Елорда көркі — Есілде

0 176

Бұрнағы күні Есіл ауданының әкімі Сәбила Мұстафинаның тұрғын­дар алдындағы есеп беру кездесуі Ана мен бала ұлттық ғы­лыми орталығында жалғасты. Басқосуға аудандағы медицина ме­кемелерінің ұжымы қатысып, денсаулық сақтау саласындағы түйт­кілді мәселелер төңірегіндегі сауалдарына жан-жақты жауап алды. 

Сәбила Сапарқызының жылдық қоры­тын­ды есебі кеше аудандық әкімдіктің ғимаратында өтті. Былтыр қолға алынған шаруалар легі биыл да жалғасын табатынын тағы да ресми тілде әңгімелеген әкім ауданның арқалар жүгі жауапты екенін еске салды. «Есіл – жаңа Астананың нақ орталығы, келбеті, көркі. Бас шаһардың сұлулығын біздің ауданға қарап таниды өзгелер. Сондықтан, әр есілдік өз көшесінің, өз аумағының, өз үйінің тазалығына әркез назар салуы қажет» деді С.Мұстафина.

Жарыссөзге шыққан Болатбек Жолдасбай есімді азамат аудан әкімдігі ғимаратының маңдайшасындағы қазақша атауының жазылуын, кеткен қателіктерді сынға алды. Мұнымен келісетінін жеткізген аудан басшысы алдағы уақытта Қабанбай батыр көшесіндегі бес қабатты жаңа ғима­рат­қа көшетіндерін, бұл қателіктер қайта­лан­бай­ты­нын айтып, уәде берді.

«Алаша» мейрамханасының маңында қар толық тазаланбайды» деп шағымданды сол маңның тұрғыны. Есілдіктердің атынан сөз алған азамат «Хан шатыр» сауда және ойын-сауық орталығына шет елдерден туристер көптеп келетінін әңгімелеп, орталықтың жанындағы аялдаманың тарлығын тілге тиек етті. «Аялдамаға үш-төрт адамнан артық сыймайды. Астананың қарлы, боранды, жаңбырлы күндерінде жолаушыларға қиын соғады. Мұнда автобустардың келуі де сирек» деді ол.
Жарыссөзге шыққандардың сауалын, шағымын жіті тыңдаған Сәбила Мұстафина оларға кеңінен жауап беріп, мәселелердің тез арада шешілуін тиісті басқарма, бөлім өкілдеріне тапсырды.

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 1 =