Елің үшін екпе салдыр!

0 17

COVID-19 індетін ауыздықтаудың бірден-бір жолы – вакцина салдыру. Әлемде вакцинация қарқынды түрде жүргізілуде. Елімізде екпе алғандардың қатары күн сайын көбейіп келеді. Десе де халық медицина мамандарына қарағанда желіде желдей ескен қауесетке сенгіш. Оған себеп – түсіндіру жұмыстарының аздығы. Сондықтан екпенің ағзаға әсері жайлы жазуды жөн көрдім.

Вакцинация ала отырып, әр адам қоғамдық денсаулықты сақтауға және нығайтуға үлкен үлесін қосады. Қоғамдық жауапкершілікті сезіне отырып, мен де «Спутник V» вакцинасын қабылдадым. Ине сұққан жер аздап ауырды. Бір-бір жарым күндей кішкене ауырсындым. Бірақ одан соң білінбей кетті. 21 күннен бастап қан құрамында коронавирусқа қарсы антиденелер пайда бола бастады. 40-50 күнге дейін антиденелердің титры жоғалады да, бір қалыпқа түседі. Осы саланың маманы ретінде айтарым, коронавирустан қорғанудың бірден-бір жолы – екпе. Одан қорқудың қажеті жоқ, керісінше, індеттен қорғану үшін қабылдау керек.
Екпе егіп, түрлі аурулардан сақтанудың тарихы тереңде. 1787 жылы шотландиялық хирург Эдвард Дженнер өз тәжірибесінде сиырға екпе жасап, оны оспа ауруынан сақтап қалған. Содан кейін адамға да сынақ жүргізіле бастады. Қауіпті дерттердің алдын алу мақсатында әлем ғалымдары бірігіп, ақыры вакцина ойлап тапты.
Вакцина адам ағзасына қалай әсер етеді? «Спутник V» – векторлы вакцина, тасымалдаушысы – вирус. Яғни аденовирусқа COVID вирусының аз ғана бөлігін жапсырады. Жасушалар ақуыз шығарады, нәтижесінде иммун реакциясы пайда болады және организм вируспен күресуді үйренеді. Негізі, аденовирус векторы организмде көбеймейді, өйткені ол – репликатив ақауы бар вектор. Бұл – организмде көбеюге мүмкіндік беретін гені жойылған вирус. Ол реакторда тек осы ген экспрессияланған арнайы жасушаларда көбейе алады. Ал біздің организмде көбеюі мүмкін емес. Сонымен қатар қалыпты ауру немесе вакцинация кезінде антиденелердің пайда болуы дәл геномды қайта құру арқылы жүреді және онда тұрған ештеңе жоқ. Айырмашылығы сол, вирус бөтен антиген жұқтырған кезде, онымен қандай да бір жолмен байланыса алатын антиденелер шығаратын жасушалар көбейе бастайды. Көптеген мутация пайда болады және антигенмен жақсырақ әрекеттесетін антиденелер жасайтын жасушалар іріктеледі. Иммун реакциясы кезінде организм жақсы антидене шығаруға үйретілгенге дейін геном үнемі өзгеріп отырады.
Америкалық вакциналар – геномдық вакциналар. Оны қолданған кезде -70 градуста ұстау қажет. Ресейдікі де тірі вирус болған соң оны бұзылып кетпеу үшін -20 градуста сақтау керек. Ал біздің вакцинаны тоңазытқышта қатты қатырмай алып жүре беруге болады. QazCovid-in вакцинасы өлі вирустан жасалады. Бұл – баяғы­дан келе жатқан технология. Мұның құрамында кәдімгі сол COVID ауруының залалсыздандырылған вирусы бар және оған иммуностимулятор қосылған. Одан бөлек, кәдімгі су мен аздаған тұз бар. Аллергиясы бар адамдар ғана дәрігердің бақылауында біраз отыру керек.
Екпе қабылдағаннан кейін де вирус жұқтырып алған жағдайлар орын алуда. Егер адамда вакцина салдырғаннан кейін бас ауру, әлсіздік, ыстық көтерілу сынды белгілер байқалып, бір тәуліктен кейін де жалғасса, демек ол адам вирусты оған дейін жұқтырған. Ал жағымсыз белгілер бір тәулікте қайтса, онда бәрі қалыпты деген сөз. Бастысы, қарсы көрсеткіші бар адамдарға екпе салдыруға болмайды. Аяғы ауыр, емізетін жастағы баласы бар әйелдер, бауыр мен бүйрек созылмалы ауруына, жүрек-қан тамыры, аутоиммунды, диабет, қатерлі ісікке шалдыққан жандарға екпе салынбайды. Вакцина қабылдап, ауырып қалдым деп, әлеуметтік желілерге жар салатын жандар осы жайттарды ескерсе екен.

Нұрсұлтан ТҰРАБАЙ,
оқытушы, магистр

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + 16 =