Қасым-Жомарт Тоқаев: Елорда – еліміздің айнасы

0 32

 Кеше Үкімет үйінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Басқосуда еліміздің 2019 жылғы әлеу­меттік-экономикалық даму қорытындылары туралы Үкіметтің, әкімдердің есебі, сондай-ақ Президент тапсырмаларының орындалу барысы тыңдалды. Алқалы жиында Премьер-министр Асқар ­Мамин, Ұлттық банк төрағасы Ерболат ­Досаев, Премьер-министрдің орынбасары ­Бердібек Сапарбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және өзге де өңір әкімдері Президентке атқарылған жұмыс­тар жөнінде баяндады. 

Үкімет басшысы А.Мамин өткен жылдың қорытындысы бойынша халықтың нақты табысы 5,5 пайызға ұлғайып, ЖІӨ-нің өсімі 4,5 пайызға өскенін хабарлады. Есептен мәлім болғанындай, 2019 жылы 2,7 млн азаматтың жалақысы көбейіп, еңбек нарығында тұрақтылық сақталған. Жұмыссыздық деңгейі 4,8% құраса, 423 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған, соның ішінде 279 мыңы – тұрақты.
«Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру 13 млн-нан астам шаршы метр тұрғын үй салуға, 4,4 мың шақырымнан астам республикалық жолды салуға және реконструкциялауға, 640 шақырымнан астам жолды пайдалануға беруге мүмкіндік берді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 53 ауылда 452 жоба іске асырылды. 2020 жылы 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. 150 мыңнан астам отбасы баспаналы болады» деді Асқар Ұзақбайұлы.
Бағалар тұрақтылығын қамтамасыз ету, қаржы жүйесін дамыту жөнінде баяндаған Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаевтың айтуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 5,4 пайызды құрады, бұл 4-6 пайыз нысаналы дәлізіне сәйкес келеді. Көбінесе нан-тоқаш өнімдері мен жарма бағасының 16,1 пайызға, сондай-ақ ет және ет өнімдерінің 13,2 пайызға өсуі есебінен 9,6 пайызға қымбаттаған азық-түлік тауарлары инфляцияға ең көп үлес қосыпты. Сондай-ақ Ұлттық банк 2020 жылға қарай инфляцияны 4-6 пайыз деңгейіне дейін төмендету міндетін алға қойғаны мәлім болды.
Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының әлеуметтік саладағы тапсырмаларын іске асыру барысы және 2020 жылға арналған басымдықты міндеттер туралы баяндады. «Жаңа жылдан бастап 770 мың мұғалім, дәрігер, әлеуметтік сала, мәдениет, өнер, спорт және мұрағат қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға өседі.

Зейнетақы және жәрдемақы көлемі орта есеппен 7-20% көтерілді. Осы мақсатта бөлінген қаражат өткен жылмен салыстырғанда 300 млрд теңгеге арттырылып, 3,3 трлн теңгені құрады. 555 мың адамның борыш жүктемесі азайтылды, 1,2 млн адамның айыппұлы мен өсімпұлы кешірілді. Бұл мақсатқа бюджеттен 149 млрд теңге бөлінді» деді ол.

 

 «Бізге жаңа экономикалық бағыт керек!»

«Бізге негізгі проблемаларды нақты пайымдайтын және оның шешу жолдарын қарастыратын жаңа экономикалық бағыт қажет. Реформа жасау үшін ерік пен жігер керек екені белгілі. Мен Үкіметті осыған шақырамын. Әзірге мемлекеттік аппарат көптеген нормативтік актілерге алаңдап, ведомствоаралық келісім керек деген сылтаумен маңызды шешімдерді жай қабылдап жатыр. Халықаралық бәсекелестік артып, халық әділетті талап қойып отырған қазіргідей кезеңде бұлай жұмыс істеуге болмайды. Реформаларды тізеге басып отырып жасау керек» деп мәлімдеді баяндамаларды тыңдаған Президент.
Атап айтарлығы, Қасым-Жомарт Кемелұлы жиында еліміздегі әлеуметтік, экономикалық мәселелерге қатысты өзінің нақты ұстанымын айтып, халықты толғандырған түйткілді мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Президенттің тапсырмасы бойынша имидждік шараларға бөлінетін қаржы қысқартылды. Осының арқасында 30 миллиард теңге оңтайландырылды. Дәл осындай тиімсіз шығындарды анықтау шаралары квазимемлекеттік секторында да жүргізіледі.
«Үкіметке осы жылдың 1 мамырына дейін жұмыс нәтижелерін баяндауды тапсырамын. Маңыздылығына сәйкес кейінге қалдыруға болатын шығындарды анықтауы қажет. Соның бастамасы ретінде қымбат көліктер мен жиһаздарды сатып алуға, түрлі форумдар, семинарлар мен конференциялар өткізуге ұзақ мерзімді мораторий жариялауды ұсынамын. Елімізде өтетін шаралар практикалық және идеологиялық тұрғыдан нақты пайдалы болуы керек» деді Мемлекет басшысы.Шетелдік көліктерді әкелуге шектеу қойылады

