЮК:

Николай Тихонюк – кезінде Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары және Сарыарқа ауданы әкімі болып, жауапты қызметтерін атқарып, елорданы Алатау баурайынан Арқа төсіне көшіру жұмыстарының бел ортасында жүрген азамат.

Бүгінде ҚР Өңірлік даму министрі орын­ба­сарының кеңесшісі қызметін атқаратын Николай Петрович – Астананың тумасы. 1949 жылы дүниеге келген азаматтың тағдыры тек елордамен бай­ланысты. Осында Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітірді. Оның құрылыс мамандығын таңдауы де кездейсоқтық емес.
– Менің балалық шағым тың игеру жылдармен тұспа-тұс келді. Күллі КСРО қаланы бес облыстың басын біріктірген тың өлкесінің орталығы етуге барын салып жатқан кез еді. Бұрынғы облыс орталығында қызу құрылыс жұмыстары жүргізілді. Оған дейін үш қабаттан биік ғимарат көрмеген басымыз салынып жатқан зәулім нысандарға қызыға қарайтын едік. Алғаш бой көтерген Тың игерушілер сарайы – қазіргі Конгресс-холл көзімізге хан ордасындай көрінді. Құрылысшы мамандығын таңдауыма да осы әсер етті, – дейді кейіпкеріміз.

Николай Петровичтің алғашқы еңбек жолы Целиноград ауыл шаруашылығы институтында басталған. Кейін елорданың құрылысын салуға бет бұрған ол әуелі «Қазақсельмаш» зауытында жұмыс істейді. Осыдан соң, шойын қорыту зауытына ауысып, осында цех бастығы, бас энергетиктің орынбасары, зауыттың партком хатшысы болды. 1982 жылдан бастап қалалық партия комитетінің құрылыс және қала шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, 1986 жылы Целиноград қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1992-1999 жылдары аралығында бұрынғы Ақмола, қазіргі Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

Астананың кірпіші алғаш қаланған кездегі естеліктерімен бөліскен ол бұрынғы облыс орта­лығының аз уақыт ішінде құлпырып, адам танымастай өзгеретінін әсте ойламағанын айтады.

– Мен саман үйде туып-өстім. Қысы қатты Арқаның ауа райында осы материалдан артығы жоқ-тын. Бұрын шаһар шағын болды. Тұрғындар саны аз болғаннан кейін бір-бірімізге жүзтаныс едік. Көшелеріміз бен жолдарымыз тар, ойдым-ойдым болатын. Сонда да маған туған қалам тым ыстық еді, – дейді ол.

Ел астанасының Ақмолаға көшіп келген кезі Николай Петровичтің Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқаруымен тұспа-тұс келді. Осындай шешуші сәтте қала әкімдігіне сын уақыты туды. Елордаға алғашқы лекпен көшіп, келіп жатқан орталық басқару мекемелерінің қызметкерлерін жайғастыру, тұрғындардың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ететін жарық, су, жылудың үзілмеуін қадағалау, сол кезде сынға көп ілігіп кеткен көше, жолдарды жөнге келтіру сынды ауқымды шаруалар күтіп тұр еді.

– Алайда, әп-сәтте көркейіп келе жатқан ша­һарды көргенде, бар қиындықты ұмытып кете­тінбіз. Жалпы, елорда – бағы оңынан туған қала.

Көз алдымда көркейген елорда – кешегі менің бала кезімдегі шағын шаһар емес. Жастық шақтай жайқалған әсем Астана. Кезіндегі 300 мың тұр­ғыны бар елорданың бүгінде керегесі кеңіп, хал­қының саны 800 мыңға жуықтады, – дейді Николай Тихонюк.

Бұрынғы Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары кезінде «Астана – жаңа қала» арнайы эко­номикалық аймағын да басқарған. Бұл жауапты қызметті де ол үлкен құлшыныспен атқарып, іскерлігімен көзге түседі.

Президенттің бастамасымен құрылып, құрылыс мақсатындағы әлем бойынша жалғыз аймақ болған «Астана – жаңа қалада» Николай Тихонюктің ке­зінде көптеген инвестициялар тартылып, көздің жауын алатын көркем ғимараттар бой көтерді.

– Біз әр құрылысқа нысанына заманауи сапалы материалдар пайдаланылуына және оның уақытылы салынуына басты мән бердік. Бұл жобаны көруге ықылас білдірген шетелдіктердің қатары өте көп болды. Өзіміз де елордаға инвестиция тарту мақсатымен көптеген елдерге барып, арнайы аймақты, ондағы жобаларға жасалатын жеңілдіктер жөнінде кеңінен айтып жүрдік, – дейді ол.

Туғалы бері, тек елордамен бірге біте қайнасып келе жатқан атпал азамат бақытын да Астанадан тапты. Жан жары екеуі осында елордада шаңырақ көтеріп, бала сүйіп, немере көріп отыр.

Қымбат Тоқтамұрат

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × one =