ЕЛІНЕ СЫЙЛЫ ЕРКЕҒАЛИ

0 106

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі «Кәусар» танымдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақ­станның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, композитор Еркеғали Рахма­диевтің қатысуымен «Өнер асқарында» атты концерт өтті. 

Лық толы зал. Ине шаншар орын жоқ. Кешігіңкіреп келіп жатқан студенттерді ұйымдастырушылар кері қайтарып жатыр. Бірақ олардың кеткісі жоқ, бір тобы осы бетімен концертті түрегеп тұрып тамашалады.

Сәлден соң залға Еркеғали ағамыз кіріп келе жатты. Я, сол Еркеғали – қылы үзілерге шақ қалған шақта, көне даланың күңіреніске толы үнін кеудесіне сыйғызып, баһадүр бабаларымыздың аманат сазын көмейінде сақтаған, түркі баласына көзінің қарашығындай, жанының жартысындай қымбат, кешегі Асан қайғы бабамның бауырында жүргенде жаналғыш Әзірейілді де жолатпайтын құдіреті болыпты-мыс деп жүретін аңыз жәдігер – қазақтың қыл қобызын алаш баласының төріне ілгізіп, орыстың қоқысына лақтырылғалы тұрған жерінен аман алып қалған Еркеғали! Ол ол ма, «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп төбемізге көтеретін екі ішекті мұңлықты да құрдымның тырнағынан құтқарып қалған осы ағамыз. Келіспейтін шығарсыз. «Сол болмаса киелі ел домбырасына талақ айтып, далаға лақтырар ма еді» деп отырған да боларсыз. Бірақ, кешегі Мәскеуден шыққан бір бұйрық бір аспап түгілі бір ұлтты жер бетінен жоқ қылып жіберіп жатқан заманда Қазақ КСР-іне «қобыз бен домбыраның көзін құртсын» деген әмір жетеді. Осы кезде өктем өкілге: «Біз орыстан үйренген ұлтпыз. Егер орыс өзінің балалайкасын отқа жақса, біз қобыз бен домбыраны да бірдеме қылармыз» деп, тапқыр тіл қатып, райынан қайтарған осы ағамыз болатын. Еркеғали Рахмадиевтің ұлты үшін араша түскен осы сөзінің өзі біз үшін қан майдандағы жекпе-жекте жау батырын жусатқан шеп бұзар шерінің ерлігінен кем емес. Кең даланың кербез ұлы күлімдеп қана қасымыздан өте беріп, сахнаға көтерілгенше біздің санамызда осы бір ойлар ұя сап үлгерген болатын.

* * *
Концертті Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, профессор Кенжеғали Мыржықбай жүргізді. Сөз басында Еркеғали ағамыздың өмірінен сыр шертетін біраз деректер келтірді: «1948 жылдың маусым айында концерттік ансамбльмен Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев, Бекен Жылысбаев және баянда ойнайтын Константин Ошлаковтар ауылға келеді. Олардың ойында Балқаш маңындағы ауылдарға өнер көрсетумен қатар, П.И. Чайковский атындағы училищеге дарынды жасөспірімдерді таңдап алу мақсаты да бар еді. Жоғары сыныптардың оқушыларын тыңдап, сынаған комиссия мүшелері олардың ішінен Еркеғалимен қоса есептегенде төртеуін таңдап алды» деп, өнер жолына қалай түскенін баяндай келе, оның алғашқы жетістіктерін де айтып өтті. «1957 жылы Еркеғали Рахмадиев өзінің дипломдық жұмысы ретінде мемлекеттік емтихан комиссиясының алдына «Қамар сұлу» операсының бірінші бөлімін ұсынды. Оның ұстазы Е.Брусиловский келешек Қазақстанның көрнекті композиторы болатындығын таныған-ды. Осы бағытта білімін дамыта түсу үшін Еркеғали Рахмадиев П.И.

Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясына бір жылдық тәрбие алуға барады. 1962 жылы Мәскеуде жас композиторлар конкурсында Еркеғали Рахмадиевтің «Балқаштағы кеш» атты хорға арналған поэмасы бірінші дәрежедегі дипломмен бағаланды».

Салтанатты кеште, концертмейстер Мәдениет қайраткері Елена Сахноның сүйемелдеуімен ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов, Сүндет Байғозин, халықаралық конкурс лауреаттары, Роза Нүркей, Бейімбет Таңарықовтың орындауында автордың ария және ән романстары орындалды.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − eight =