Елорда барлық өңірге үлгі болуы тиіс

0 7

Биыл елордада газ тартудың бірінші кезеңін іске асыру жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ 12 жаңа мектептің құрылысы аяқталады. Бұл жаңалық Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалы­ғымен өткен Нұр-Сұлтан қаласының жаңа орталығын салу барысын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында айтылды.Отырыста Нұр-Сұлтан қаласының 2019-2023 жылдарға арналған ықшам құрылысы жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру туралы қала әкімі Алтай Көлгінов, тұрғын үй құрылысы, инженерлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, елордаға газ тарту туралы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, мектептер құрылысы туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, халықты сумен қамтамасыз ету жағдайы туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, сондай-ақ жұмыстың бейінді бағыттары бойынша орталық мемлекеттік органдардың басшылары баяндама жасады.
Нұр-Сұлтан қаласында ықшам құрылыс салу жөніндегі 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарға 543 жоба, 23 іс-шаралар енгізілген. Биыл қалаға газ тартудың І кезегін іске асыру жұмыстары жалғасады. Атап айтқанда, «Көктал», «Железнодорожный», «Промышленный» және «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын үй алаптарына газ тартылып, №1, 2 жылу-электр орталықтарын жөндеу және №3 жылу-электр орталығын салу жұмыстары жүргізіледі.
Бұған қоса, ұзындығы 15,1 шақырым болатын автожолдарды, ұзындығы 84 шақырым инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды – электрмен, жылумен, сумен жабдықтау, су тарту және нөсерлік кәріз жүйесі желілерін салу және реконструкциялау жұмыстары аяқталады. Тұрғын үй алаптарын дамыту бағдарламасы бойынша абаттандыру, мектептер, емханалар салу және т. б. жобалар іске асырылады.
Қазір қалада 3 млн-нан астам шаршы метр тұрғын үй салынуда. Жыл басынан бері 637 мың шаршы метрі пайдалануға берілді. Биыл 10 мың орынға шақталған 13 мемлекеттік мектептің құрылысын аяқтау, сондай-ақ 2021-2022 жылдары пайдалануға берілетін 20 мың орынға шақталған 19 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарланған. Қосымша 20 мың орынға шақталған 10 мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі бойынша салынады. Құрылыс жұмыстары биыл тамыз айында басталып, жаңа мектептер 2021 жылдың 1 қыркүйегіне дейін пайдалануға беріледі.
Отырысқа қатысушылар тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, әлеуметтік нысандар құрылысы, көлік инфрақұрылымын дамыту, магистралды, орамішілік және аулаішілік жолдардың жағдайын жақсарту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көшелерді, скверлерді және басқа да жалпы қолданыстағы орындарды жарықтандыру, коммуналдық қызметтер ұсынатын қызметтердің сапасын арттыру, сондай-ақ шет аймақтарды дамыту секілді жүйелі мәселелерді қарас­тырды.
Үкімет басшысы құрылыстардың жоспарланған көлемін қамтамасыз етуге, тұрғын үй, мектеп және басқа да әлеуметтік нысандарды пайдалануға беруге, сондай-ақ қаланың сумен жабдықтау және абаттандыру мәселелерін шешу қажеттігіне ерекше екпін түсірді. «Елорданың құрылысы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүзеге асырған тарихи жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаев алдымыз­ға елорданы дамыту жөнінде бірқатар нақты міндеттер қойды. Енді біздің басты міндетіміз – қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, оның инфрақұрылымын, сыртқы келбетін жақсарту. Елорда өмір сүру сапасының деңгейі бойынша барлық өңірге үлгі болуы тиіс» деп сөзін түйіндеді Асқар Мамин.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × three =