ЕЛІМНІҢ ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАСЫ ЕРЕКШЕ ҚАНАТ БІТІРДІ

0 89

алимжано

 

 

 

Нұрлан ӘЛІМЖАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

ЕЛІМНІҢ ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАСЫ ЕРЕКШЕ ҚАНАТ БІТІРДІ

  

Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері және «Нұр Отан­ның» «Жас тұлпар» сыйлығын алуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Елбасының кинодағы бей­несін сомдадыңыз. Осы рөлден кейін өміріңіз қаншалықты өзгерді?

Сара, зейнеткер

– Үлкен рахмет. Мен сол баяғы Нұрланмын. Ең бірінші, өнерімді бағалаған халқыма үлкен рахмет айтқым келеді. Мерейімді тасытып марапаттаған ел ағаларына мың алғыс. Қазақ елінің ыстық ықыласы, Елбасының сенімі маған ерекше қанат бітірді. Бұл құрмет үлкен жауапкершілік жүктейді.

 

– Елбасы киноны көргеннен кейін сізге не деді?

Дария, Алматы қаласы

– Киноны ерекше ынтамен тамашалады. Құшақтап, жылы лебізін білдірді. «Екеуміз ұқсаймыз ба?» деп достарына әзілдеді. Тәуелсіздік мерекесінде еңбегімді бағалап, мерейімді асырды. Көрерменнің ықыласына ерекше қуандым. Елбасымыздың еңбекқорлығы, табандылығы, досқа адалдығы, кішіпейілділігі – келер ұрпаққа үлгі-өнеге. Асыл қасиеттері, мінезі – барлығы көпшіліктің көз алдында. Екінің бірі президент болуды армандайды. Бірақ, бола алмайды. Оған үлкен ерлік, сынбайтын рух, төзімділік, мұқалмас жігер керек.

 

–  Ақынның ұлысыз. Өзіңіз өлең жазасыз ба?

Маржан, Көкшетау қаласы

– Ақынның ұлы екенім рас. Аздап шимайлайтыным бар, бірақ шала ақын болғым келмейді. Дегенмен, өлеңге жақынмын. Алла әкеме ақындық қасиет берсе, маған өлеңді түсіне, мәнерлей оқып, халыққа жеткізе білетін әртістік қабілет сыйлапты. Поэзия – менің сырласым. Жабырқаған сәтте жыр оқимын, жүрек түкпіріндегі кейбір сұрақ­тарымның жауабын содан табамын.

 

– Маған қызық болып тұрғаны, талай әртістің қолы жетпей қалған Елбасының рөліне қалай бе­кітілдіңіз?

Динара, студент

– Мен де барлық үміткерлер се­кілді арнайы сынақтан өтіп, ре­жиссердің шешімі бойынша таң­­далдым. Режиссер Рүстем Әбді­рашев бір журналдан суретімді көріп, кинобайқауға шақырған. Сы­нақтардан сүрінбей өтіп, рөлге бекітілдім. Елбасына жүз пайыз ұқсаймын дей алмаймын. Деген­мен, режиссердің айтуынша, көз­қарасымыз, қасымыз, жазық маң­дайымыз, жақ сүйектеріміз, аққұба өңіміз ұқсайды. Түсірілім Теміртау, Қарағанды қалаларында, Украина, тағы басқа шет елдерде өтті.

 

– Бойыңызда «Рөлді алып шыға алам ба?» деген қорқыныш болды ма?

Жансая, заңгер

– Қорқыныш емес, қобалжу болды. Бұл рөліме үлкен құрметпен келдім, өзімнің осы рөлге бекіті­ле­тініме іштей сенімім болды. Жас ұрпақ Елбасының жастық шақтағы бейнесін менің рөлім арқылы таныса екен деп ойладым.

 

– Сізді енді қандай кинодан көреміз?

Индира, көпбалалы ана

– Алдағы уақытта «Елбасы жолы» киноэпопеясының жал­ғасын түсіреміз. Одан кейін ре­жисcер Ақан Сатаевтың «Аға­йынды» киносынан көресіздер. Бұл фильм 120 сериядан тұрады деген жоспар бар. Қазір дайындық жұмыстары басталып кетті.

 

– Біраз әндеріңізбен елдің ықыласына бөлендіңіз. Алдағы уақытта қандай әндеріңізді ести аламыз?

Серік

– Тәуелсіздікке байланысты «Қазақ­стан» деген патриоттық ән жазып жатырмын. Ой тастайтын, ма­ғыналы әндерді жарыққа шығар­сам деген ниетім бар. Шабыттың құшағында шалқып жүрмін. Керемет дүниелер жазсам, жан дүнием жадырап сала береді. Киноға түсіп, жаңа ән­дерім жарық көріп, шығарма­шы­лықтың шыңынан көрінсем, өзімді бақытты сезінемін. Рухым көтеріліп, қанаттанамын.

 

– Елдің көз алдындағы кейіп­керді сомдау да – актерге үлкен сынақ. «Елбасы жолы» киносында Президенттің балалық шағын, студент кезіндегі қоғам­дағы әділетсіздікті дәл есте­лік­теріндегідей жеткізу қиын болған жоқ па?

Сәния,  мұғалім

– Түсірілім бойы кеңестік ке­зеңдегі шолақ белсенділердің қа­заққа жасаған зорлық-зомбы­лығы жанымды жегідей жеді. Әсіресе, фильмдегі КарЛАГ, АЛЖИР се­кілді жазалау лагерьлерінде отырған аналардың перзенттері жерленген, жел-құздың өтінде ойыншықтары шашылған балалар зиратын көріп, жүрегім жылады. Зауыт салынып жатқан құрылыс маңынан табылған, қарақұсын оқ тескен баланың бас­сүйегі төбе құйқамды шымырлатты. Әлсізді жаныштап өте шығатын әділетсіздіктерді көрген Сұлтан өмірдің жазылмаған заңдылығымен қал-қадірінше күреседі. Оны жас­тайынан түйіні қиын тіршіліктегі әділетсіздіктер қайрайды. Оқушы кезінде таңғы сағат төртте қарға омбылап, ұлыған қасқырға қарамай жаяулатып мектепке барады. Ауыр азапты білімге деген ынта-ықыласы жеңеді. Осындай өмірден алынған ақиқаттар жан дүниеңді тебірентіп, жүрегіңді шымырлатады.

 

–  Спортпен айналысасыз ба?

Бекзат

– Кішкене күнімде ұшқыш болуды армандайтынмын. Ол кезде Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшып, барлық баспасөз ол кісінің батыр­лығын насихаттап жатқан уақыт болатын. Бірақ, ұшқыш болу үшін жүректіліктен бөлек, физика мен химияны да жақсы білу керек қой. Ал, мен ол пәндерден өте нашар деген баға алатынмын. Сонда да аспанда ұшуды, парашютпен секі­руді армандадым. Спортқа деген қызығушылығым осыдан басталды. Сөйтіп, ол менің жан досыма айналды.

Еркежан СӘТІМБЕК

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × one =