Президент мемлекеттік органдардың шешімдері азаматтар тарапынан жиі сыналатыны, кей жағдайларда, тіпті, халықтың ашу-ызасын тудыратынын айтты. Мәселен, Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелінген автомобильдерге қатысты мәселені алайық.
«Елімізге әкелінген мұндай автомобильдердің көпшілігі тіркеуге қойылмайды. Ондай көліктер саны – ондаған мың. Бас прокуратурағақалыптасқан жағдайға байланысты құқықтық баға беруді тапсырамын. Аталған мәселені шешу үшін Үкімет Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген автомобильдерді бір айдың ішінде бір реттік тәртіппен уақытша тіркеуді қамтамасыз етуі қажет. Бұл автокөліктерді тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін жалғасады. Бұл ретте азаматтар тіркеу алымдары мен мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс. Уақытша тіркеу автомобильдердің меншік құқығынан шығарылмай, басқа тұлғаның пайдалануына немесе басқаруына берілмей жүзеге асырылуы тиіс. Автокөлік иелері 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығын және автомобильді тұрақты тіркеуге қою немесе елімізден шығару, сондай-ақ, заңнама жүзінде тыйым салынбаған басқа да іс-қимылдарды жүзеге асыру кезінде салынатын утилизация алымын төлеуі тиіс» деді Қ.Тоқаев. Үкіметке бұдан былай ел заңнамасын бұза отырып шетелден автокөліктердің әкелінуіне, пайдаланылуына шектеу қоюды тапсырды.

 Қартайған адамдар зейнетақысыз қалмауы тиіс

Президент зейнетақы салымдарының бір бөлігін баспана алуға пайдалануға қатысты өз ойын білдірді. Бұл мәселені шешуде алғашқы қадам жасалғанмен, ойланатын нәрсе бар. Мемлекет басшысы жұрттың зейнетақыға жинаған бар қаражатын қазір бөліп, адамдарды қартайғанда лайықты зейнетақысыз қалдырмауды қаперге алды. Бұл жерде Президенттің ұстанымы мынадай: еңбеккерлердің жұмыс берушілерден зейнетақы жарналарын төлеуін талап етуі үшін ынталандыру тетіктерін ойластырып, еңбекақы төлеуде ашықтық қалыптастыру қажет.

МӘМС: жұртқа түсіндіру мен енгізу сапасыз болды

Президент жиында Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтан МӘМС-ті енгізуде неліктен олқылықтарға жол берілгенін сұрады. «Біз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 1 сәуірге дейін барлық азаматтарға жаңа медициналық қызмет түрлерін ұсынамыз. Жалпы, қаржыландыру 50 пайызға өсті, медициналық қызметті жеткізушілер өте сенімді. Бұл жүйенің тиімділігін халық толық сезінеді» деген министрдің жауабына Президент: «Бұл жүйені енгізуде сендердің кемшіліктеріңнен бірде-бір адам медкөмекті алу мүмкіндігінен айрылмау керек» деп қадап тапсырды. Президент барлық дау-дамай науқастардың мүддесіне сәйкес шешілуі керектігін жеткізді.

