Елорда архитекторы

0 99

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қоры Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің идеясынан туған «Елорда архитекторы» фотожинағымен толықты.

Жинақта ерке Есілдің жағасына қоныстанған еліміздің бас қаласының алғаш кірпіші қаланған сәттен бүгінге дейінгі тыныс-тіршілігі бүкпесіз баяндалған. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан астанасының тарихын фотосуреттер арқылы сөйлеткізген бірегей альбом десек те болады.
Кітаптың алғашқы беттерінен жиырмасыншы ғасырдың соңындағы ­Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңадан бой көтеріп келе жатқан Үкімет үйінің құрылысын бақылауға алғанын аңғаруға болады. Сонымен қатар түрлі мемлекеттік маңызы бар объектілер мен бірсыпыра мәдени-ағартушылық ошақтарының лентасын қиған тарихи фотосуреттер де аз емес.
Елбасы өзінің бір сөзінде бас қаланың даму философиясын өте анық және бейнелі түрде айқындап: «Жаңа астананың салынуымен Қазақстанның жаңа дәуірі басталды. Біріншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекеттілігіміздің барлық институттары орнықты. Елордамыз бүкіл әлем таныған жаңа саяси орталыққа айналды. Мұнда жаңа кеңістік, жаңа координаттар жүйесі, жаңа уақыт пайда болды. Бұл жалпы жаңару мен жаңа тәртіптің пайда болуына серпін береді» деп айтқан.
Айта кетейік, Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратында да елорданың құрылу, даму кезеңдері айқын әрі заманауи технологиялардың көмегімен ұсынылған. «Стратег жолы» залында интерактивті форматта Елбасының көптеген эскиз-сызбасымен танысуға болады. Ал мэппинг-шоуда графикалық анимацияларға жан бітіп, Қазақстан астанасының 1998 жылдан бергі адам сенгісіз жылдамдықпен дамыған тарихи өткелдері кескінделеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × one =