Еліміздің ерекшеліктері ескерілуі тиіс

0 120

«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасына қатысты шу қоғамда өршіп тұр. Әлеуметтік желілерде қарапа­йым халық, қоғам белсенділері заңға қарсы пікір білдіріп жатыр. Осыған байланысты заң ғылымдарының кандидаты, халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері, Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының докторанты Қазыбек ­Дауталиевке бірнеше сұрақ қойған едік. Сондағы ойымыз – заңгер ғалым заң жобасының бізге түсініксіз кей жерін анықтап берер дедік.– Әзірше құжат Сенаттың сүзгісінен өткен жоқ. Бірақ кей ақындар үндеу жариялап, әйелдер митингке шықты. Сіз заңгер ретінде заң жобасы туралы не айтасыз?
– «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» заңның көтеріп отырған мәселесі өте өзекті. БҰҰ статис­тикалық мәліметіне жүгінетін болсақ, жыл сайын 3,5 млн адам отбасында болатын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Мұның 1,8 млн – әйелдер. Қылмыстардың 6-7 пайызы отбасында жасалады дейді деректер. Оның 90 пайызында зардап шегуші тарап – әйелдер. Сондықтан да бұл заңның көтеріп отырған мақсаты – қоғамның әлеуметтік әлсіз тобын, яғни әйелдер, жасөспірімдер мен қарт ата-аналарды қорғау. Бұл заң қандай да бір әрекетті не әрекетсіздікті құқық бұзушылықтың түріне жатқызып, мынау қылмыс, анау қылмыс емес деп жаңалық ашып отырған жоқ. Мұндай мақсатты қоймайды да. Зорлық-зомбылық сипатындағы құқық бұзушылықтар отандық заңнамада, айталық Қылмыстық кодексте, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте бұрыннан бар. Сондықтан бұл заң – бар болғаны тұрмыста орын алатын зорлық-зомбылықтың жолын кесуге бағытталған құқықтық механизм. Мысалы, қыз алып қашу да қылмыс, әйел баласының әлсіздігін пайдаланып адам ұрлауға жатады. Отбасылық жағдайы төмен, кедей, оқымаған, қорғану мүмкіндігі аз, іздейтін туысы жоқ жетім қыздарды алып қашу біздің қоғамда жиі кездеседі. Сонымен бірге Еуропа елдерінің статистикасына қарасақ, педофилдіктің 30 пайызы отбасы мүшелері, 40 пайызы туысқандары тарапынан орын алады екен. Бұл заң сол тұрғыдан келеді. Енді заң қай жағынан тиімсіз дегенге келсек, түсініксіз болып тұрғаны – отбасына қатысты айтылған жерлері. Біздің Конституцияның өзі отбасы мен неке институтын қорғайды. Қоғамның өзінің дәстүрлі түрде қалыптасқан құндылықтары бар, бұлар адамның құқықтары мен бостандықтарын шектемейтін болса, осындай ретте қолдануға жатады. Біздің қоғамды ұстап тұрған – отбасы институты.
– Ата-ана баласына ұрысса – психологиялық, қол көтерсе – физикалық, әлеуметтік жағдай жасай алмаса, экономикалық қысым көрсеткен болады дейміз. Яғни қоғам заң жобасын осылай түсініп, осылай қабылдап жатыр. Ондағы «жыныстық еркіндік» деген ұғымды қалай түсіндірер едіңіз?
– Бұл заңда төрт түрлі қысым көрсету түріне тоқталған. Физикалық қысым көрсету ұрып-соғу, мәжбүрлеу секілді нақтылы әрекеттерден тұрады. Экономикалық қысымға келсек, мәселен тұрғын үй қатынас­тары туралы заңнамаға сәйкес әрбір отбасы мүшесіне шаққанда 12 шаршы метрден кем емес тұрғын үй алаңы болуы тиіс деп белгіленеді. Осы талап қасақана сақталмаған жағдайда, бұл балаға қатысты экономикалық қысым болып есептеледі. Мұндай талаптың екінші ұшы бар, өз кезегінде мемлекетке де қамшы салып, азаматтардың тұрғын үйлі болуға деген қажеттіліктерін қанағаттандыруға ықпалы тиеді. Психологиялық қысым көп ретте жасөспірімдердің ар-намысын қорлау, суицидке дейін жеткізу, жыныстық бостандығына қол сұғу түрінде орын алып жатады. Бұл жерде «Синий кит» сияқты суицидке жетелейтін ойындар, чаттардан неше түрлі хат-хабар жіберіліп жататын жағдайды айтамыз.
Жыныстық еркіндік әрекет қабілеттілігі толық жасқа жеткен азаматтарға ғана беріледі. Сондықтан құқық субъектілеріне 18 жасқа толғаннан кейін барып қана жыныстық бостандық ұғымы қолданылады. Осы арада жасөспірімдерге қатысты жыныстық тиіспеушіліктің маңызы зор. Тұлғаның жыныстық жетілуі барысында ер балалардың кластас қыздарына әртүрлі бейәдеп бейнематериалдар жолдап, соған итермелеп, жеке еркіндігіне қол сұғатын жағдайлар да кездеседі. Біз заң аясында осындай келеңсіздіктердің алдын алуымыз керек.
– Сонда пайдалы жағы аз емес деп отырсыз ғой.