Бағаны ұстап тұра алмады

Жиында Президент 2019 жылы әлеуметтік қолдау шараларына 3,5 трлн. теңге бөлінгенін, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы өскенін тілге тиек етті. Алайда инфляция деңгейінің күрт өскенін, соған сәйкес бағалардың бағасын тұрақты ұстай алмаған жауапты министрлер мен әкімдерді сынға алды. «Экономикаға қатысты объективті қиындықтар болғанын түсінемін. Бірақ, менің тапсырмам орындалмады. Қарапайым азаматтар күнделікті тұтынатын азық-түліктер бағасы 10 пайызға өсті. Меніңше, пайдасы аз тұрақтандыру қорларынан баламалы құралдарға көшуді ойлауымыз керек. Азаматтардың табысын өсіретін нақты іс-шараларды қолға алған жөн» деді ол.

Несиені қайтара алатындарға ғана берейік

Мемлекет басшысы қаржы саласының науқасқа шалдыққанын мәлімдеді. «Банктердің экономиканы несиелеуде рөлі төмендеуде. Бұл жағдай халықтың тұтыну сұранысы артқан кезде байқалып отыр. Несиелердің үштен екісі кепілдіксіз берілуде. Қаржы саласы науқасқа шалдыққанын осыдан көреміз» деді Қ.Тоқаев. Президент несиені тек қайтара алатын адамдарға ғана беру қажеттігін қадап айтты. Өйткені азаматтық тұлғаларға берілген несие көлемі 1,4 млрд теңгеге ұлғайған. Олардың қайтарылатыны күмәнді.

Жобалар еселеп қымбаттауда

Президент ішкі нарықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Үкіметке 2025 жылға дейінгі
Сауда саясатының бағдарламасын әзірлеу­ді, Сертификаттаудыңұлттық жүйесін дамытуды, Ұлттық стандарттарға сенімді арттыруды, сондай-ақ «Техникалық реттеу туралы» Заң қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысының пікірінше, жобаларды еселеп қымбаттату үрдісі жалғасуда, құрылыс құнының сметасын жасауда проблема бар.
«Мемлекеттік органдардағы сатып алулардың 49 пайызына дейін және квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың 70-тен 90 пайызына дейін бір көзден жүзеге асырылады. Сатып алу барысында ерекше жағдай деп белгілеп, оны ең төменгі шекке дейін жеткізіп, бәсекенің болмауына негізделген тәсілдерді қысқарту керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Реформаларды талдау орталығы құрылады

Президент әкімшілігінің базасында еліміздегі реформаларды талдайтын және мониторингі жүргізетін орталық құрылады. Президент реформаларға жасалатын бақылауды осылай күшейтпек. Кейінірек бұл орталық Президент жанындағы реформалар жөніндегі агенттік болып өзгеруі мүмкін.

Үкімет мүшелеріне мүмкіндік берілді

«Бүгін, өздеріңіз көріп отырсыздар, мен берілген тапсырмалардың тиісті деңгейде орындалмағаны үшін сөгіс жариялаған жоқпын. Бірақ, кемшіліктер жеткілікті. Жалпы алғанда, сөгіс беру жақсы нәтижеге жетудің аса тиімді жолы емес. Бұл – менің нақты ұстанымым. Сондықтан, Үкімет мүшелеріне және әкімдерге кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік беріп отырмын. Бүгінгі жиын барысында берілген тапсырмаларды зор жауапкершілікпен орындау қажет. Көктемде бұл мәселеге қайта ораламыз. Сол кезде түрлі себептерге байланысты өздеріне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмағандарды қызметінен босату жөнінде нақты шешім қабылдаймыз» деп сөзін түйіндеді.Үлескерлер үміті ақталған жыл

