Елорда әкімдігі шәкіртақы тағайындады

0 18

Биыл Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Астана медициналық университетінің» 293 резидент студентіне грант бөлген болатын. Енді қалалық әкімдік студенттерге қосымша шәкіртақы тағайындады.

Шәкіртақы алуға «Астана медициналық университетінің» 293 студенті іріктеліп алынды. Жалпы бұл іріктеуге 700-ден аса өтінім түскен болатын.
Атап айтарлық мәселенің бірі – резидентура студенттері жартылай қызметкер форматында болғаннан кейін шәкіртақысыз оқу қиынға түсіпті. Осыны ескере отырып, грант иегерлерінің бірі Жаңабай Таңатқан тиісті органдарға ресми хат жолдап, шәкіртақы тағайындауын сұраған. «Биыл резидентураға қосымша 300-ге жуық грант бөлінеді дегенді естігенде қатты қуанып кеттік. Бақытыма орай, тегін оқудың бірі маған да тиді. Бірақ бір қиындығы шәкіртақысы жоқ болатын. Студенттердің әрқайсысының әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Арамызда бір-екі баласы бар студенттер де бар. Қосымша жұмыс істеп, табыс табу мен оқуды қатар алып жүру оңай емес. Осыны ойлап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына және елорда әкімі Алтай Көлгіновке бүкіл студенттің атынан ресми хат жолдап, шәкіртақы қарастыруын өтіндім. Әрине, мұндай жауапты істе «Астана медициналық университетінің» басшылығы мені жалғыз қалдырмады. Осы хаттан кейін көп ұзамай өтінішіміз жерде қалмай, шәкіртақы тағайындалғаны туралы сүйінші хабар естідік» дейді Жаңабай Таңатқан.
Ол студенттердің әлеуметтік жағдайын ескеріп, стипендия бөлген қала әкімдігіне алғысын білдірді. Бұл істің басы-қасында қалалық Жастар саясаты басқармасы да шет қалмапты. «Қазіргідей эпидемиологиялық ахуалға байланысты экономикалық қиындықтарға қарамай, грант та, шәкіртақы да бөлген елорда әкімдігіне, сол сияқты университетіміздің басшылығына алғысымыз шексіз. Ендігі мақсат – өзім оқитын лор мамандығын жетік меңгеру» дейді университет студенті.
Жастардың тілегі назардан тыс қалмай, жүзеге асуы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асып жатқанының белгісі болса керек.
Аян Әбдуәли

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + 10 =