– Мысалы, жариялы істер бо­йынша прокурорлар ғана емес, ендігі жерде жеке тұлғалар мен үкіметтік емес ұйымдар да зорлық-зомбылық оқиғасы туралы мәлімдеме жасап, билік назарын аударта алады. Әсіресе, бұл жерде үкіметтік емес ұйымдар осы саладағы кәсіби субъекті болып табылады. Олар өз қызметін мемлекеттік тапсырыс негізінде атқарады. Мемлекет бұл заңның саясатын іске асыру үшін арнайы қаржыландыру керек. Бізге заңды тиімді жағынан пайдалануға болады, мысалы қарт ата-аналарды бақпай тастап кетіп жатқан қаншама қазақтар бар. Конс­титуцияда еңбекке жарамсыз ата-анасын бағуға міндетті екендігі айтылған. Заң сондай адамдарды жауапқа тартуға ықпал етеді, мәселе оны соттап жіберуде емес, керісінше, ата-анасына қарауына себепші болу, осындай жағдайларды түзеп алуға болады.
– Қоғам белсенділері: «Заң жобасының 5-бап 11-тармақшасында «Адамның құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ықпал ететін әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді болғызбау» деген сөз бар» дей келіп, егер құжат қабылданса, ер балаларды сүндетке отырғызу рәсіміне тыйым салынуы мүмкін, себебі бұл рәсім отбасылық зорлық деп танылуы ғажап емес» деген болжам жасап отыр. Бұл болжам қаншалықты қисынды?
– Сүндеттеу физикалық қысым көрсету делінеді, бірақ адамның діни бостандығы, ата-аналардың баланы тәрбиелеу хақысы бар. 2018 жылы Ирландия мемлекеті ұл баланы сүндеттеуге қарсы заң жобасын әзірледі. Ол заң бойынша 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген еді, бірақ мұсылман қауым, иудаизм дінін ұстанатын еврейлер арызданып, бұл заңның күшін жойдыртты. Германияда да белгілі бір деңгейде миграциялық көшу салдарынан араб халықтары келіп, олардың сүндеттеу тәсіліне заңмен тыйым саламыз дегенмен ол да тоқтады, сүндеттеуге рұқсат бар. Бұл, біріншіден, медициналық жағдайда орындалуы керек. Екіншіден, рәсімді жасағанда баланың психологиялық дамуына, тұлға ретіндегі келеңсіз салдарға ұрынбайтынына көз жеткізу керек. Өркениетті талапқа сәйкес болу керек. Заң әдет-ғұрыптарға тыйым салады дегенді каннибализмге қолдануға болар еді, мысалы кей елдерде қыз баланы сүндеттеу бар, ол ешқандай ақталмайды. Ал енді ер баланы сүндеттеу – бірінші кезекте оның гендерлік иденттілігін анықтауға бағытталған дәстүр. Сондай-ақ ата-ананың баласын тәрбиелеу құқығынан, қоғамның діни бостандығынан да туындайды.
– Егер заң қабылданып кетсе, жағымсыз салдары қандай болуы мүмкін?
– Баланың отбасында өмір сүруге құқығы бар. Конституцияда отбасы мен неке, әке мен ана және балалар мемлекеттің қорғауында болады делінген. Отбасы мен неке институты – адамзат қауымының ең фундаменталды құндылықтары. Фундаменталды дегеніміз – одан әрі ештеңе жоқ, адамзат қоғамының аяқ тірер тұсы дегенді білдіреді. Африканы зерттеуші белгілі француз антропологы Роллан Нурбердің: «барлық дәстүрлі қоғамдарда тұңғыш бала өмірге келген сәттен бастап неке институты заңдық тұрғыдан толық және жарамды деп танылады» деген сөзі бар. Өйткені некедегі маңызды шарт – бұл ұрпақ әкелуге қабілеттілігі. Осы күнге дейінгі адамзат өркениетін де ұстап тұрған – осы отбасы құндылығы. Келешекте бала сүйгенді қаламайтын чайлдфри сияқты, «жыныстық бостандығым бар, оған қол сұғуға болмайды» деп бала туудан қашатын да жағдайлар орын алуы мүмкін. Мұндай ұстаным И.Кант этикасы тұрғысынан алып қарасақ та ақталмайтындығын көреміз («Сенің ұстанымың баршаға ортақ заң болатындай әрекет жаса»).
– Сонымен, қорыта келгенде не түйеміз? Бұл заңды қабылдауға біз дайын емеспіз бе, әлде заң жобасы шикі ме?
– Отбасы институты жабық институт болудан қалып бара жатқандығын көрсетеді. Отбасының дәстүрлі түрі бар және индустриалды заманға сәйкес нуклеарлы отбасы деген түрі бар. Әлем постиндустриалды қоғамға өтіп бара жатқанына қарамастан, біздегі отбасы ұғымы индустриал­ды қоғамға дейінгі қалыбын әлі сақтап отыр. Бұл артта қалушылық дегенді де білдірмейді. Сондай-ақ адамның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің алдында басымдыққа ие болғанмен (ҚР Конст. 1-б., 1-т.), оның қоғам алдында да артықшылығы барын көрсетпесе керек. Міне, заңды әзірлеушілер осындай фундаменталды ерекшеліктерді ескерместен, оларды сауатты ғылыми талқыға салмастан, батыста қалай бар, солай алып, қабылдап жібермекші болды. Заң жобасындағы принциптердің орындары қайта қаралуы тиіс. Теориялық негізі анықталған, қазақстандық ерекшелік ескерілген қисынды көріп тұрғаным жоқ.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − seventeen =