Елорда әкімі Алтай Көлгінов Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен Қазақстан халқына арнаған жолдауында қойылған, Нұр-Сұлтан қаласын одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте берген Президенттің тапсырмаларының әрқайсының қалай орындалғанын баяндап берді. Өткен жылда өңірлік ішкі жалпы өнім 7,2 пайызға, өнеркәсіп өнімдерін өндіру – 12 пайызға өскен. 2019 жылдың 9 айындағы халықтың нақты кірісі 9,3 пайызға (169 000 теңгеге) артқан. Президент елорданы дамыту жөніндегі кеңесте даму қарқыны баяулаған екі саладағы көрсеткішті жақсартуды тапсырған еді. Елорда әкімі тұрғын үй салу бойынша физикалық көлем индексі 67,2-ден 75,4 пайызға дейін өскенін мәлім етті. Тартылған инвестиция көлемі 81-ден 85 пайызға ұлғайған. Құрылыс жұмыстарындағы индекс 22,1 пайызға (80,7-ден 102,8 пайызға) артқан.
Өткен жылы үлескерлердің үміті ақталды. Жыл басында «сақалды» құрылыстардың саны 76 (14 509 үлескер) болатын. Үлестік құрылыстағы ұзаққа созылған сот отырыстары, жобалық-сметалық құжаттардың болмауы, қаржы мен инвестордың жоқтығы істі оңға бастырмады. Алайда, Президенттің тапсырмасымен «Нұрлы жер» бағдарламасына түзету енгізіліп, мемлекет қаражатын пайдалану мүмкіндігі кеңейтілді. Соның арқасында 76 үйдің 10-ы пайдалануға беріліп, үлескерлер саны 2,5 мың адамға азайды. Әкімдік биыл тағы 20-дан үйдің (7 581 үлескер) құрылысын аяқтауды жоспарлауда. Қалған үйлер алдағы 3 жылда (2021жылы – 18 үй, 2022 жылы – 20 үй ) толық салынып бітеді.
Нұр-Сұлтан халықты баспанамен қамтуда да өңірлер арасында көш бастап келеді. Бүгінгі таңда баспана кезегінде 48 мың адам бар. Өткен жылы 1 млн 800 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. «2019 жылы коммуналдық тұрғын үй кешені қорынан 2 900-ге жуық пәтер берілді. Оның 784-ін – әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар, 1050-ін – жұмыс істейтін жастар алды. Салынған тұрғын үйлер көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге артық» деді Алтай Көлгінов. Әкімнің айтуынша, елордада Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 214 мыңнан аса салымшысы бар. 2019 жылдың соңында осы банк арқылы 10 500 нұр-сұлтандықтар баспанаға ие болған.

Әлеуметтік нысандар саны артады

Қала басшысы білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы өзекті мәселелер де рет-ретімен шешіліп жатқанын хабарлады. Ресми дерек бойынша, бас қалада қазір 185 мың оқушы бар. Көктемде егер 9 мың бала мектеп бітірсе, 1 қыркүйекте 22 мың бала 1-ші сыныпқа келген. Соның нәтижесінде қаладағы 115 мектептің 8-і (№13,14,27,31,40,53,59,85) қазір үш ауысыммен жұмыс істейді. Ал 14 мектептегі оқушылар саны шамадан тыс.
«Бұл мәселені шешу мақсатында 2019 жылы 5 мың орындық жаңа 6 мектеп салынды. Осылайша, үш ауысыммен оқытатын 3 мектептің мәселесі шешілді. Биыл 10 мың орындық 12 мектептің құрылысын аяқтауды және 12 мың орындық 8 нысанның құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл нысандар салынса, 8 үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесі толық шешіледі» деп түсіндірді Алтай ­Сейдірұлы. Сондай-ақ жеке инвесторлардың қаражатына салынатын 24 мектептің құрылысы жөніндегі инвестжобалар мақұлданған. Президент Қ. Тоқаев қаланың шетіндегі №23 мектепте болғанында жаңа мектеп салуды тапсырған еді. Міне, көп ұзамай қала билігі мектеп құрылысына дайындық жұмыстарын бастап кетіпті. Жаңа нысан бір жыл ішінде тапсырылмақ.
Денсаулық саласында да көңіл көншітерлік жаңалық көп. Өткен жылы Нұр-Сұлтанда бала өлімі – 22 пайызға, ана өлімі – 88 пайызға, құрт ауруынан қайтыс болу көрсеткіші – 53,6 пайызға қысқарған. «Үйдің жанындағы дәрігер» жобасы бойынша 12 нысан ашылған, биыл тағы 10 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Елорданы дамыту жөніндегі кеңесте Президент әкімге апатты жағдайдағы теміржол ауруханасының мәселесін тездетіп шешуді тапсырғаны мәлім. Алтай Сейдірұлы қазір апатты ғимаратта ешкімнің қалмағанын айтты. «Біз көршілес тұрған ғимаратты жөндеп, емхананы көшірдік. Стационардың клиникалық бөлімшесі басқа екі корпусқа ауыстырылды. Ол жерде де күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Мәселені түпкілікті шешу үшін, түрік инвесторымен бірлесіп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 800 орындық көпбейіндік аурухананың құрылысы бастадық. Бұл мақсатқа жалпы ауданы 20 гектар жер учаскесі бөлінді. Денсаулық сақтау министрлігімен бірге бұл мәселені шешеміз, Үкімет қолдады» деді А. Көлгінов.
Өткен жылы елордада 27 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілсе, соның ішінде 23 мыңы тұрақты жұмыс орындарын тапқан.

