Елорда ескерткіштері

0 37

Екінші дүниежүзілік соғыста шығыстың қос шынарының бірі атанған атақты мерген Әлия Молдағұлова он жеті жасында майданға алынып, 54-арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болып, көптеген жау әскерінің көзін жойды. Алайда қазақтың қайсар қызы 1944 жылы 14 қаңтарда Ресейдегі Псков облысы Новосокольники ауданында болған қиян-кескі ұрыста он тоғыз жасында ерлікпен қаза тапты. Сол жылдың 4 маусымында ерен ерлігі бағаланып, Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Есімі жұрт жадында мәңгі қашалып қалған қаһарманның құрметіне елімізде ғана емес, Ресейде де ескерткіш қойылған. Соның бірі ретінде елордадағы Жеңіс даңғылы мен батырдың есімі берілген көшенің қиылысында орналасқан Әлия Молдағұлова мемориалдық кешенін бөле-жара айтуға болады. Мұны 2008 жылы астананың он жылдығына орай ардақты жанның жерлестері – ақтөбеліктер тарту еткен. Аталған кешен жартылай шеңбер пішінді барельефтерден тұрады. Барельефтерде халқымыздың талай ғасырлар бойы азаттық үшін күресі мен тәуелсіз еліміздің жетістіктері тарихи оқиға тізбегінде хронология­лық тәртіппен берілген. Орта тұста тал бойына әскери формасы жарасқан Әлияның көкжиекке ұмсынған нәзік те қайсар бейнесі сомдалған. Қоладан құйылған мүсіннің биіктігі – 3,8 м. Мемориалдың авторлары: мүсіншілер Б.Әбішев, Е.Сергебаев, архитекторлар В.Кацев, Ж.Айнабеков.
Жақында Үкімет басшысының қаулысымен «Ақтөбе» халықаралық әуежайына Әлия Молдағұлова есімі берілді. Жалпы, ержүрек тұлға туралы жазылған көркем-әдеби шығармалар, музыкалық туындылар жетерлік. Ол жайында көркем фильм де түсірілді. Халқымыздың даңқты перзентінің есімін иеленген елімізде бірнеше орта мектеп пен көше де бар. Әсіресе батырды, оның ерлігін жалпақ жұртқа танытқан – «Әлия» деген ән. Бұл туындының сөзін Бәкір Тәжібаев, музыкасын Сейдолла Бәйтереков жазған. Ал оны әйгілі әнші Роза Рымбаева орындап, 1976 жылы «Золотой Орфей» байқауында 1-орын алып, мәскеуліктер оны «Ең үздік жыл әні» деп бағалады. Осы әннің сөзінде ақын Бәкір ағамыз батыр бейнесін:
– Шолпан жұлдыз – өзіңсің шоқтай жарық,
Көз алмаймыз көркіңнен тоқтай қалып.
Туған жердің төсінде мәңгілікке,
Тұр ғой сенің жүрегің оттай жанып, – деп көркем өрнектеген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × one =