Газ тарту, нөсер суы, жол салу

Елордаға газ тарту бойынша жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Қала басшылығы 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-ын газға ауыстыруға байқау жариялаған. 2021 жылдың соңына дейін (1 кезектің 3-9 газ жіберу кешендері бойынша) Көктал-1, Көктал-2, Оңтүстік-Шығыс және Теміржолшылар тұрғын үй алаптарына көгілдір отын беріледі.
Президент берген тапсырмалардың бірі – нөсер суы канализациясын салу. Бүгінге дейін әкімдік 50-ден аса су басатын жерлерді анықтады. Соның ішінде екеуінің (Уәлиханов, Бараев көшелерінің ауданы: Б. Момышұлы даңғ. Оқушылар сарайы ауданы) құрылысы басталған. Тұран және Ұлы Дала даңғылдарында коллекторларды жаңалау және тазалау нысандарын жетілдіру жұмыстары жүргізіледі. Үш учаске бойынша жобалар 2021 жылы аяқталады. Өткен жылы Логистикалық орталық және Мыңжылдық аллеясында екі тазалау нысаны салынды. Биыл 6 нысанда құрылыс жалғасады, соның үшеуінде (Тельман, Үшқоңыр, Ш. Құдайбердіұлы к-сі) аяқтау жоспарланған.
Алтай Көлгінов екі жобаны – Қабанбай батыр даңғылына 8 жолақты жол салу, Қорғалжын тас жолы мен Қабанбай батыр мен Тұран даңғылдарының қиылысынан көлік айрығын салуды Үкімет қолдағанын мәлімдеді. Биыл елордада барлығы 100 шақырым жолдар салынып, жөнделеді. Сондай-ақ екі көпірдің (Ұлы Дала д-нан Есіл өзеніне дейінгі және Нұра-Есіл каналы арқылы) құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек, Есіл өзеніне Тәуелсіздік даңғылы арқылы салынатын үшінші көпірдің құрылысы басталады. Қала басшысы бірыңғай дизайн-код жасау, қала кеңістігін абаттандыру, иесіз қалған нысандар мен желілерді коммуналдық меншікке өткізу сияқты Президенттің тапсырмалары толық орындалғанын жеткізді.

Абаттандыру – ұдайы назарда

Мемлекет басшысы елорда әкімінің жұмысына оң баға берді. «Жалпы алғанда, елорданы дамыту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Сіздің мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүргізуде қолыңыз­дан іс келетін әкім екеніңізді атап айтқым келеді. Тұрғындармен, әсіресе проблемалық санаттағы адамдармен кездесіп, мәселені шешудегі ұстанымыңызды оң бағалаймын. Бұл жұмысты одан әрі жалғастыра беріңіз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент сондай-ақ қаланың шеткері аймақтарын әлеуметтік, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету мәселесінің «күйіп» тұрғанын айтты. «Қаланы абаттандыру мәселесін үнемі назарда ұстаңыз! Бұл іске аудан әкімдерін, жауапты бір орынбасарыңызды белсендірек тартыңыз. Егер қолайлы маман табылмаса, Үкімет басшысымен кеңесіңіз. Өйткені, сырттан келетін жандардың бәрі қаланың жайсыздығын көрмеуі тиіс. Бұл жерде климаттық жағдайлардың ерекшелігі барын түсінемін. Алайда, елорда – еліміздің айнасы екенін ұмытпайық» деп сөзін түйіндеді Президент.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды